Биыл Жайық өзеніндегі су тасқынының қаупі жоғары. Синоптиктер өзен бастау алатын Ресей аумағында қар мөлшері мен топырақ ылғалдылығы жылдағыдан 50 пайызға дейін артқанын айтып отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Өмірзақ Сағынбектің мәліметінше, су тасқынынан қауіпті деген аймақта бір қала, 16 елді мекен, 7800 үй мен 15 мыңнан астам тұрғын бар. Құрманғазы ауданындағы ауылдарды су тасқынынан қорғау үшін 63 шақырым бөгет құрылысының жобалық құжаттары әзірленуде. Махамбет ауданындағы Алға ауылында екі шақырым бөгеттің қорғаныс жұмыстары сәуір айында басталады.
– Облыс орталығы мен аудандардың төтенше жағдайға арналған қаражат қоры 1 млрд 349 млн теңге. Шұғыл шығындарға арналған қорда 203 млн теңге бар. Бірақ Мақат ауданында аталған екі қорға да қаржы қарастырылмаған. Индер, Құрманғазы аудандарында шұғыл шараларға қосымша ақша бөлінбей отыр, – дейді департамент басшысы. – Бұл өз кезегінде аталған аудандардың төтенше жағдайға дайын еместігін көрсетеді.
Атырау қаласындағы 13 бөлімшеде қар суын кәріз жүйесі арқылы далаға жіберу жұмыстары қолданысқа енгізілмек. Қала әкімі Серік Шәпкенов 78 бөгеттің 27-сінде ғана құжат барын айтады. Елеусіз жатқан бөгеттердің топырағын тұрғындар ұрлаған деректер де тіркелген. Облыс орталығы маңындағы Геолог кентінде соңғы жылдары жер асты суы төмендемей отыр. Бұрын үш метр тереңдіктен шығатын су қазір елу сантиметрден-ақ анық көрінеді.
Шалғайдағы Қызылқоға ауданында елді мекендердің жолы жабылып жатқаны да алаңдатарлық жайт. Облыстық маңызы бар жолдарға техника жіберіліп, аршылыпты. «Ал ауданның теңгеріміндегі ауыл-
дарда 220 шақырым жол бар. Оларды тазалап тұруға қаржы қаралған жоқ», – дейді аудан әкімі Мақсот Мұқанов.
Ықтимал қауіптің алдын алуға бағытталған төтенше жағдай комиссиясының отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кез келген уақытта кез келген жағдайға дайын болу керектігін қаперге салды. Өткен жылы Атырау қаласында 1 мың, аудандарда 500 үй суға кеткен еді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы