НЕМЕСЕ БІЗ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?
«Шынайы елжандылық барлық жеке бастық қарым-қатынастар мен мүдделерден жоғары».
Н.Добролюбов.
_____________
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп жатқан қазақстандықтар ауызбен айтып жеткізгісіз орасан зор мәні бар тарихи оқиғаның куәсі болды. Ол – Қазақ елінің, Қазақстанның өз тәуелсіздігіне қол жеткізуі. Бұл кез келген ұрпақтың басына қона бермейтін бақыт. Өйткені өз елінің, өз халқының дербес мемлекет болып, дүние жүзіндегі өзге елдермен бір қатарда тұрып, атын айдай әлемге танытуын көру өз елін құрметтейтін әр адамның бойына орасан мақтаныш сезімін ұялататын айрықша құбылыс. Сан ғасырлар бойы азат болуды аңсаған қазақ жұрты бүгінде осындай ерекше кезеңді бастан кешуде.
Бірақ, біздің кейбір ағайындар ойлайтындай, қуаныштан бөрікті аспанға атумен немесе қара бастың қамын күйттеп, байлық пен мансап қуумен іс тәмам десек, үлкен қателесеміз. Түсіне білген адамға тәуелсіздік тек қуаныш әкеліп қана қоймайды, сонымен бірге, сол елдің халқына аса зор жауапкершілік те жүктейді. Ол – тәуелсіздікті нақты істермен нығайту, еліңнің өзгелерден қалып қоймауы үшін оны өркендету жолында аянбай еңбек ету, ата-бабалардың орындалған арманы мен күні ертең-ақ бүгінгі буын салған жолмен жүретін келер ұрпақ алдында адал болу үшін күш салу жауапкершілігі. Бір сөзбен айтқанда, халық алдында, тарих алдында ұятқа қалмау жауапкершілігі.
Өкінішке қарай, дәл қазіргі таңда бой көрсетіп жатқан кейбір көріністерге қарағанда жұрттың бәрі бірдей өздеріне жүктелген жауапкершілікті жете сезініп, сол тұрғыда іс атқарып жатыр деуге ауыз бара қоймайды. Мұндай күмәнді ой, әсіресе, қолдарында азды-көпті билігі мен байлығы бар ағайындарға қатысты мүлде қоюлана түседі. Өйткені, қандай да бір қатты қайырым жасап, елдің жүгін атан түйедей арқалау мүмкіндігі де солардың қолдарында. Қарапайым халыққа қояр кінә жоқ. Бұрын-соңды бастарына түспеген нарық заманы қиыншылықтарының жан-жақтан қыспаққа алғанына қарамастан олар хал-қадерінше еңбек етіп, ел дамуына белгілі бір үлестерін қосып та жүр. Бірақ олардың қолдарынан келері мардымсыз. Сондықтан да қатардағы жұрттың көрсеткен күш-қайраты көзге оншалықты көріне бермейді, кейде аршындап қадам жасауға да олардың қауқарлары жетпей жатады. Оның үстіне, бірде жағдайды түсіндіріп, енді бірде қолдауын білдіріп, дұрыс жолмен алға бастайды деп үміт артқан басшылардың біразы өз бастарымен әлек.
Көпшілік халық екі қолға бір жұмыс таба алмай, отбасымды қалай асыраймын деп қиналып жүргенде, елге бас-көз болады деген шенеуніктердің бірнеше қабатты коттедждер салып, әйелі мен балаларына бас-басына автомашина әперіп, жыл сайын шет елдерде демалып, алшаң басып жүруі қарапайым халық үшін көзге шыққан сүйелдей әсер етуде. Жас мемлекеттің әлі де болса қабырғасы бекіп, қанаты қатая алмауы салдарынан жұрттың көбіне жұмыс табылмай, үйлер мен жолдар жеткілікті дәрежеде салынбай, еңбекақылар мен зейнетақылар ойлағандай деңгейде өспей тұрғанда осылардікі не желік деп ойлайды қалың қауым. Тіпті, соншалық оңды-солды шашатындай байлық оларға қайдан келіпті, әкелері мұраға қалдырып кетіп пе екен деушілер де жоқ емес. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, тыңдап отырсаң сөздері нақа қисынсыз да емес сияқты.
Дегенмен, осындай өкпе-реніштердің көбейіп кетуінің түп-төркіні тіпті шенеуніктеріміздің байыған үстіне байи түсуінде де емес, сондай тамаша жағдайда өмір сүріп жатқан отандастарымыздың халық үшін қайырылып, елі үшін еңбек етуді өзіне міндет деп санай бермейтінінде жатса керек. Бұқараның орынды наразылығын туғызатын да осындай оспадарлыққа ұқсас қылықтар. Егер қолдарында билігі бар азаматтарымыз өздеріне сеніп тапсырылған міндетті кешегі партбилетті алып қоюмен қорқытатын кеңестік кездегідей адал орындап, мемлекет мүддесі үшін, қайталап айтайын, халық емес, мемлекет мүддесі үшін лайықты жұмыстар жүргізіп жатса, халық та дәл қазіргідей шенеунік атаулыдан теріс айнала қоймас еді. Өйткені, мемлекеттің жағдайы жақсарса, онда өмір сүріп жатқан адамдардың жағдайының жаман болмайтыны баршаға да белгілі жәйт.
Осы ретте назар аударуға тұрарлық бір ой да туындайды. Қолдарында билігі немесе қаржысы бар бүгінгі басшылық өкілдері сол мүмкіндіктерді пайдаланып өз мәселелерін кез келген уақытта және кез келген жағдайда шеше алады. Бірақ өмірдің бір орнында, бір қалыпта тұра беретініне кімнің көзі жетіпті? Күні ертең жаңағы мықтылардың балалары, болмаса немерелері өмірде өздерінің әкелері мен аталары негіз қалап кеткен жөнсіздіктерге ұшырасып, жағалай жайлаған тәртіпсіздіктер салдарынан мәселені шешудің қалыптасқан өркениетті жолының болмауы себепті небір кедергілерге кездесіп, қиналып жатса ше? Тоғышарлыққа салынып, тойғандарына мәз болған кейбір ағайындарымыз осы жөнінде ойланып көріп пе екен? Өкшелеп келе жатқан өскелең ұрпақтан қарғыс естімей, алғыс есту үшін тындырар іс те соншалықты ауыр емес. Бар болғаны жалпыға ортақ тәртіп орнатып, мәселенің бәрі тамыр-таныстықпен емес, заң жүзінде, жүйе-жүйесімен шешіліп жататындай жағдай туғызса болды. Мемлекеттілікті нығайту тікелей міндеттері болып табылатын шенеуніктерге жүктелер жауапкершілік те осы.
Егемен ел болдық деп тынымсыз той-томалақтар өткізіп, одан қол босаса «ананы өйту керек, мынаны бүйту керек» деп белсене сөз сөйлеп, жағалай азан-қазан болғаннан мемлекеттің іргесі бекімейді. Біздің кезектесіп бір-бірімізді мақтауымыздың да, тамыр-таныстарымызға қызмет пен атақтар әперіп, алашапқын болуымыздың да ел ертеңіне тигізер септігі жоқ. Атақ-даңқ үшін емес, шаңырағын іліп, уығын енді ғана қадап, қабырғасын қатайтып жатқан елдің ертеңі үшін, бүгінгі өскелең ұрпақ пен келешекте дүние есігін ашатын ізбасарларымыздың аға буынға алғысын айта отырып, өзге елдердегі замандастарынан кем болмай, бақуатты өмір сүруі үшін еңбек ету елге де, азаматқа да абырой әкелер іс болар еді. Өйтпеген күнде, басқаны былай қойғанда, өзіміздің бала-шағаларымыз бен немерелеріміздің аталары мен әкелерінің жүріп өткен, өнегелі деп айтуға келмейтін, ойпаң-тойпаң іздеріне қарап тұрып, осылар өздері не бітірген деп бастарын шайқамасына кім кепіл? Олай деуімізге себеп, бүгінгілердің салған жолы тегіс те жайлы болса, кейінгі ұрпақтың жүруіне де жеңіл болмақ. Еуропа мен Шығыстың кейбір елдерінде өмір сүріп жатқан адамдар қазіргі жайлы тұрмысты бүгін орнатқан жоқ. Олар бар болғаны, өздерінің алдындағылар жасап беріп кеткен өркениеттің игілігін көруде.
Осыдан жиырма жылдай бұрын болған оқиға есімнен кетпейді. Ол уақытта мен облыс орталығында қызмет істеймін. Кеңес одағы тарап, жағалай жұмыссыздық жайлап, елдің экономикасы күрделі күйзелісті бастан кешіп жатқан шақ. Соған қарамай, облыстағы үлкенді-кішілі басшылар бас-басына үр жаңа «Волга» (ол кезде шетелдік автокөліктер әлі де кең тарай қоймаған) автомашинасына мініп алды. Тек «Алаугаз» аталатын облыстық мекеменің басшысы ғана халық «пирожковоз» атап кеткен ескілеу «Москвич» көлігімен жүрді. Бір күні бір танысым көшеде өтіп бара жатқан жаңағы басшыны көрсетіп: «Қара да тұр, мынаны көп ұзамай қызметінен алып тастайды», деді. Мен әуелде түсінбей қалып, «Немене, бірдемені бүлдіріп тастап па?» деп сұрадым. Жоқ, деп жауап берді әлгі жолдасым, өзге бастықтардың бәрі «Волга» мінгенде жалғыз осы ғана ескі машинамен жүр, сол үшін алып тастайды. Ең қызығы, көп ұзамай әлгі басшыны расымен де жұмысынан босатып, орнына басқа адамды қойды. Ал ол болса келген бетте жаңа «Волгаға» отырды. Соның салдары ма, әлде өзгедей бір себеп болды ма, әйтеуір бастық өзгерісімен тұрғындар «көгілдір отыннан» таршылық көре бастады. Таңқаларлығы, осыған ұқсас жәйттер әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мәселен, Қазақстанда жап-жақсы шетелдік автомашиналар құрастырылуда. Бірақ, жоғары лауазымды басшылардың бір де бірі оларды менсінбейді. Егер отандық тауардың өтуіне, сөйтіп ел қазынасына қаржы құйылуына мүдделі саналатын басшы азаматтар бірыңғай «мерседестерге» көз тіге бермей, оларды қызметтік көлік ретінде болса да сатып алып, өзгелерге үлгі көрсетпесе, ол автомашиналарды несіне құрастырып жатырмыз? Осындай себептерден болар, елде құрастырылған автокөліктердің өтімділігі де онша болып тұрған жоқ. Оған құрылғанына тоғыз жыл болған «Азия авто» кәсіпорнының осы уақыттар ішінде 25 мың ғана автокөлік шығарғаны айғақ.
Біреулерді кінәлаудан немесе жамандаудан аулақпыз. Бірақ ел үшін ұйқысын бұзып, қазақ деген халықтың да дамыған елдердің жұртындай тоқшылықта өмір сүретін кезі келді ғой деп тынымсыз еңбек етіп, маңдайлары терлеп жүрген азаматтар көзге көп түсе бермейді. Бұл –көпшіліктің пікірі. Неге екенін білмеймін, кешегі өзіміз іске алғысыз қылып тастаған кеңестік кезде басшылардың халық арасында айтарлықтай беделі бар болатын. Оның себебі, ол замандағы билік тұтқасын ұстағандардың қолдарында қаржылары, басқа да мүмкіндіктері болып, халықтың мұң-мұқтажына белгілі бір дәрежеде қараса алғандығында да шығар. Бүгінгі басшылардың біздің сендерге береріміз жоқ, өздерің тірлік жасаңдар деп қарап тұратыны да шындық. Нарықтың осы бір қатыгез заңына біздің ағайындар үйрене алмай-ақ қойды. Содан да, шенеуніктер туралы әңгіме қозғала қалса, «жақсылығы жеке бастарынан артылмайтын соларды қойшы», деп қолдарын бір-ақ сілтейді. Содан да қазіргі шақтың шенеуніктерін халық арасында беделді деп айта алмайсың. Қанша нарық дегенімізбен, егер талпынып көрсе, көпшіліктің қошеметіне бөлену де соншалық бір қиын міндет емес. Ол үшін, бар болғаны, адамдармен жылы сөйлесіп, өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, материалдық жағынан реті келмеген кезде, моральдық тұрғыда ақыл-кеңестерін беріп, шынайы жанашырлық танытса, халық та қатып қалған тас емес, жібір еді. Ара-тұра ретін келтіріп қолтығынан демеп жіберіп жатса, жүдеген жұртқа соның өзі де үлкен жұбаныш. Іс жүзінде олай бола алмай отыр. Одан-бұдан жымқырғандарына мастанып, шіренген шенеуніктер қара халықпен сөйлесудің өзін ауыр бейнеттей қабылдайды. Сондықтан тұрғындарға жақындамауға, қарамағындағы адамдармен сөйлеспеуге тырысады. Ел тағдыры үшін алаңдауды білмейтіндер де дәл осындай безірейген таскереңдер. Халықтың кімге барып көмек сұрарыңды, кімге барып шағынарыңды білмейсің деп ренжуіне де осындай жағдайлар себеп.
Осылай деу арқылы біз елде жібі түзу бір де бір басшы жоқ деген сөзді айтпақ емеспіз, әрине. Шүкір, хал-қадерінше қызмет етіп, есімдері ел аузына ілініп жүрген азаматтар бар. Халық «барған жеріне жан бітіреді, жұмыс жүре бастайды», деп сол баяғы Тасмағамбетовті мақтайды. Ара-тұра алыстан Сағындықов облыс экономикасын өрге бастырды деген сөздер естіледі. Сол сияқты, Мырзахметов мықты екен, Көшербаев қашандағысындай көшелі деушілер де жоқ емес. Осы санатқа Ізмұхамбетов пен Бозымбаевты қосқысы келіп жүргендер де бар. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі жақында Қызылорда облысының әкімі Қуандықовтың қырықтан астам ауылды машинамен аралап, халықтың тұрмыс жағдайын көзімен көргенін, жолдың нашарлығынан қуатты деген шетелдік автокөліктеріңнің өзі батып қалған кезде әкімнің машина итергеніне дейін жазды. Осындай игілікті істер әр әкімнің жұмысынан да табылатын болар. Біздің ойымыз солар көбейе берсе екен дегендік. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Дегенмен, ұлан-ғайыр жері бар Қазақстан үшін саусақпен санарлықтай ғана басшылардың ауызға ілінуі аздық ететін сияқты. Алда-жалда жеке басының абыройы мен өзіне құзырлы қызмет ұсынып, «хан» қылып төбесіне көтеріп отырған мемлекет мүддесі үшін аянбай еңбек ететін шенеуніктер қатары көбейіп жатса, илеуін келтірмек болған істеріміздің қазіргіден гөрі әлдеқайда әлеуеттене түсеріне де еш күмән жоқ.
Біз өзі қызық халықпыз. Кейде біреулердің «түрткілеуіне» ереміз деп жүріп нағыз жұмыс істейтіндерді жақтырмай қалатын кездеріміз бар. Мәселен, кешегі кеңестік дәуірде мемлекет үшін, өзі мүшесі болып табылатын партия үшін адал қызмет атқарған адамдарды «партократтар» деп кінәладық. Жәй ғана кінәлап қоймай, жер-жебірлеріне жеттік. Нәтижесінде бүгін партократтар да жоқ, терлеп-тепшіп еңбек ететіндер де күрт азайды. Ендігі жерде ешкімнің де жұрттан сөз естіп, босқа арамтер болғылары келмейді. Белсенді атанбай, тыныш қана жүргенді жөн көреді. Бұрын «орындаушылық тәртіп» деген қалыптасқан тіркес те бар еді. Ол кез келген деңгейдегі қызметкердің өзіне тапсырған жұмысты дұрыс орындап шығуы дегенді білдіретін және белгілі бір дәрежеде солай болуы талап етілетін. Әркім ойына не келсе соны істейтін нарық заманы кезінде оның да керегі болмай қалды.
«Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қарапайым адамдардың алдындағы менмендік, өркөкіректік, кеудемсоқтық жекелеген шенеуніктердің ең бір «бейкүнә» әдеттері болып кеткенін атап өте отырып, ондай кеспірсіз көріністерге қарсы күрес жүргізу қажеттігін ескертті. Түсінетін адамға осы сөз үлкен ой салса керек. Лауазымды қызметтерде жүрген азаматтарымыз басқаны ескермесе де, өздерінің мемлекеттің, оның ішінде, халықтың есебінен еңбекақы алып жүргендерін есте сақтаулары керек еді. Адамгершілік, адалдық, парыз деген асқақ мұраттарды былай қойғанда, жоғарыда айтылған жәйттің өзі-ақ басшылық тізгінін ұстаған ағайындардың өз істеріне жауапкершілікпен қарауларына себеп болуға жарап-ақ тұр.
Адамдардың тағдырларына алаңдау міндетіне жата қоймайтын нарық заманында басшыларға үнемі халық жағдайына қараса жүр деп талап қою үшін де он ойланып, жүз толғануға тура келеді. Бірақ, бүгінгі өмір шындығын көре отырып шенеуніктерімізге төтесінен қояр бір сауал да бар. Ол – неліктен сендердің іс-әрекеттеріңнен мемлекетшілдік мінез бой көрсетпейді деген сауал. Қазақстан деген мемлекеттің болуының арқасында жоғары лауазымға қол жеткізіп, атақ-мансапқа кенеліп отырған адам ең алдымен сол мемлекетке адал қызмет етуі тиіс. Кейбір шенеуніктер айтып жүргендей, «қайдағы бір қазақтар» үшін емес, бордақыда ұстағандай аузы-мұрындарын «майлап», өздерін асырап отырған мемлекет үшін тер төгулері керек олар. Осынау қарапайым қағида мемлекеттік қызметшілердің санасынан өзіне орын тапқан күні ғана олар атқарған істер қазіргідей көзалдаушылық сипатынан арылып, белгілі бір мақсаттарға жұмылған шынайы мәнге ие болмақ. «Тәу етеріміз сен» деп айта салуды әдетке айналдырған тәуелсіздіктің оны құрметтейтін баршаға қояр жалғыз талабы да осы.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.