БИЫЛ МҰНДА 3 МЛРД. ТЕКШЕ МЕТР СУ ЖИНАП АЛУҒА БОЛАДЫ
Кешеге дейін Шардара су қоймасы көктем сайын елді дүрліктіріп келді. Алып қазан Шардараның ернеуіне дейін су толғанда етектегі елдің ұйқысы қашады. Көз ілмейтіндей бар. Құдай бетін әрі қылсын. Тасқын су бір көз тауып алса сонау биіктен жиырма-отыз метр болып құлайды. Жолда отырған Оңтүстіктің төрт ауданы мен Қызылорда облысының күйін көз алдыңызға елестете беріңіз.
Оңтүстіктің өзінде мұндай мол су қоры жоқ. Шардараға Қырғызстанның тауларынан жиналып, Тоқтағұл ГЭС-і тұсында байланған нөпір су қыс-көктемде ырғын келеді. Ақ ордасын атпен шауып алып жаман үйреніп қалған қырғыз ағайынның мұндайда ашуы қатты.
“Ау, абайла, суды аз жібер” десең бәлеге қаласың. Ақшамыз жоқ, орнын төлеңдер деп төбеңде ойнайды. Мұндайда “қырғыз-қазақ бір туған”деген баталы сөз де адыра қалады. Жириновский сияқты түкірігіне малшынып сөйлейтіндер қырғыз парламентінде де бар. Сондайлар “қазақтарға қауіп екен деп электр энергиясын сатпай отыра аламыз ба, әйда ағытыңдар” деп күпінеді.
Шардараға су меймілдеп тола бастағанда біздің Үкіметтен дегбір кетеді. Арнасай арқылы артық су ал деп Өзбекстанға күні түседі. “Аталарымыз қазақпен бірге жүрсең адаспайсың” деген деп мәтелдеткенді жақсы көретін ала топылы ағайынның да уәжі бар. “Артық ала алмаймын. Қышлақтарымыз суға харап болады”. Сөйтіп жүріп Шардараға сыймаған су есебінен көршімізге 35 млрд. текше метр болатын су босатқанымызды мамандар күйзеле айтады.
Олар екі үлкен көлтоған жасап алған. Балық өсіреді, аулап қырғын пайда табады. Шаруашылықтары суды қалауынша пайдаланады. Су алғың деп жалынған қазақтардың қалтасына түсуді де ұмытпайды.
Көктемде Сырдың суы табанына сыймай жан-жаққа ақтарылғанда дария жағасындағы ауылдарды көшіріп, Қызылорда қаласының төңірегін таспен шегендеп жататын мемлекетіміз жыл сайын миллиардтаған қаржыны құмға сіңген судай шашып келеді. Суымды тоқтатпаймын деген айыр қалпақ ағайынмен, суыңды алмаймын деген ала топылы ағайынға төлегенін былай қойғанда.
Көксарай су қоймасын салу керек деген сөздің шыққанына оншақты жыл болып қалған. Көршілердің кергігені аз болғандай енді өз ғалымдарымыз тәжікеге түскен. Бірі керек дейді, бірі керегі жоқ дейді. Көл түсетін жерге таласады. Халықтың да құлағын көтеріп қойған.
Дауға нүктені Елбасы қойды. Тәжікелесуге уақыт тапшы еді. Осылайша, су қоймасы емес Көксарай су реттегішінің алып құрылысы басталды. Шардара су қоймасы, Сырдария Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облыстары үшін негізгі су көзі. Арал теңізін экологиялық апаттан құтқарып қалар амалдың ең үлкені.
Су реттегіштің құрылысы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты “Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесі басшылығымен қолға алынды. “Қазселденқорғау” мекемесі атақты “Медеу”, “Үлкен Алматы”, Қарғалы, Сарқант, Есік, Қаскелең, Д.А.Қонаев атындағы үлкен Алматы каналы сияқты гидротехникалық тоспаларын салған, инженерлік-қорғаныс құрылысында орасан тәжірибесі бар мемлекеттік мекеме.
Толық іске қосылғанда 3 млрд. текше метр су жинай алатын су реттегіш 44,7 шақырым аумақты алып жатыр. Бас су торабы, су реттегіш бөгеттер тұрғызылды. Сырдан ұзақтығы 16 шақырым канал арқылы секөнтіне 500 текше метр су қабылдай алады. Су реттегіштен қажет жағдайда Сыр арқылы Аралға жіберілетін су мөлшері де секөнтіне 500 текше метрден асады. Шөгірлі және Арыс-Шәуілдір аспалы көпірі салынды.
Көксарай су реттегішінің жалпы құны 48390,631 млн. теңге болды. Алғашқы 2008-2010 жылдар аралығында су реттегішке 39 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, 2011 жылдың аяғына дейін 8610,6 млн. теңгенің жұмысы жүргізіледі. Барлық бөлінген қаржы өндірістік жұмыс кестесіне орай жұмсалынған.
Көксарай су реттегіші оңай салынған жоқ. “Қазселденқорғау” мекемесінің басшысы Тоқтарбек Баймолдаевты үнемі жұмыс басынан көруге болар еді. Уақыт қысқа. Күздің суық желі бет қаратпай, қар араласа ұшқындап тұрғанда да мұнда күндіз-түні жұмыс тоқтаған жоқ.
Жұмыстың ауқымдылығы, тығыздығы сондай, жобалау-сметалық құжаттарға уақыт өлтірмей, осында дайындалғанын мекеме басшысы айтады. Көксарай ғасырлық құрылыс, мемлекеттік маңызды іс, суға тәуелділіктен құтқаратын елдік шара болғандықтан кешеуілдетуге болмайтын еді.
“Қазселденқорғау” ММ ОҚО филиалының бастығы Құттыбай Байтілеу “қазір ғой арқамызды сәл кеңге салып жүргеніміз. Тоқтарбек Асқарұлы талапшыл адам. Учаске басшыларының жасалып жатқан жұмыстарға есебін тыңдап алады да, мені ертіп күніне 10-12 шақырым құрылыс жұмыстарын барлап қайтамыз. Ешкімге артық сөз шығындамайды. Бірақ, планеркада кемшіліктерді айтып, басшылардың апшысын қуырып жіберді. Жұмыстардың сапалы орындалуына үлкен мән берді. Өзін осы саланың нағыз маманымыз, білмейтініміз жердің астында дейтін басшылардың өзі Баймолдаев айтқан кемшіліктерді мойындап, тез арада жөндеуге уәде беретін. Бетің бар, жүзің бар демей тура айтатындығы, іскерлігі, жұмысты ұйымдастыра білетіндігі су реттегіштің Мемлекет басшысына уәде еткен мерзімде аяқталуына жеткізді”, дейді ол.
Мұны әріптестердің мақтаны емес, тығырықтан алып шығар қайратына сүйсінгендік, мемлекеттік істің аяғына жеткізілуіне қуанғандық деп ұғуға болар.
Журналистік сапармен Көксарай су реттегішіне барғанда белгіленген уақытта аяқтай алмайды-ау деген сенімсіздік өз көңілімізде болғанын жасырмаймыз. Құрылыстың бас мердігері ҚР ТЖМ “Селденқорғау құрылыс” қазыналық кәсіпорны болған. Бұдан бөлек ірі құрылыс-монтаж компаниялары, атап айтқанда, “Базис” корпорациясы, АҚСУ” АҚ, “Спецзащита” ЖШС, “Стройинвест” ЖШС секілді мекемелер тартылды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі техникаларды жұмылдыру мен жұмысшылар тарту, жер жағдайына байланысты туындаған қиындықтарды шешіп беруге септесті. Даулы мәселелер ретке келтірілді.
Мемлекеттің назарында болған стратегиялық құрылысқа Мемлекет басшысы арнайы келді. Одан бөлек Премьер-Министр К.Мәсімов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Парламент депутаты Қ.Айтаханов сияқты тұлғалар келіп жұмыс барысымен танысты, күрмеулі мәселелердің уақытында шешілуіне ұйытқы болды. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен Су ресурстары комитетінің бірлескен іс-әрекетімен Сырдариядағы су нөпірінен төнген қауіптің беті қайтарылды. 2009 жылы 6 желтоқсанда Сырдарияның ағысын бөгеп, жаңа канал арқылы бас су торабына жіберілді. Осылайша Сырдың суын бақылауға алу мүмкіндігі туды. Бұл гидротехникалық құрылыстың дәуірлеу кезеңі болып саналады.
2010 жылы Елбасының тапсырмасымен су реттегіштің бірінші кезеңі аяқталып, алғашқы 1 млрд. текше метр су қабылдануға тиіс болатын. Сол жылы Шардара су қоймасына Қырғызстаннан мол су келді. “Жығылғанға жұдырық” болып, Сырдың төменгі жағында сіре-сіре мұз қатты. Су арнасы тарылды. Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысының дарияға жақын елді мекендерін қарғын су алу қаупі төнді.
– Біз осындай қиын кезеңде Елбасымыздың өте батыл шешім қабылдағанының куәсі болдық, – дейді Тоқтарбек Асқарұлы. – Көксарай су реттегіші 2010 жылдың 10 ақпанында 1 млрд. текше метр су қабылдап алып, Сырдария бассейніндегі қалыптасқан ауыр жағдайды жеңілдетуге себепші болды. Қауіп сейіліп, мұз ерігеннен кейін су босатқыш арқылы Аралға жіберілді.
Ал, 2010 жылдың 18 наурызында Елбасының қатысуымен Көксарай су реттегіші стратегиялық маңызды нысан ретінде эксплуатациядан өтіп, іске қосылды. Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты кеште осы құрылысты қысқа мерзімде сапалы орындап шыққан барша құрылысшыларға алғыс айтты.
“Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесінің бастығы Тоқтарбек Баймолдаев 2011 жылы су реттегішке байланысты барлық жұмыстардың аяғына жететіндігін баяндаған.
“Көксарай су реттегішінің” іске қосылуы қандай мүмкіндіктерге жол ашты, соған сараптама жүргізіп көрейік.
Біріншіден, Сыр бойында отырған Оңтүстік Қазақстан облысының – 18, Қызылорда облысының 51 елді мекенін жыл сайынғы қарғын судан құтқарды. Ал, бұл ауылдарда 400 мыңдай халық тұрады.
Екіншіден, су реттегіште 3 млрд. текше метр су жинай алу мүмкіндігімен республикамыздың суға тәуелділігін ретке келтірді.
Үшіншіден, бұрынғы арнасынан 150 шақырымға дейін алыстаған Аралға су бара бастады. Кіші Аралдағы су қоры 27 млрд. текше метрге дейін жетті. Экологиялық ахуал түзеле бастады.
Төртіншіден, судың сыртқа кетуіне тосқауыл қойылды. Анықтама үшін айтайық, 1995-2008 жылдар аралығында Арнасай арқылы көршімізге 35 млрд. текше метрден астам су бердік.
Бесіншіден, Шардара ГЭС-і қыс мезгілдерінде электр энергиясын алуды 20-25 пайызға үдетті.
Айта берсек, су реттегіштен халыққа пайда көп. Қыс, көктемде энергетикалық режімге көшкен Тоқтағұл ГЭС-і су қасқалдақтың қанындай қат жаз кездерінде тас болып безеріп қалады. Көз жасыңды көл қылсаң да артық суы жоқ. Ал, Көксарай су реттегіші жинаған суын жаз бойы Аралға ұзатады. Судан босаған аймақ масатыдай жайнайды, нар қамыстар бойын көтереді. Шөл даламен бірге құрып кеткендей көрінетін құстар да осында, ұсақ жыртқыш аңдар да осында. Талай аңшылар мылтығын қандап, қансонарға шыққандай желігіп жүр. Балық мол. Жайылым жетеді.
Жақында Шардараға бардық. Бұл уақыттарда үрейі жүзінде тұратын етектегі жұрт уайымсыз. Теңіз күркіресе қорықпайды. Артық суды Көксарай су реттегіші су келтіретін каналы арқылы бас торапқа жинап алуда. Ол – ел ырыздығы, Аралдың тамырына қан жүгіріп, балықшылардың қайығына қайта мінуі. Сыр күрішінің дәурені. Адамдардың бақыты...
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.