• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет 31 Наурыз, 2017

Технологиялық жаңғыртудың өрісі кең

317 рет
көрсетілді

Газетімізде бұған дейін хабаранғанындай, өткен бейсенбі күні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына жұмыс бабындағы сапармен келген болатын. Кеше оның өңірдегі сапары одан әрі жалғасты.

Ақтөбе – Елбасының бұған дейін айтылған қанатты сөздерінің біріне арқау болғандай, ел экономикасын алға қарай сүйрейтін локомотив рөлін атқара алатын көшбастаушы аймақтардың бірі. Ең бастысы, мұнда соңғы жылдары өндіріс пен өнеркәсіп саласы жедел қарқынмен өсіп-өркендеп келеді. Сондықтан Үкімет басшысы өңірге келген сапарында осы мәселелердің қазіргі жай-күйіне айрықша назар аударды. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауында осы аталған Үшінші жаңғыртудың бес негізгі басымдығы атап көрсетілді. Мұндағы бірінші әрі ең басты басымдық – технологиялық жаңғырту деңгейін жедел көтеруге бағытталған. Бұл сөз жоқ, еліміздегі барлық атқарушы органдар үшін өте жауапты әрі күрделі міндет болып табылады. Екіншіден, Елбасы Жолдауында бірінші басымдықта қойылған міндеттерді жүзеге асыруға Ақтөбе секілді индустриялық-инновациялық даму деңгейі жоғары аймақтар сүбелі үлес қоса алатыны талас туғызбайды. 

Премьер-Министр Ақтөбе рельс-арқалық зауыты базасында өткізген аймақаралық кеңес дәл осы мәселеге, нақтырақ айтқанда, Жолдау аясында Ақтөбе облысының кәсіпорындарын технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелеріне арналды. Бақытжан Әбдірұлының пікірінше, технологиялық жаңғырту – Елбасы Жолдауының басты өзегі. Бұған өнеркәсіптік өңірдің қосатын қолтаңбасы қандай? Бұл жөнінде облыста қандай шаралар белгіленген? Күні бүгінге дейін қолға алынған істер шоғыры көңілден шыға ма?

Әрине, бұл сауалдарды Премьер-Министр бірінші кезекте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа бағыттауы түсінікті жайт. Сондықтан да ол Үкімет басшысының сауалына орай егжей-тегжейлі жауап қайтарды. Оның айтуынша, облыс әкімдігінің бастамасымен іске аса бастаған технологиялық жаңғырту үрдісіне өңірдегі кәсіпорын басшылары нақты іспен жауап қайтаруда. Соның нәтижесінде өткен жылғы облыстағы өндірістік көрсеткіштер әрі оның техникалық жарақтандыру деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда асып түсті. Бұл іс бірінші кезекте инвестициялық қаражат тарту есебінен жүзеге асырылған. Оның мөлшері 390 миллиард теңгені құрайды.

Облыста жаңа индустрия қалып­тастырудағы тағы бір басты талаптың бірі еңбек өнімділігін көтеруге бағытталған. Алдағы мақсат оның өсімін 20 пайызға өсіру болып отыр. Сонымен бірге, өңірде экспортқа шығарылатын өнімдер көлемін ұлғайтуға да жан-жақты көңіл бөлінген. Бұл мәселеде шағын және орта бизнес өкілдерінің қызметін жаңа сатыға көтеру қарастырылған. Осы арада бұл мәселеге өз пікірін қосқан Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын бақылау функцияларын барынша реттеу әрі мүмкіндігіне қарай қысқарта түсу оң нәтиже бере алатынын айтты. Өнеркәсіпті өңірде кәсіпкерліктің көкжиегін одан әрі көтеру жөніндегі мәселелер Үкімет басшысының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалы өкілдерімен өзара ой-пікір алмасу барысында да жан-жақты сөз болды.

Технологиялық жаңғырту туралы сөз қозғағанда геологиялық барлау жұмыстарын әрі бұған жаңа технологияларды енгізу істерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Солай болып та жүр. Бұл өңірдегі табиғи қазба байлықтары мен стратегиялық шикізат көздерін өндіретін кәсіпорындар үшін басты өндірістік даму кілті болмақ. Сондай-ақ, облыста көлік-логистика қызметі жаңа сапалық көрсеткіштерге ие болып отырғаны да Үкімет басшысы тарапынан оң бағаланды. Ең бастысы, оның қызметіне сапа мен нақтылы мерзім тән.

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Б.Сағынтаев өндірістік кәсіпорын басшыларымен кездесіп, олар тұтастай ел экономикасының дамуы мен ұлттық жалпы өнімнің көлемі өсуіне нендей үлес қоса алатыны жөнінде пікір алмасты. Бұл тақырып туралы әңгіме қозғаған Еуразиялық топ жетекшісі Анатолий Машкеевич, «АқтөбеМұнайГаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Тахталифум Есенжолов, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының бас директоры Марат Ибрагимов, «Аист плюс» ЖШС-нің директоры Қуаныш Ищанов өндірісті техникалық тұрғыдан жаңғыртуды жеделдетумен бірге, оны автоматтандыру ісі де кезек күттірмейтінін мәлім­деді. Қауіпсіздік шараларын сақтау мәсе­лесі де онымен қатар жүр­гізіл­мек. Тек осындай жағдайда ғана облыстағы өндіруші және өң­деуші құрылымдар бүгінгі заманғы суперкәсіпорындар қата­рына қосыла алады.

Қай жерде де өндірістің болашақ тағ­дырын шешетін бүгінгі жас­тар мен студенттер емес пе? Осы орайда олардың бойында бұ­ғып жатқан кәсіпкерлік пен іскер­ліктің тың көздерін ашуға талпыныс жасалуға тиіс. Оны аяғына дейін жеткізу үшін бұл істің жаңа жолдары мен тәсілдері ойлас­тырылуы қажет. Кәсіпкерлік әріптестіктің жаңа буыны тек осындай қолдау мен қамқорлық жағдайында ғана төрт аяғын тең басып кете алады. Б.Сағынтаев өңір кәсіпкерлері өкілдері тарапынан айтылған мұндай ой-пікірлер құптауға әбден лайықты екенін жеткізді. Өңірдегі бірқатар әлеуеті жоғары кәсіпорындар ішкі рынокты қамтып қана қоймай, өз өнімдерін таяу және алыс шет елдерге де жеткізуде. Экспорттық өнімдер көлемін өсіруге олар осылай үлес қосуда. Бұл жөнінде Үкімет басшысына Ақтөбе рельс-арқалық зауытының бас директоры Марат Ибрагимов айтып берді. Оның айтуынша, соңғы кезде зауыттан экспортқа жол тартқан өнімдер көлемі 64 мың тоннаға өскен.

Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаев өңірдегі жүйе құ­раушы кәсіпорын басшылары баяндап берген мәселелер «Қазақ­стан-2050» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру­ға қосылатын бір тамшы үлес екенін айтып берді. Әрі айтылған пікірлердің арасында Үкімет деңгейінде құлақ асуға тұрарлықтай мәселелер де болғанын жеткізді. Үкімет басшы­сының мәлімдеуінше, техноло­гиялық жаңғырту әртүрлі бағыт­тарда тиімділік пен еңбек өнімді­лігін өсіру мәселелерін еске ала отырып, іске асуға тиіс. Бұл жөнінде Ақтөбе облысы кәсіпкер­лері арасында үйренуге тұрарлық­тай үрдістер бар. Оның басты көрінісі техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру ісінің кешенді іс-шаралары әзірленуінен көрінеді. Төртінші өнеркәсіптік революцияға жеткізетін жолдың басы да дәл осы арадан тамыр тартады дейді ол.

Өндірістің аты – өндіріс. Өмірде де, өндірісте де күн сайын той бола бермейді. Керісінше, мұнда жұмыс ырғағының бұзылуына әсерін тигізетін жағдайлар да орын алуы әбден мүмкін. Осындай оқиғаның бірі «Казхром» трансұлттық компаниясы АҚ-қа қарасты №4 цехта орын алғанын жасырып қалудың да ешқандай жөні жоқ. Мәселе кеткен шығынның орны толып, өндірістің қалпына келуінде ғой. Өңірге жұмыс сапары барысында осы цехтың бүгінгі тыныс-тірші­лігі­мен жан-жақты танысқан Пре­мьер-Министр Б.Сағынтаев мұнда соңғы кезде орнатылған жаңа технологиялар бүгінгі техно­ло­гиялық жарақтандыру талаптарына сәйкес келетініне көзін жет­кізді. Бүгінгі күн өлшемімен қара­ғанда, Ақтөбе индустриялық айма­ғының әлеуеті еліміздегі өзге өңірлермен салыстырғанда бір­шама жоғары. Аймақтың осындай артықшылықтарымен өндірістік өзгешеліктері де Үкімет басшысы тарапынан оң бағасын алды.

Сонымен бірге, өңірдегі құ­ры­лыс индустриясын дамыту мен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан аз қабатты тұрғын үй құрылысының да елімізде ешқандай баламасы жоқ. Немесе мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылған «Сымбат» жекеменшік мектебін және жас жеткіншектер академиясын алып қараңызшы. Осындайда Абай атамыздың «сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» деген өлең жолдары ойға орала береді. Бұл теңдесі жоқ тамаша нысандардың қай-қайсысы жөнінде де мұның алдыңғы материалдарымызда жан-жақты жазылғандықтан, оны тағы да қайталап жатуды жөн көрмедік. Тұтастай алғанда, Үкімет басшысы Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапары барысында артық-кемі жоқ он екі нысанға ат басын бұрыпты. Әрі соның әрқайсысының ерекшелігі мен өзгешелігі жөнінде көңілге қонымды ой түйе алғаны да бір мәртебе дерліктей.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында экономикадағы технологиялық жаңғырту ісін жеделдетуге қоса, әлеуметтік жаңғырту мәселесіне де жан-жақты назар аударылғаны белгілі. Облысқа жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бұл екі мәселенің тізгінін тең, қатар ұстай білгені де айқын байқалды. Соның басты бір дәлелі әлеуметтік бағыттар бойынша тағайындалған министрлердің қатысуымен әрі көтерілген мәселелер бойынша олардың есеп беруімен өткізілген алқалы кеңес деп білеміз. Мұнда бірінші кезекте нәтижелі жұмыспен қамтудың өзекті мәселелері талқыланды.

Бір сөзбен айтқанда, облыс экономикасының жедел қарқынмен дамуы өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық және рухани, мәдени тұрғыдан жан-жақты өсіп-өркендеуіне де қажетті алғышарттар қалай алады. Республика Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапары барысында көзін жеткізген бір шындық осы десек, қателеспейміз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы