1988 жыл. 15 тамыз.
Аспан теңіз бетіндей көкпеңбек. Тұп-тұнық. Алатаудың көк торғын етегі мұнарсыз мүлгіп, көкке шаншылған шыңдары шаңқиып тұрды.
Таңғы серуеннен келіп, үйге кіре бергенім сол еді, телефон шылдыр ете қалды.
– Алло, тыңдап тұрмын, сізді…
– Бұл – Фрунзеден. Мен Жәлел Садықов...
– Ә, Жәке! Сәлеметсіз бе?
– Сәлем, Ілия! Ильке, мен Қырғызстан мәдениет министрлігінен… осында бас редактормын ғой. Бізде КСРО халық артисі, Қырғыз КСР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің бас дирижері, Асанхан Жұмахматов деген кісі бар емес пе, өзіңнің досың, сол Асекеңнің бір сәлемін айтайын деп…
– Иә, Жәке!
– Бүгін Фрунзеде… кешкі сағат жеті отызда Тоқтағұл Сатылғанов атындағы филармония залында «Шыңғыс Айтматов және музыка» деген әдеби-музыкалы кеш өтеді. Афишалары біраз күннен бері ілулі тұр. Концерттің екінші бөлімінде «Жәмила», «Қызыл орамалды шырайлым, менің» повестері бойынша жазған төрт әнің орындалады. Осы концерт жайында Асекең Алматыға барған бір сапарында өзіңмен ақылдасып, келісіпті.
– Ондай әңгіме болған, Жәке.
– Бұл – Шыңғыстың алпыс жылдығына орай өткізіліп жатқан мәдени шаралардың бірі ғой. Өзіңе екі-үш күннен бері үзбей телефон соқтық. Үйде болмадың. Енді ғана сәті түсті. Білем, уақыт тығыз. Келгенің жақсы. Күтеміз.
Мен еш ойланбастан барамын, Жәке, – дедім.
Қырғыздың өзіммен дос-көңілдес көрнекті ақыны, драматург Жәлел Садықовпен арадағы бәтуәлі сөз осылай болды.
Біз тез жиналып, кіші ұлым Данияр мен жеті жасар немерем Әлияны алып, өзіміздің «Волгамен» жолға шықтық. Сергек сезімді, жарқылдаған Данияр: «О, здорово, Шыңғыс Айтматовпен жүздесеміз! Мен – Даниярмын ғой! Шыңғыстың Даниярымын! Ал, біздің Алюшка Шыңғыс ағамен бірге суретке түседі, телевизорға шығады!» деп қатты қуанды. Адам мұндай сәтте толқиды, кейбір жайды еске алады. Мен зал лық толған үлкен концертті елестеттім. Сан-саққа жүгіріп, шарқ ұрған қиялым мені Фрунзеге қарай әкетіп бара жатты…
Даниярдың әні
«Жәмила» повесінде Жәмиланың қайнысы Сейіт: «Ар-дайым бир жакка жол жүрөрдө мен ушул алкашы жөнекей жыгаштан жасалган сүрөттүн алдына келип турам. Мына ертең де айылға жөнөймүн. Сүрөтту карап, мен андан жолума ак тилек бата алып жаткан өңдүү, аны көпкө тиктейм» дейді.
Сейіт суретші еді. Сейіт Жәмила мен Даниярдың суретін салса, мен бұл екі ғашықтың махаббат әнін жаздым! Махаббат әні! Әр кез Фрунзеге, қырғыз еліне жолым түседі. Сонда сапарға шығар алдында мені де сол өз әндерім толғанысқа салып, қилы-қилы ойларға жетелейді.
Міне, мені өткен күндер елесі елеңдетіп, жол үстінде ән тербетіп келеді.
Қалай шығып еді, сол әндерім?
1959 жылдың тамыз айы.
Университетті бітіріп, «Қазақстан пионері» газетіне қызметке тұрып, аз күнге елге келгем-ді. Біздің ауыл жылда өздерінің қонатын жайлауы – суы кәусар Көлме-Көлдің жағасында отырған-ды.
Қаратаудың батысқа қарай созылатын көп сілемі бар. Соның бірі – Ақтау. Ақтау біздің ауылдың тұсында биіктейді. Оның күн жеп, жел мүжіген қызылқоңыр кереге тастарын жарып шығып, алтын сәулесі алуан түспен құбылып, жамырай жүгірген күміс үнді бұлақтары осы Көлме-Көлге келіп құйылады. Жан-жағы сірескен қара жартас, жаратылыс өзі шегендеп тастаған Көлме-Көл бірде сұлудың көзіндей тұнып, мөлдірейді, жатады керіліп, бірде толқиды көбік шашып. Балалық кез, жастық дәурен, беймаза жүрек ұйықтатпайтын айлы түндер… бәрін еске салатын Көлме-Көл, бұл! Сылаң қаққан аққу, қазы жарқылдаған қиялым болып жан тербейтін Көлме-Көл, бұл! Алғашқы жүрекжарды әнімнің алабұртқан толқындай қызулы лебін берген Көлме-Көл, бұл!
…Кіші бесін кезі. Үйде кітап оқып отырғам-ды. Күн қызуы қайтқан шақ. Тау жақтан қоңыр салқын леп білінді. Сапырылған толқын үні естілді. Көл шуы, ол! Еліктірді. Дәл осы кезде сырттан таныс үн шықты. Бізбен туыс Нұрғали ағай! Менен төрт-бес жас үлкен. Өзі мұғалім. Тарихшы, әдебиетші. «Тірі Тәттімбет!» Домбырасы адамша «сөйлейді». Сөзге тұйық, көп үндемейтін тұңғиық жан.
– Ілия, көлді аңсаған шығарсың, -деп ол күле сөйлеп үйге кіре берді.
– Иә, – деп Нұрғалимен қуана қол алыстым.
– Сейілдеп қайтайық, – деді ол қолындағы ескі журналға үңіліп, – қымыз бар ма?
– Отырыңыз, Нұреке.
Екеуміз бір-бір тостаған қымыз іштік. Сыртқа шығып, үй іргесіндегі көлді жағалап кете бардық.
Нұрғали соғыстан кейінгі жылдары Алматыда Казпидің жанынан ашылған екі жылдық мұғалімдер курсын бітірген-ді. Арада біраз жыл өткен соң ол сол институттың тіл-әдебиет факультетіне сырттай оқуға түсті. Осы өткен шілдеде Алматыда болып, кезекті сессиясын тапсырып қайтқан-ды.
Нұрғалиға көзімнің астымен қарап қоям. Ол әлденеге іштей толқулы. Біз үн-түнсіз көл жағалап біраз жүрдік. Бір кезде төбемізден жалғыз аққу ұшып өтті. Нұрғали оған ұзақ қарады. Мұңайды. Дел-сал. Қабағында кірбің. Ол енжар көңілмен: – «Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовты жүздестіре алдың ба? Астанада жүрсіңдер, – деді, – шіркін-ай, өзімен бір тілдесер ме еді!».
Мен күтпеген сауал. Бірден не дерімді білмей бөгеліп қалдым. Ол әп-сәтте ғайып болған аққудың соңына сарыла қадалды. Оның осы бір қобалжулы кейпіне таңғалып, біреулердің: «Нұрғалиды езіп бара жатқан не ой?» дейтін сөздері есіме түсті. Әкесі Асан атамыз ел-жамағатқа сөзі өткен, аса ықпалды, салт жөнін мықты ұстаған, өз дегені болған, жуантұғыр, мығым жан еді. «Өзіміздің ескі сүйек… өзіміздің Алсайдың қызы!» деп жалғыз ұлы Нұрғалиды ай-шайға қаратпай, жар таңдатпай, жап-жас қалпында Рахима жеңгемізге үйлендіріп қойған-ды. Үш ұл, бір қызы бар. Бірақ, Нұрғали салқын… қабағы қатыңқы жүреді.
Нұрғали «Шыңғыстың Данияры! Оның жүрегі» – деді сәл ғана күлімсіреп.
Сөйтті де ол қолындағы журналдың беттерін аша бастады. «Алатоо» журналы… әбден ескірген, кей жері сызылған, кей тұсына леп белгісі қойылған; біраз беттері жоқ, жыртылған. Түбі қайта түптелген. 1958 жылғы оныншы саны.
– «Обон» деген повесть.
– Нұреке, «Жәмила» ғой бұл!
– Иә, былтыр осы повесть «Новый мир» журналының сегізінші санында жарияланыпты. Ол қолға түспеді. Алматы жұртшылығы оқып, дуылдасып жатыр екен. Іздедім. Таптырмады. Жоқ, біреудің қолынан көрдім де, бірақ, иесі бермеді. Орысшасы мықты деседі. Мына «Обонды» осы сапар Фрунзеден алдым. Әйтеуір оқып үлгердім. Ал, менен кейін оқығандардың ісін қара, кей бетін жыртып әкетіпті.
Нұрғалидың қыз реңіндей жұмсақ, ұяң өңіне дыз етіп қызыл нұр ойнап шыға келді. Анау-мынауға былқ етпейтін жанның шарасы кең жанарынан ұшқын білініп, ол тепсіне тулаған бұла сезімін зорға тежеп, жай ғана толқыған көлдің ақ жолақ боп тартылған алыс шетіне тебірене қарап: «Қызық екен, – деді ол мырс етіп, – бәрінің аты өзгерген. Адам аты, жер аты… Шыңғыс оны өзінше атапты. Біздің ауылдағы болған жайды ол кімнен естіген? Кім жеткізген Шыңғысқа, оны?».
Нұрғалидың бұл сөзіне мен іштей таңғалдым да қойдым.
Осы әңгімеден кейін адамға сыр аша қоймайтын томырық жан маған үйіріле берді. Онымен бір сұхбатты күндер басталды.
Шіркін, салқын самалы лып-лып еткен жайлаудың айлы түндері! Нұрғали екеуміз күнде көл жағасында ұзақ қыдырамыз. Көлме-Көлдің айдыны қалайыдай жалтырап, жай ғана шымырлап жатады.
Сондай бір тып-тынық мақпал түн…
Көк жүзінде жақұт шашылғандай… жұлдыздар! Толықсыған алтын ай! Үнсіз ғана демін алып, тау қалғиды.
Ауыл жақтан сызылып ән естілді. Түн тыныштығын бұзбайтын бір ұяң, биязы үн. Нұрғали көлге төне қарап тұрып: –
Тыңда… тыңда! – деді селт етпей ұйып, - бұл ән біздің ауылда баяғыдан бері айтылады. Оны өзің білесің. Тыңдашы:
Жайдың бир гана толук кезинде,
Адырлуу ғана тоонун бетинде…
– Шыңғыстың «Обоны» оқыла бастағалы бері біраз саябырсыған бұл ән қайта жаңғырды. Қалиқа, Сәбиға, Бәтималар… осы шешелерің, жеңгелерің салған ән. Сен соғыс жылдарында кішкентай баласың. Біз есейіп қалған едік. Көп жай есімізде.
– Біз де көрдік, кейбір жайды, Нұреке.
– Иә... Шыңғыстың мына шығармасын оқыдың ба, өзің?
– Оқыдым. Орыс тілінде.
– Сол жылдар келді ме, көз алдыңа?
Мен үнсіз ғана бас изедім, сол өмір жалт-жұлт еткен елес боп.
– Соғыс мезгілін жазушылар көп жазды, Ілия. Оқыдық біразын. Қызықтылары бар, әрине. Бірақ, Шыңғыстың «Жәмиласындай» кітап жазылмапты. Өзі пышақ сыртындай ғана, жұп-жұқа. Жан-жүректі тербейтін бір ыстық тебіреніс. Біздің ауылдағы болған өмір… таңғалам осыған. Иә… иә, сол сұрапыл жылдарда мына маңқиып тұрған тау қойнауы азалы үнмен күңіренді. Көлме-Көл ыңырана сыздады. Ел жылап жатты. Сол жылап-сықтаудың ара-арасында күлкі де тыйылмады. Күлкі шапағы күн сәулесіндей ойнады. Менімше ол – қайғыны, бақытсыздықты жеңетін махаббат па, қалай ойлайсың, а, Ілия? Шыңғыстың көзі! Қалай көреді, а? Шыңғыстың жүрегі! Қалай сезеді, а? Шыңғыстың толғанысы! Төгіліп тұрған ақынжанды бір болмыс. Қара сөздің ақыны, ол! Солай ойлаймын.
Міне, Ілияжан, «Жәмила»… кез келген бетін аш та оқи бер! Мысалы, мына бір жерін ...
Ілия ЖАҚАНОВ
(жалғасы бар)