...ӨНІМ ТҮРІН ШЫҒАРА БАСТАДЫ
Қостанай қаласындағы «Алпамыс» аяқ киім фабрикасы көп жылдардан кейін балалардың аяқ киімін қайтадан шығара бастады. Бұл кәсіпорын үшін жаңа өнім түрі болып саналады. Өйткені, осы уақытқа дейін фабрика тендер бойынша ұтып алған қаржыға Қарулы Күштер мен әлеуметтік орган саласы қызметкерлері үшін қысқы және жазғы аяқ киім түрлерін тігетін.
Балаларға аяқ киім тігу ісі ресейлік сауда орындарының сұранысы бойынша қолға алынды. Қазір мұнда бүлдіршіндерге арналған аяқ киімнің 6 түрі дайын тұр. Олардың барлығы да таза теріден тігілген. Мамандардың айтуынша, егер сұраныс болса, кәсіпорын өнім көлемін ұлғайтуға және түрін көбейтуге дайын.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.
* * *
...КӨЛІКТЕРГЕ ИЕ БОЛДЫ
Петропавл қаласының «Достық» алаңында өткен салтанатты шара қоршаған орта мен жан-жануарлар әлемін көздің қарашығындай қорғап жүрген орманшыларды ұлықтауға арналды.
Оған облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, су жаңа өрт сөндіру техникаларын табыс етті. Осы мақсат үшін жергілікті қазынадан 80 миллион теңге қарастырылып, 7 «УАЗ-33» автокөлігі, 17 «МТЗ» тракторы және 1 өрт сөндіру мәшинесі сатып алынды. Олар 12 орман шаруашылығы мен «Красный бор» мемлекеттік кәсіпорнына берілді. Орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту алда да жалғаса беретіні айтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.
* * *
...БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ
Ақтөбе қаласындағы Жағалау көшесінде пайдалануға берілген 140 орындық «Балақай» балабақшасы бүлдіршіндердің игілігіне айналды. Жаңа үлгідегі заманауи мектепке дейінгі балалар мекемесін салуға 220 миллион теңге жұмсалған. Жеке серіктестік күшімен салынған балабақша екі қабатты. Бірінші қабатта асхана, кір жуатын орын, медициналық және топтық бөлмелер орналасқан. Екінші қабатта домбыра, баян, фортепияно үйірмелеріне арнайы бөлмелер бөлінген.
Мұнда сондай-ақ бүлдіршіндер «Палитра» бағдарламасына сәйкес бейнелеу өнерінен сабақ алады. Биыл облыс орталығындағы «Оңтүстік-Батыс» және «Жаңақоныс» шағын аудандарында да осындай сәулетті балабақшалар бой көтеретін болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.