Астанада биылғы жылғы жол-құрылыс жұмыстарының маусымы басталды. Онда негізгі екпін қаланың тарихи бөлігі мен онымен біріккен тұрғын алабындағы автомобиль жолының инфрақұрылымын жетілдіруге түсірілген. Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінің мәліметтерінше, мәселен, 23,7 шақырым жол салынып, 10 шақырымына жөндеу, 18,5 шақырым жолға қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, қаламен біріккен елді-мекендерде 55,7 шақырым жол салынуы тиіс болса, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жаңа 11 тұрғын алабында жалпы ұзындығы 140,88 шақырым болатын жол желісін салу жобасын дайындауға кірісіп кеткен. Құрылыс қаржы бөлінгеннен кейін жүзеге асырылмақ.
Жөндеу жұмыстары 9 сәуірде қаланың тарихи бөлігіндегі екі маңызды көше – Жеңіс даңғылы мен Иманов көшесінен бастау алды. 2001 жылы Жеңіс даңғылына күрделі жөндеу жүргізілген болатын, алайда, көптеген апатты жағдайларға байланысты жол төсемі бірнеше мәрте ашылған. Бұл өз кезегінде, бүгінгі күйіне кері әсерін тигізді. Осыны ескере отырып, автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізумен қатар, оның астында орналасқан коммуникациялар – апаттық жағдайда орналасқан жылу жүйесі, су құбыры мен кәрізді кешенді ауыстыру жөнінде шешім қабылданған. Бұл нысандардың көпшілігі 70-жылдардың ортасында салынған. Алайда, олардың кейбір бөлшектері, мәселен, кәріз желісінің бір бөлігі 40-жылдары ағаштан жасалған. Жалпы алғанда соңғы үш жыл ішінде инженерлік желілердің ескіруі нәтижесінде 35 ірі апат орын алған және олардың салдарын жою мақсатында жол төсемін қазу жұмыстары жүргізілген.
Жеңіс даңғылы мен Иманов көшесін қайта жөндеу жобасына сәйкес жаңа инженерлік желілер салу, ескі инженерлік желілерді ауыстыру және қайта салу, көлік қозғалатын жол бөлігін кеңейту, қосымша автотұрақ орындарын, жаяу жүргіншіге арналған жолдар салу, жаңа бағдаршам, жылдамдық өлшеуіштер, жол белгілері және жол қозғалысын реттейтін басқа да техникалық құрылғыларды орнату қарастырылған.
Аталған жобаны жүзеге асыруда су жүйесін уақытша ағыту, сондай-ақ, аталған магистралдар бойынша қоғамдық көлік қозғалысы кестесіне өзгерістің енгізіліп, жолдарға шектеу қоюға байланысты тұрғындарға бірқатар қолайсыздық туғызары белгілі. Осыған байланысты Астана қаласының жол полициясы басқармасы автокөліктерге айналма жолмен жүруді алдын-ала жоспарлап, жолдарды айналып өтудің белгіленген сызбаларын пайдалануға кеңес береді.
Қайта жөндеу жұмыстары кезінде автокөлік жүргізушілерін ескерту мақсатында Жеңіс даңғылы мен Иманов көшесіндегі үйлердің кіреберістерінде ескерту және тыйым салатын жол белгілері ілінбек.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.