Ұлттық студия түсірілімнің барлығы дерлік Маңғыстау облысында өтетіндігін мәлімдеп отыр. Фильмде Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Түсірілімдер үшін Ақтау қаласына жақын жердегі Қанға ауылында декорациялар тұрғызылып, елді мекен фактураланды.
Психологиялық шиеленіске толы драмалық картинадағы басты рөлдерге Асылхан Төлепов пен Алдабек Шалбаев бекітілген. Сондай-ақ, фильмге Мұхамеджан Мырзакиев, Дәулет Әбіш, Қанатбек Құрымбаев, Мақсат Сәбитов, Азамат Шарғын, Зухра Сайпи және басқалар түсетін болады.
Режиссер Әбіш Кекілбаевтың үздік туындыларының бірі «Шыңырауды» экрандау аса жауапкершілікті талап ететіндігін айтады.
– Көптеген отандық кинематографистер Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша фильм қоюды және экрандауды армандады. Алайда, әлі күнге дейін повесть экран тілінде сөйлеген емес. Сценарийді төрт жыл бұрын жазып, түзетулерді күні бүгінге дейін енгізіп отырдым. Қазір менің бар қалауым – Әбіш Кекілбаевтың повесі деңгейіндегі фильм түсіру. Біз локация мен натура таңдауда көп жұмыс атқардық. Барлық актерлер бекітілді. Бір-екі күнде Маңғыстау облысына түсірілімдерді бастауға жолға шығамыз, – дейді режиссер Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Сарапшылық кеңесінде.
– Халықты сумен қамтамасыз етіп ризашылығына бөленуді мақсат етумен басталған жұмыстың соңы қызғанышқа айналады. Ал бәсекеде шек болмайды. Шексіздікке ұмтылу тылсым күшпен тайталасқанмен бірдей. Оған адамның ақылы да, күші де жетпейді. Еңсептің қасіреті де осында. Режиссер ретінде маған Еңсептің жан-дүниесін көрсету маңызды. Прозаның тілінде жақсы қолданылған тәсіл кинематографияда ұтымды болмай, тіпті маңызын бере алмай қалады. Сондықтан да фильмге повесте жоқ кейбір өзгерістер енгіздім. Жалпы, повестің сюжеттік желісін, фабуласын сақтадым, – дейді Жаңабек Жетіруов.
Картинаны шығарма деңгейінде түсіруді мақсат тұтқан режиссер тек кино тілімен баяндап қоймай, өз тарапынан тың шешімдер жасайтынын айтуда.
Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілуде.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ