Елбасы еліміз егемендік алған күннен бастап Қазақстанның болашағын алдын ала айқындап бергендігін атап айтар едім. Бұл жолғы конституциялық реформа да еліміздің келешегін тереңінен ойластырып жасалған тағы да бір нақты қадам болды деп санаймын.
Осы орайда Елбасы тарихи құжатқа қол қойғаннан кейін сөйлеген сөзінде: «Бұл қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам», деп атап көрсетуі бүгінгі әлемдік экономика мен саясаттың даму үрдісінен біздің еліміздің де кейін қалып қоймауы мен жаһанданудың түрлі сындары мен қатерлеріне алдын ала дайын болуымызды қамтамасыз ететін маңызды реформаның бірі екенін атап көрсетті.
Еліміздің даму бағыты 1995 жылдың 30 тамызында бүкілқазақстандық референдумы барысында қабылданған Конституциямызда анық белгіленген болатын. Міне, содан бері де 21 жыл уақыт өтті. Елбасының көрегендігінің және кез келген сәтте батыл да дұрыс шешім қабылдауының арқасында Қазақстан аз уақыттың ішінде қарыштай дамып, әлемдегі танымал, сыйлы, өзіндік абыройлы орны бар іргелі де қуатты мемлекеттердің біріне айналды.
Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы тұрақтылығын, экономикасының қарышты дамуын, халықтың әлеуметтік жағдайларының жыл сайын жақсара түсуін, рухани саланың жетіліп келе жатқандығын айтар болсақ, соның барлығы Елбасы алдын ала айқындап, бір жүйеге бағыттап берген бағдарымен мүмкін болған жайлар еді. Әрине, дамуымыздың әр кезеңдерінде қиындықтар да болды. Алайда, Елбасы қандай да болсын сол қиын да күрделі кедергілерден өтудің жолдарын анықтап, дер кезінде шешім қабылдап отырды. Біз соның нәтижесінде әлемде болып жатқан қандай да болсын дағдарыстардан қиналмай шығып келеміз.
Уақыт біздің алдымызға жаңа талаптар қойып, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынастардың өзгеріп тұратыны сөзсіз. Бүгінгі өркениеттің даму қарқынының шапшаңдығы соншалықты, қазіргі білім де, ғылым да сәт сайын қарыштай даму үстінде. Адам баласының бұрын-соңды ойына кіріп-шықпаған жаңа технологиялар пайда болуда.
Әлем бойынша сол жаңа технологиялардың пайда болуы өндіріс пен өндіруші күштердің ара қатынасын жоғары жаңа деңгейге көтерері де анық. Міне, сол үшін де Елбасы өзінің биылғы Жолдауын «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» деп атай отырып, қазақстандықтарға жаңа бағыт, жаңа серпіліс беріп, алдымызға тың міндеттер қойып отыр. Қазақстанның осы Үшінші жаңғыру кезеңінде, яғни дамуымыздың ендігі жаңа бағытында алдағы 10-20 жылдың аралығында орындалуға тиісті міндеттерді толық жүзеге асыру үшін оған жаңаша көзқарас, мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілі қажет.
Бұл жайында Елбасы биылғы жылдың 25 қаңтарында жасаған саяси мәлімдемесінде еліміздің және келер ұрпақтың болашағы үшін өзінің конституциялық реформа жасау жөнінде шешім қабылдап отырғандығын айтқан болатын. Үндеу жарияланған күннен бастап, халықтың қызу талқысына түсіп, қолдау тапты.
Конституциялық реформаның халықтың қолдауы ол Елбасына өз елінің үлкен сенімі болатын. Халқымыздың өз Президентіне әрдайым сенетіндігінің және үнемі қолдайтындығының тағы бір айқын көрінісі де осы еді. Өйткені, қазақстандықтар Елбасының жаңа конституциялық реформасы елімізді жаңа белестерге көтеретіндігін халық та анық түсініп, айқын сезіне білді. Ал реформаның басты мақсаты Қазақстандағы мықты президенттік билікті сақтай отырып, Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл өзгерістер Елбасының алдағы уақытта да ел болашағы үшін ішкі тұрақтылықты, экономиканың дамуын, халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуды, сыртқы саясатта да барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынасты орнықтыра түсу жолындағы абыройлы істерінің жемісті бола түсуіне жаңа серпін берері анық. Сонымен бірге, Елбасының Қазақстанның әлемдік қоғамдастық арасындағы имиджін одан әрі көтеру, еліміздің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін нығайту үшін билік тармақтарының арбитрі болып қала беруі ең дұрыс бағыт болып табылады.
Еліміздің болашағы үшін Үкіметтің әкімдермен бірлесе отырып, экономиканың дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге тікелей жауапты болуы – бүгінгі және ертеңгі күннің талабы. Конституциялық реформа бойынша ендігі арада Парламентке де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ең бастысы, Үкімет органдарының Қазақстанның заң талаптарын орындауға парламенттік бақылауды күшейту, заң қабылдауды сапалы жаңа деңгейге көтеру, еліміз бюджетінің жұмсалуын назарда ұстауға қатысты міндеттер де еліміздің алдында тұрған сан қилы істерді ойдағыдай жүзеге асыруға аса қажетті деп санаймыз. Өйткені, Парламент өкілеттіктерін кеңейтудің мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Бұл жолғы конституциялық реформа да Қазақстанның әрбір азаматының болашағына оң өзгерістер әкелеріне сенімдімін.
Ерболат МҰҚАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты