• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2011

Тасымал жүйесінде тоқырау көп

409 рет
көрсетілді

Еліміздің географиялық жағ­дайы, соған орай оның жүк тасы­мал­дау ауқымы әлем елдерінің көліктік тасымалдау жүйесінен еш қалыспайтыны анық. Ал тасымал­даудың негізгі көзі автомобиль және темір жол жүйелері болып табылады. Бұған бірнеше мың ша­қырымды құрайтын су және әуе жолдары да қосылады. Соңғы кездері елімізде тасы­мал­дау жүйесінің маңызы арта түс­кені белгілі. Бірақ соған орай бұл саладағы негізгі кемшіліктер тасы­малдау жүйесінің жүйелі жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, құлашын кеңінен сермеуге тұсау салып отыр­ғаны да белгілі болды. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 19-шы отыры­сында айтылды. Отырыста қаралған мәселелер Көлік және коммуникация министрлігі саласына қатысты жайларға байланысты өрбіді. Соған орай баян­дама жасаған Көлік және коммуникация вице-министрі Еркін Дүй­сем­баев министрліктің және оның аумақтық органдарының жем­қор­лықпен күрес бойынша жұмысы ойдағыдай атқарылып жатқан­ды­ғын тілге тиек етті. Онда жем­қор­лық құқық бұзушылық жасауға мүмкіндік туғызатын кедергілерді жою бойынша бірқатар шаралар қолға алынған, қадағалау қызмет­терін құқықтық регламенттеу және қызметтерді ұсыну бо­йын­ша да бірқатар жұмыстар ат­қарылған. Тіпті баяндама­шы­ның айтуына қа­рағанда, WEB-сайтта «Көлік сала­сын­дағы жемқор­лық­қа тосқауыл» атты бөлім де ашылған көрінеді. Алайда, отырыста сөз алған Қоғамдық кеңес мүшелері еліміздегі автомобиль жолдарының на­шар­лығы көлік қатынасын мүлде тө­мендетіп отырғанын көлденең тарт­ты. Бюджеттен бөлінетін мол қа­ражат діттеген мақсатқа жетпейді, соның салдарынан қысқа жіп күр­меуге келмей, тапшылық қолды байлайды. Әсіресе, қолда­ныстағы техника мен техноло­гия­лар­дың ескіруі, инфрақұрылым саласының дамымауы салдарынан қазіргі тасы­малдау жүйесінің жұ­мысы қанағат­танарлық деңгейде емес. Жол қауіп­­сіздігі де халық­ара­лық талап нор­маларынан әл­де­қайда төмен жатыр. Мұның басты кемшілігі, балық ба­сынан шіриді дегендей, аталған министрлікте сыбайлас жемқор­лықтың шектен тыс өсуінде болып отырған көрінеді. Онда тек мемлекеттік сатып алулар саласында ғана 36 миллиард теңге көлемінде заң бұзушылықтар орын алған. Соңғы екі жылда Көлік және коммуникация министрлігі сала­сын­да сыбайлас жемқорлықтың едәуір ұлғайғанын оты­рысқа қа­тысқандар түрлі дәлелдер келтіре айтты. Өткен жылы аталған министрліктің қызметкерлері ара­сын­да 21 жемқорлық көрінісі анық­­талған, бұл – бұрынғы жыл­дармен салыстырғанда 40 па­йызға көп. Ал осы келеңсіз қыл­мыстардың түгелге жуығын, яғ­ни 90 пайызын Көліктегі бақылау комитетінің қызметкерлері жасап­ты. Александр ТАСБОЛАТОВ.