Кеше Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХХІІІ сессиясы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин қатысты.
Сессияны ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов күн тәртібіне ұсынылған мәселені хабарлай келіп, сөзді А.Мусинге берді. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың солтүстікқазақстандық халық қалаулыларына жолдаған хатын оқып берді. Онда Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне Серік Сұлтанғазыұлы Біләловтің кандидатурасы ұсынылғаны, оның атқарушы билік органдары және ауыл шаруашылығы салаларында жинақтаған мол тәжірибесі айтылып, депутаттардың келісімі сұралған. Депутаттар Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Бұдан кейін А.Мусин актив жиынында Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған жаңа әкімді таныстырды. Оның әкім болған жылдары көп жұмыстар тындырылғанын, Елбасы тапсырмаларын ойдағыдай орындағанын атап өтті. С.Біләлов өз сөзінде Президент сеніміне алғысын айта келіп, белгіленген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін жұмылдыратынын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Петропавл.