• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2017

Демалыс күндері дәрігерлік көмек қалай көрсетіледі?

260 рет
көрсетілді

Жуырда «ақ халатты абзал жандар» аталатын мамандық иелерінің жұмысына облыс әкімі Даниал Ахметов сын айт­ты. Дәрігерлер бұл күндері Гип­по­крат антын ұмытып отыр, деді аймақ басшысы. Әсіресе, мереке күндері ауырып-сырқа­майтын жан болмайтындай, өңір емханалары есіктерін тарс жауып, ешкімді жолатпайды.

− Жаңа жыл алдында облыс­тағы ең ірі аурухананың дәрі­герін шақырып алып, сөйлестім, − дейді Д.Ахметов. − Сендер неге үш-төрт күн бойы халықты қабылда­май­сыңдар? «Мереке ғой, Даниал Кен­жетайұлы», дейді әлгі бас дәрі­гер арқаны кеңге салып. Сонда 31 желтоқсанда операция жасатқан сырқат, қалған төрт күн бойы дәрігерлердің қарауында болмауы керек пе?! Сол сияқты 8 наурызда  Өскемендегі Оңалту орталығында болдым. Емханада  кезекші дәрігерден басқа  жан көрінбейді. «Неге ешкім жоқ?» деген сұрағыма: «Мереке», деп тақ етіп жауап берді. Осы жағ­дай­ды  өзге де ауруханалардан көр­дім. Конституцияның 29-бабы бо­йынша ел азаматтары денсау­лықтарын емдетуге құқылы. Ал демалыс және мереке күндері дәрігерлер жұмысқа шықпасын деген мораторийді кім шығарып отыр? Медицина мекемелері облыстың бюджетінен халық үшін қажетінше қаржыландырылады. Бұл қалай?

Облыс басшысының осы ескертпесінен кейін Өскемен мен Семей қалаларындағы ірі емханалардың жұмыстары тек­серілді. «Нұр Отан» партия­сының жергілікті филиалдары тексерген кезде белгілі бол­ғандай, дәрігерлер мереке, дема­лыс күндері халыққа ем-дом қызметтерін көрсетуден бас тартады екен. Бұл − респуб­ликаның біраз өңірлеріне тән көрініс. Тіпті,  дер кезінде көмек көрсетілмегендіктен адам өмі­ріне қауіп төнген жағдайлар кез­дес­кен. Дәрігерлер сөзі «қиналып бара жатсаңдар, «жедел жәрдем» шақырыңдар», дегенге саятын көрінеді.

Әрине, мейрам күндері адам­дар демалуы керек. Бірақ, дема­лыс күндері еңбек еткен дәрі­герлерге жалақы төлеу керектігі жөнінде де заңнама бар ғой, дейді облыс басшысы.

Қатаң тапсырма Семейге де жетті. Қала әкімінің орынба­са­ры Надежда Шарова, қалалық қоғамдық кеңес жетекшісінің орынбасары Жанна Жибраева Ұлыстың ұлы күніндегі демалыс күн­дерінде  қаладағы денсау­лық сақтау мекемелерінің қыз­метін тексеруден өткізді.  Ем­ха­налардың алдында жұмыс кестесінің орнына қаптаған қоқыс, шаң басқан үстелдер тек­серу тобын қарсы алыпты. Об­лыс әкімі дәрігерлер демалыс күн­дері кем дегенде сағат  9.00-ден түскі 13.00-ге дейін қыз­мет көрсетуі керек деген еді. Бірақ, емханаларда адам жоқ. Қада­ғалаушылар тобы ең алды­мен, қаланың сол жағалауында орна­ласқан  №19 емхананы тексерді. Ем-шара бөлмесінде бір кезекші дәрігер ғана отыр екен.

Мекемеге қанша халық қарайды? Қанша зейнеткер, жұмыс істеуші, ересектер қауы­мы тіркелімде тұр? Міндетті меди­ци­налық сақтандыру жүйе­сін енгізу мәселесі халыққа қа­лай тү­сін­діріліп жатыр? – деді Н.Шарова.

Бірақ, жауап берген адам жоқ. Әрине, барлық мекеме бір­дей емес. «Океан» ауданындағы аралас үлгідегі №2 емханада жағ­­дай мүлде басқаша. Бұл ме­ке­меде мереке күндері де дәрі­­герлер жұмыс істейді. Бас дәрі­гер орын­басарының айтуын­­ша, халық тиісті дәрігерлерінің қабылдау кес­тесін жатқа біледі және ал­дын ала жазылып қояды.  Мере­ке күндері дәрігерлердің ор­нын ке­зекші топ алмастырып отырады.

Айта кетелік, Шығыс өңірінде еліміздің басқа облыстарына қарағанда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі ауқымды. Ал тұрғындар тиесілі медициналық қызметті алуда қол­дан жасалған кедергілердің болмауын қалайды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

СЕМЕЙ

Соңғы жаңалықтар