Осы академияның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы өзі қатысып, сәттілік тілеген. Біз осы ғылым ордасының бүгінгі жай-күйі қалай деген сұрақтарды академия президенті Жанбол Жылбаевқа қойдық.
– Біздің мекемеде Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе отырып мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жасау, типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру стандарттары, білім берудің үш деңгейі үшін типтік оқу жоспарлары, бастауыш және негізгі мектеп үшін типтік оқу бағдарламалары дайындалды. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие процесіне қолдау көрсетеді.
Білім мазмұнын жаңарту бойынша үйлестіруші семинарға ұйытқы бола отырып, тәрбие мәселелері бойынша әдістемелік материал дайындаумен шұғылданатын санаулы ұйым екенін еске сала кетсем деймін. Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» сөзімізге дәлел. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізгі принциптерін түсіндіруге де қатысады. Жыл сайын академия «Білім күнінің» бірінші сабағын өткізу бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлейді.
– Академия ашылғанда құрамында екі институт болған еді. Кейін қысқарып кетті. Есесіне бір-бір басшысы бар орталықтар ашылды. Сол үрдіс кезінде кей азаматтарға қызмет тауып беру үшін жасалмады ма деген ой мазалайды...
– Соңғы екі жылда Білім академиясы мен республикалық орталықтарды қайта құру туралы мәселе Үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің назарында. Әртүрлі нұсқалар қарастырылуда. Нәтижесінде академияға «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы мен республикалық «қосымша білім беру орталығын» қосу туралы шешім қабылданды.
– Білім саласындағы реформалардың көбінде сәтсіз болып, сынға ұшырап жататыны ғылыми негізін алдын ала зерттеп, зерделенбеуден, іргетасының мықты қаланбауынан, өз жағдайымызды ескермей, тұспалмен өзгелерден көшіріп ала салудан болып жатқан жоқ па?
– Шынтуайтына келгенде, білім жүйесін түбегейлі реформалауды үш жаңа өзгеріспен байланыстыру керек деп топшылаймын. Бірінші, жоғары білімнің кредиттік жүйеге, екінші, 12 жылдық мектепке көшу кезінде, үшінші, білім мазмұнын жаңарту барысында. Басқа талпыныстар мұндай тұтастық сипатта бола бермейді. Білімнің бұрынғы мазмұнына сүйеніп, жаңашылдықты еппен іріктеп алып ілгері жылжыта берген тиімді деген ойды ортаға сала кетейін.
– Егер бір замандардағы Ы.Алтынсарин институты секілді академияға бүкіл тәуелсіз елдің біліміне қатысты барлық мәселелерді зерттеу тапсырылса, сіздер оны алып кете аласыздар ма?
– Иә, академия білім саласында ғылыми-зерттеулер жүргізумен, білім беру жүйесін реформалау кезінде әдіснамалық және әдістемелік құралдармен қамтамасыз етумен, білім берудің барлық деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жетілдірумен шұғылданатынын айттым. Академияның ғылыми әлеуеті айтарлықтай жоғары. Мұны Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының гуманитарлық ғылымдар саласында кейінгі жылдары орындалған жобаларға берген бағасы көрсетіп отыр. Мұндай елдік іс алда да дәстүрлі түрде жалғасын таба береді. Білім берудің ғылыми негізі болуы тиіс деген пікіріңізге қосыламын. Біздің ғылым ордасы қазір осыған жан-жақты мән беріп, ғылыми зертханалар жұмысын жетілдіру үстінде.
– Біз көбінде білім туралы айтамыз, ал тәрбие қалыс қалып барады деген ойға білдірер пікіріңіз қандай?
– Өскелең ұрпақ тәрбиесіне келер болсақ, балалар мен жастар сапалы білім алса деген ұмтылыс қазір ерекше көрініс табуда. Әлеуметтік белсенділік, жаңа кәсіптерді меңгеруге тырысу айқын байқалады. Өз елінің тарихына, мәдениетіне және дәстүріне, халқының мәдени мұрасына деген қызығушылық та артып отыр. Жаңа қазақстандық патриотизмге, азаматтыққа, ізгілікке бағдарланған дүниетаным да қалыптасуда. Сонымен қатар, тәрбие жүйесінде жағадан алған жаһандану үдерісімен шиеленісіп отырған бірқатар проблемалар бар. Жастар мен оқушылардың батыстың бұқаралық-мәдени делінетін құндылықсымағына еліктеуі сескентеді. Жастар ортасына радикалдық идеялар мен көзқарастардың енуі, әлеуметтік жетімдік, суицид, секталарға қатысу, т.б. қоғамды қатты алаңдатып отырғаны ақиқат.
Мұндай кемшіліктердің негізгі себептерінің бірі – оқыту процесінің тәрбие жұмысынан басым болуы. Мен бұған білім мазмұнының тәрбиелік әлеуетінің әлі де болса жеткіліксіздігін қосар едім. Дұрыс ұйымдастырылған оқу процесінің өзі де оң тәрбие.
– Әл-Фараби бабамыздың тәрбиесіз берген білімді құмға құйған суға теңеуі содан демексіз ғой...
– Әрине. Тағы бір үлкен мәселе, отбасының тәрбие институты ретінде рөлі төмендеп кеткендігі еді. Қоғамда жантүршігерлік оқиғалар кездесіп қалып жатады. Өз баласының өмірін қию, не оны біреуге сату, оқушылардың бір-біріне жасаған қаныпезерлік қылмыстары туралы айтпай кетуге тағы болмайды. Отбасыларда көп жағдайда рухани-адамгершілік және ұлттық құндылықтар екінші орынға ысырылып қалуда. Бізге бала тәрбиесіне ата-ананың жауапкершілігін күшейту керек деп ойлаймын. Отбасы мен мектептің байланысын да нығайта түсу қажет. Оқушы балалар мен жастарды тәрбиелеу ісіне әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік құралдар арқылы қолдау көрсету де өзекті мәселе. Яғни, тәрбиенің де, білімнің де алда айтқанымдай, ғылыми негізі берік болуы керек.
– Оқулықтар, тіл туралы толассыз әңгімеге отандық білім академиясы президентінің тұжырымы қандай?
– Несін жасырамыз, кезінде оқулық дайындау ісі жарысушылар алаңына айналды. Баспалар авторлық құқыққа, өзі реттейтін күшке ие болды. Бұл алғашында баспалар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, оқулықтардың сапасын жақсартады деген оймен жасалынған еді. Иә, бұл ниетке белгілі бір дәрежеде қол жеткізілді. Қазіргі кезеңде мектептік білім жүйесі балама оқулықтан бас тартып, базалық оқулықтарға көшуде. Жаңартылған білім мазмұны 30 қанатқақты мектепте сынақтан өтіп жатыр. Әртүрлі баспалар дайындаған оқулықтар да сынақтан өтуде. Еліміздің бірінші сыныптарында мұғалім-практиктер таңдап алған базалық оқулықтар қолданылуда. Бұл оқулықтардың дәстүрлі оқулықтардан түбегейлі айырмашылықтары бар. Біртіндеп, 4 жыл ішінде барлық сыныптарда оқулықтар ауыстырылатын болады. Айтылып жатқан сындар алда ескеріледі. Сұрақтың екінші бөлігі үш тілде оқытуға байланысты сияқты. Академия үш тілде білім беруді дамытудың жол картасын дайындауға қатысты. Қазіргі кезде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту әдістемесі жаңартылуда. Басты салмақ оқытудағы қарым-қатынасқа түседі. Тіл теориясы мен грамматикасы барынша азайтылған. Жаңартылған білім мазмұнының оқу бағдарламалары осы қағидаға бағытталған. Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту – қазақ тілін шын мәнінде терең білуге әкелуі тиіс.
– Ұстаз беделі, білім сапасы жайлы байламыңызды да білсек деп едік.
– Өкінішке қарай, мұғалім мамандығы беделді мамандықтар қатарына жатпайды. Соңғы жылдары бұл мәселе кеңінен талқылана бастады. Белгілі бір шаралар да қабылдануда. Мысалы, педагогтік жоғары оқу орындарына қабылдау шарттары өзгерді. Талапкерлер қосымша шығармашылық емтихан тапсырды. Әрине, бірінші кезекте педагогтарға еңбекақы төлеудің қазіргі үрдісін өзгерту керек. Мұндай шарасыз басқа іс-әрекеттің бірде-бірі айтарлықтай нәтиже бере қоймайды. Білім алушылардың оқудағы жетістіктері туралы PISA-2012 халықара-
лық зерттеу нәтижесіне қарасаңыз, Қазақстанның 15 жасар оқушылары математика бойынша белгіленген деңгейден 62 балға, жаратылыстану-ғылыми пәндерден 76 балға, оқу бойынша 103 балға қалып қойған. Сөйтіп, қазақстандық мектеп оқушылары оқу сауаттылығы деңгейі жөнінен 65-орыннан 63-ші орынды, математикадан 49-орынды місе тұтқан.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қазақстандағы орта білімнің жайына жасаған шолуында академиялық пәндерді оқытуда теорияға басымдық берілетіндігі, практикада сол теорияны жүзеге асыру мүмкіндігіне көп көңіл бөлінбейтіндігі, соның нәтижесінде оқушылар алған білімдерін қажетіне жеткілікті дәрежеде қолдануға қабілетсіз екендігі туралы қорытынды шығарған. Бұл да ойлануға тұрарлық мәселе.
Әңгімелескен
Сүлеймен Мәмет,
«Егемен Қазақстан»