Астана төрінде тараптар атысты доғару режімінің сақталу барысы, осы режімнің бұзылуына мониторинг жасаудың үшжақты тетіктерін жетілдіру, бітімге қосылған аймақтардағы ахуал, тұтқындарға қатысты мәліметтер алмасу мәселелері, қаруланған оппозиция мен террористердің ара-жігін анықтауды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мәдени мұраларының Сириядағы нысандарын минадан тазартуға халықаралық қоғамдастықтың көмегі қажеттігі сөз болды.
Екі күнге созылған келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдады. Аталған құжатта тараптар өздерінің атысты доғару режімінің сақталуын қолдайтындарын жеткізді. Олар БҰҰ аясындағы Женева келіссөздерін толықтырушы әрі нығайтушы ретінде Астана процесінің маңызы жоғары екенін айрықша атап көрсетті. 23 наурызда Женева келіссөздерінің жалғасын табатынына ризашылықтарын білдірді.
Осы келіссөздер кезінде тараптар 3-4 мамырда Астанада келесі жоғары деңгейдегі кездесуді өткізуге және 18-19 сәуірде Тегеранда сарапшылық деңгейдегі алдын ала консультация өткізуге уағдаласты. Елорда төрінде екі күнге созылған келіссөздерге қатысқан тараптар осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президенті мен ел Үкіметіне алғыс білдіргенін атап өткен жөн.
Еліміздің сыртқы саясат ведомствосы хабарлағандай, Қазақстан тарапы елордада өткен кездесуді Сирия дағдарысын саяси реттеу процесіне қосылған нақты үлес деп бағалады.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»