Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 3 сәуірде өткен президенттік сайлаудағы айқын да сенімді жеңісіне және кезекті мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми түрде кірісуіне байланысты Елбасының атына шет мемлекеттер басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен, қазақстандық және шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар ұжымдарынан, Қазақстанның, ТМД елдерінің және өзге мемлекеттердің азаматтарынан көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті.
Жолданған құттықтауларда сайлаудың нәтижесі – Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы қызметіндегі еңбегіне берілген жоғары баға, халықтың бірлігінің, қоғамның тұрақтылығының және Қазақстанды Ұлт Көшбасшысы бастап келе жатқан бағытқа деген адалдықтың көрсеткіші екені атап көрсетіледі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз атына келіп түскен барлық хаттар мен жеделхаттар авторларына жылы лебізді құттықтаулары мен жеке өзіне және барша Қазақстан халқына бағышталған игі тілектері үшін зор алғыс сезімін білдіреді.
Мемлекет басшысы өз кезегінде әлемнің әр қиырынан хат жолдаушылардың барлығына амандық пен игілік, жақсылық және табыс тілейді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.