• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2011

Отырар өркениетіне үлес

709 рет
көрсетілді

Арыстанбаб кесенесінің жанынан 17 гектар жерді қамтыған туристік кешен пайдалануға беріледі Сонау бір жылдары Үрімші­дегі қазақ газетінің шақыруымен Қытайға жолымыз түсті. Обалы не, аяғымызды жерге тигізген жоқ. Оншақты күнде төрт мың шақырымнан астам жол жүрдік, тарихи орындардың барлығын көруге мүмкіндік туды. Шығыс Түркістанды игеруге қытайлықтардың ерекше екпінмен кіріскендігі бай­қалады. Өндірістен бөлек, халықаралық туризмді өр­кен­детуге білек сыбанып кірісіп жатыр. Біздің Хан Тәңірінің Қытайға қараған бетінде туристік кешені бар екен. Табиғаттың өзі тау-таумен қалқалап, тос­таған жа­са­ған шатқа­лын­да көз­дің жа­сындай мөлтіл­деп Күнес айдыны жатыр жарқырап. Тусырылған жер. Таңертең шыбық қадасаң кешғұрым тамыр байлай­тын­дығына шек жоқ. Қы­тай­лар үш шақырымға дейін машина кіргізбейді екен. Болашақ­та электр қуа­тымен жү­ретін автомобильдерімен туристерді та­сымалдамақ. Тынығуға, табиғаттың та­машасынан ләззат алуға келген адам көп. Сеңдей соғысады. Бірақ, тәртіп бұзып, дау­дырап жүрген біреуі жоқ. Кәусар ауадан көкірегіңіз азса пароходпен ай­дында серуендейсіз. Мұнда да Ай-Петридей сиқырлы шыңдар көп. Тұрфанға бардық. Жүзім қа­ла­ны көрдік. Кей уақыттары мұн­дағы ыстық елу градусқа жетеді дейді. Реставрация жасалған ескі қаланың орнына апарды. Тағы да теңіздей толқыған туристер жү­р­гіз­бейді. Ысқаяқ ағылшын­дар­дың таяққа сүйенген қарттары да қыбырлай аяңдап, өлі қаланың орнын тамашалап жүр. Қу медиен дала. Шөл. Күннің ыстықтығы табаға салып қуырардай. Аспаннан тамшы тамбайды. Бірақ, тамашалап жүрген туристер көп. Ыстықтан түріңіз түтігіңкіреп төменге түсесіз. Жол бастау­шы­лар жер асты кәріз жолына түсі­ре­ді. Аяқ астыңызда бұрқырап жатқан бұлақтар шаршағаны­ңыз­ды ұмыттырады. Алдыңызда сабат жер күтіп тұрғанын аңғарып, аяғыңыз аяғыңызға жұқпайды. Көргеніміз көп. Құм суырған “Шайтан қала”, бір қылтанақ өс­кі­ні жоқ күйген тау, саяхат­шылар тәу ететін қасиетті орындар... Сосын ойлайсың ғой. Осын­дай жерлер бізде жоқ па деп. Испания, Италия, Грекия сияқты елдер талай табысын туризмнің арқа­сында-ақ тауып отыр. Алыс­қа бармай-ақ көрші Өзбек­стан­ның өзі Самарқан сияқты тарихи қа­лаларымен туристерді магниттей тартады. Бізде де көп екен. Бір Оңтүс­тік­тің өзінде ғана. Күн сүйген Кү­нестің табиғаты жартастан құ­лап аққан сарқырама­лары бар, тастары кітаптай текшеленген Ақсу-Жабағылыдан аса алмас. Тұрфандағы ескі қала кереметін Отырар қал­а­сының орны ауыстыра алар. Деп ойлаймыз ғой. Азиядағы бүкіл мұсылман тәу ететін Баптардың бабы Арыс­танбаб пен Құл Қожа Ахмет Ясауидің өзі неге тұрады. Неге екенін қайдам, Қазақ­стан туризмінің бағын ашатын осы бағыттар әлі күнге дейін ауа­дағы әңгіме күйінде қалып келеді. Бірде көрнекті жазушы Дулат Исабековтің “Мен ес білгеннен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жыл сайын жөндеу көріп келеді. Не қылған бітпейтін жөндеу жұмыс­тары екенін білмеймін” дегені бар-ды. Жетпіске келген Дулат көке­міздің бала кезінде көрген сол жөндеуі әлі жалғасып келеді. Қай ұрпақтың тұсында бітері белгісіз. Түркістан мен Отырарды ірі туристік қалаларға айналдырудың мемлекеттік бағдарламасы баста­лып-ақ кетіп еді, қаржы дағдары­сына байланысты тоқтаңқырап қалды. Алайда, Елбасымыз мақұлда­ған, мемлекет келешегі үшін керек бағдарлама тоқтамау керек еді. Мемлекет басшысының ниетін қолдап, әулиелі орынның екінші тынысын ашуға өз отандас­тары­мыздың арасынан аяулы азамат­тары­мыздың суырылып шық­қан­дығы қуантады. Солардың бірегейі – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Құлыбаев. Кезінде Қазақ­стан Бокс федерациясының президенті болғанда талай саңлақ­тар­дың ірі жарыстарда маңдайы жарқырап мәреге бірінші келуіне жағдай туғызған Асқар Алтын­бек­ұлы мемлекетіміздің 20 жыл­дығына үлкен сый жасап жатыр. Қасиетті Арыстанбаб кесене­сі­нің жанынан, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне барар қасқа жол бойында 17 гектар жерді алып жатқан аумақта өз қаржысына туристік кешен тұрғызды. Алып мешіттің саф алтындай күмбезі күн шыққаннан жарқы­рап, зияратшылардың назарын еріксіз өзіне тартады. Мешіттің осы жерде салынуының өз мәні бар. «Қазақтың кең байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен», дейді Елбасымыз. Сондай жерлердің қатарына көне Отырар мен киелі Арыстанбабты жатқы­зу­ға болады. Бұл қасиетті орын­дар Орталық Азия мен Қазақ­стан­ның саяси-экономикалық және мәдени дамуына үлкен үлес қо­сып, ежелден егіншілік пен мал шаруашылығы, қала мен дала мәдениетінің ошағы болған, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр саға­сын қамтитын Отырар алқа­бын­да орналасқан бұл өңірдің орталығы – ежелгі Отырар немесе Фараб қаласы болғаны белгілі. Бұл өлкенің өз қойнауында ғажайып өркениеттер құпиясын қойнына басып жатқаны баршаға мәлім. Отырар алқабындағы ал­ғаш­қы қазба жұмыстары өткен ғасырдың басында жүргізіліп, 1969 жылдан бері ол зертт­еу­шілердің басты нысанына айнал­ды. Нәтижесінде бұл өлке «Оты­рар мәдениеті» деген атпен ЮНЕСКО-ның құзырындағы әлем­дік архео­ло­­гиялық картаға еніп үлгерді. Ұстаздардың ұстазы Арыстан- баб – XІ ғасырда өмір сүріп, Қазақстан мен Орталық Азия ау­мағында ислам дінінің таралуына ықпал еткен, исла­мның сопылық бағытының негізін салушы­лар­дың бірі және Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Иасы (Түркістан), Сайрам, Отырар өңірлеріндегі со­п­ы­лардың рухани ұстазы болған белгілі тарихи тұлға. Арыстан бабтың өмірі Қазақстан аума­ғын­да өмір сүрген түркі тілдес тайпалар арасында ислам дінінің таралу, жайылу кезеңімен сәйкес келеді. Оның бабтардың бабы деген мәртебесіне қарап, исламның таралуында ерекше рөл атқарған­дығын аңғару қиын емес. Кеңес өкіметінің дін дегенде қылышынан қан тамған саяса­тын­да Арыстанбаб кесенесі жар­ты­лай қираса да оңтүстік өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстанның, қала берді Орталық Азия респуб­ли­каларының халқы тарапынан ең асыл, қасиетті рухани орын бо­лып, жұрт кейде жасырын, кейде ашық зиярат етуін жалғастыра берді. Кеңестік тоталитарлық жү­йе­нің күйреп, бабалар аңсаған азаттықтың келуі, қазақ халқы­ның діни-рухани мұрасының қай­нар көзі Арыстанбабтың жаңаша түрленуіне мол мүмкіндіктер ашты. Қазір мемлекет тарапынан тарихи және мәдени ескерткіштерді туризмді да­мыту ісіне бел­сенді пайдалану мақсатында мұражай кешендерінің жүйесін өркен­дету­ге көңіл бөлініп жатыр. Архео­ло­гиялық және көне сәулет ескерткіштерін қазақстандық жә­не халықаралық туристік мар­шрут жүйесіне енгізу жұмысы қолға алынды. Айша Бибі, Есімхан кесенелері, Үшарал, Аққойлы медіресе-мешіттері сияқты 40-қа жуық қайта жаңғыртылған ес­керт­кіштердің ішінде Арыстанбаб кесенесі де бар. Атап айтқымыз келгені, Елба­сы­ның төңірегіндегі оның ға­жайып бастамаларын жедел қол­дап, жүзеге асыратын, сенімді се­рік­терінің арқасында әлемге та­ны­мал «Арыстанбаб» мавзолейі жанында жаңа архитектуралық кешеннің құрылысы қолға алын­ғаны. Оның қайта жаңғыруында белгілі мемлекет және қоғам қай­раткері, инженер-ғалым, меценат Асқар Құлыбаевтың атқарған ең­бегі зор. Ұлы ұстаздың, қасиетті тұлғаның қадір-қасиетін құрмет­теу мен әспеттеудің озық үлгісіне күллі елді куә етіп отырған бұл бастама әлемдегі мұсылман қауы­мын риза етіп, сауапқа кенелгені сөзсіз. Қазіргі таңда 17 гектар ау­мақ­ты алатын және бірнеше ны­сандардан тұратын туристік кешен пайдалануға берілуге жақын қалды. Мұнда мұражай, кітапхана, 1000 адамға арналып ашылған мешіт, қажылық орталық, туристерге арналған 54 орындық үш жұ­лдызды қонақ үйі, имамдар да­йындайтын сыныптар, құлшылық ететін зал бар. Сонымен қатар, дәрет алу үшін арнайы бөлмелер, сәулет кешеніне әр беретін су­бұр­қақтар мен бассейндер, сауда қа­тар­ла­ры, сувенирлер са­та­тын ор­­талық бар. Кешенге дербес су жә­не канализация, электр желісі мен жылыту жүйелері қо­сылған. Мешіттің аппақ қабырғалары мен ал­тындай күм­без­де­рі әдемі­лі­гімен та­ң­ғалдырып, ғи­ма­рат­қа тамаша сән бе­руде. Сирек кездесетін отандық тех­­­но­логиялар, ұс­та­лардың көне құ­пия­лары және су­рет­шілердің шеберлігі ашық өр­некті кереге­лердің мінсіз таза бейнесін беріп, ескерткіш күмбез­дері­нің кереметтей сәу­лет­тік туын­ды­сына айналды. Жаңа жо­баны жү­зеге асыру­да Асқар Алтын­бек­ұлы шығарма­шы­лық ұжымға елге та­­ны­мал сәулет­ші­лер­­­ді, эт­ног­рафтар­ды, та­рих­шыларды тарта біліпті. Бұл ұжым туристік кешенді тек тарихи архи­тек­т­ура­лық ескерткіш деп қа­на емес, ға­сырлар бо­йы мы­ң­даған адам­­дар­дың бас қоса­тын, ру­хани үндесе­тін қа­сиет­ті орны бо­луы керек деп есептейді. Бүгінде киелі жерге күнделікті зиярат етуші халықты тасымал­дайтын автобустардың саны 60-тан асса, бұл көр­сеткіш жақын бо­лашақта 300-ге жетеді деп күтілуде. Атал­ған инфра­құ­ры­лымның киелі жерге зиярат етуші халықтың саны­ның өсуіне және ту­ризм­нің дамуына ық­пал етері сөзсіз. Бұл игілікті шара сауапты іске айналды. Тарихтың үндес­тігі осы ес­керткіш­тердің заман тала­бына сай жаңа қы­рынан көрінуінде жа­тыр. Қазақстанда ту­ризм­нің да­муы­на қолай­лы әрі пайдалы жағдай жасалып отыр­ған шақта, бұл қа­сиетті орындар туризм желісіне тікелей қосы­лып, Қазақ елін әлемге басқа қы­ры­нан өзін танытуға мүм­кіндік беріп отыр. Тәуелсіз дамудың ға­сырға бергісіз жиырма жылдығы аясында қол жеткен әлеуметтік-эко­но­­ми­ка­лық табыс­тары­мыз ұлттық мәдениеті­міздің бірегей та­рихи-мәдени ескерткіштерін зерт­теуге, қайта жаң­ғырту мен қалпына келтіруге, соның ар­қасында өткен та­рихымызды зерделеуге мол мүм­кіндіктер аш­ты. Осы мүм­кін­дік­тердің қайнар бас­тауында тұр­ған көне Отырар­дың археоло­гиялық ке­шені мен оның өзегінде орна­лас­қан рухани ай­рық­ша құндылы­ғы­мыздың бірі Арыс­танбаб кесенесі халқымыз­дың ешкімге ұқсамай­тын, теңдесі жоқ мә­дени мұрасы­ның айрықша бөлігі және халық игілігі болып қала береді. Қазір Отан маған не береді деп алақан жайып отыра бермей, мен өз Отаныма не беремін, қандай керегіне жараймын дейтін уақыт. Халқымыздың қадірлі қа­рия­лары­ның бірі Асқар Алтын­бекұлының қасиетті орын жаны­нан көтерген кешенін осылай бағалауға болады. Түбі мемлекеттік бағдарлама бо­йынша Отырар да, Түркістан да жер-жаһанның туристері арнайы іздеп келетін, қазақтың бай тарихына қанығып қайтатын қастерлі орын­дарға айналады. Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелерін жа­л­ғас­тыратын күре жол бойындағы алып нысандар осының ақжолтай хабаршысындай сезіледі. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы.