Конституциялық соттың парламент шешімін дұрыс деп танып, бекітуі осы ел қоғамын нақты түрде бір-біріне қарсы екі лагерьге бөліп тастады. Мемлекеттік билік импичменттің нәтижесі жаппай наразылыққа ұласатынын күні бұрын білген сияқты. Елдің қарулы күштері жоғары әскери дайындық жағдайына келтірілді және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін көшелерге 21 мың полицей шығарылды. Оның үстіне, импичмент жөнінде ұйғарым белгілі болмай тұрып-ақ, Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде Пак Кын Хенің жақтастары мен қарсыластары екі митинг өткізген еді.
Ал Конституциялық соттың ұйғарымы жария етілгеннен кейін, көп уақыт өтпей-ақ митингке қатысушылар арасында қақтығыс орын алды. Өйткені, сот процесін жекелеген телеарналар көшелердегі үлкен экрандардан тікелей эфир арқылы көрсетіп тұрды. Ақпараттарға қарағанда, қақтығыстар салдарынан екі адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Оның бірі «Киодо» агенттігінің операторы көрінеді.
Президенттіктен мерзімнен едәуір уақыт бұрын кеткен 65 жастағы Пак Кын Хеге тағылған айып аса ауыр. Өткен жылдың желтоқсанында Оңтүстік Кореяның парламенті сыбайлас жемқорлыққа салынды және өз билігін теріс пайдаланды деп айыпталған президентке сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарады. Нәтижесінде, парламенттегі 300 депутаттың 234-і импичмент үшін дауыс берді. Осыдан он шақты күндей бұрын Пак Кын Хе өзінің мәлімдемесінде қателігін мойындап, халықтан кешірім сұраған болатын. Сонымен қатар, ол отставкаға байланысты парламенттің шешіміне бағынатынын да айтқан еді.
Елде саяси дағдарыстың ушығып, оның соңы Пак Кын Хенің мемлекет басшысы қызметінен «қуылуына» себеп болған ең басты мәселе – 2016 жылдың қазанында президенттің жақын құрбысы Чхве Сун Сильдің президентке ықпалы жөніндегі деректердің бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы. Сол мақалалардағы деректер бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесі Чхве Сун Сильдің бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік басқару ісіне араласып, саяси шешімдер қабылдауға да ықпал етті деген күдік келтіріліп отырғанын көрсеткен сияқты. Сондай-ақ, тергеу органдары президенттің құрбысына елдегі ірі компанияларға қысым көрсету арқылы өзінің бақылауындағы қорларға миллиондаған доллар қаржы аударуға мәжбүрледі деген де айып таққан. Тіпті, ол биліктің жоғары лауазымды кадрларын тағайындау мәселесіне де араласқан көрінеді.
Оңтүстік Кореяның оппозициясы Пак Кын Хе құрбысы Чхве Сун Сильдің сыбайлас жемқорлық шырмауына іліккенін білген және одан хабардар болған деп есептейді. Ал осындай теріс әрекеттерден қаржылай зардап шеккендер арасында әлемге танымал Hyundai Motor, POSCО және Koreo Telecom сияқты корпорациялар бар екен. Тергеу материалдарына қарағанда, шығын көлемі 65,7 миллион АҚШ долларын құрайды.
Пак Кын Хенің президенттік өкілеттігі 2018 жылдың ақпанында аяқталуы тиіс еді. Қалыптасқан жағдай оған жеткізбеді. Енді экс-президентке қарсы қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. Өйткені, Конституциялық соттың жоғарыдағы шешімі соған мүмкіндік береді. Сарапшылар қазірдің өзінде оған енжар әрі жігерсіз президент болды деген баға да беріп үлгерді. Сондай-ақ, Пак Кын Хе Оңтүстік Кореяның импичмент бойынша лауазымынан шеттетілген алғашқы президенті ретінде тарихта қалады.
Сарапшылардың пікірінше, Оңтүстік Кореядағы мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауға Демократиялық партияның бұрынғы төрағасы Мун Чжэ Ин, Чхунчхон-Намдо провинциясының губернаторы Ан Хи Чжон, Соннам қаласының мэрі Ли Чжэ Мен және Халық партиясынан Ан Чхоль Су түспек. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун мен президенттің міндетін уақытша атқарушы елдің қазіргі премьер-министрі Хван Гё Ан өз кандидатураларын президенттікке ұсынбайтындарын мәлімдеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»