• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2011

Меморандумға қол қойылды

429 рет
көрсетілді

Жуырда облыс әкімінің баспа­сөз қызметі маңызды да қуанышты бір хабарды таратты. Яғни, осыдан оншақты күн бұрын Эр-Риядта Семейде өкпе ауруларын емдейтін балалар ауруханасын салуға 7 миллион АҚШ долларын грант есебінде бөлу туралы меморандумға қол қойылыпты. Екі жақты құжатқа Сауд Арабиясы корольдігі қаржы ми­нистрінің орынбасары Сүлей­мен ат-Түрки мен Шығыс Қа­зақ­стан облысы әкімінің бірінші орын­басары Серік Әбденов қол қойған көрінеді. Баспасөз парақшасында Сауд Арабиясы тарапынан Корольдің мұндай шешімі Қазақстан бас­шы­сы Н.Ә.Назарбаевтың 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні ретінде атап өту туралы ұсынысын қолдағанының белгісі және Семей атом поли­го­ны­ның жабылғанына 20 жыл толуына орай бауырлас араб елінің көрсет­кен көмегі екендігі атап көр­се­тіл­ген. Мұның сыртында аталған мемлекет басшылығы Елбасымыздың халықа­ра­лық деңгейдегі беделін жоғары ба­ғалайтындықтарын жеткізе отырып, біздің елдің Ислам Конференциясы Ұйымына жемісті төрағалық ететініне тілектестіктерін білдіріпті. Туберкулез бүгінде жер бетінде кеңінен тараған ауру түрі болып табылады. 1993 жылы Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымы өкпе ау­руын адамзаттың жаһандық мә­се­лесі деп жариялаған еді. Жер ша­рының үштен бір бөлігі осы індетке шалдыққан. Әлемде жыл сайын 8,4 миллион науқас тіркеліп, соның 2 миллионға жуығы көз жұмуда. Семейде де жылына жүзден астам жеткіншек өкпе ауруына шал­ды­ғып келеді. Сондықтан мұнда 80 орындық аурухана салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда құ­ры­лыс нысанының орны анықталып, медициналық мекеменің жобалық-сметалық және техникалық-эко­но­ми­калық құжаттары әзір тұрған көрінеді. Онда науқастарға барлық қолайлы жағдай жасалмақ. 6 қабатты ғимараттағы әр палата 2-3 науқасқа лайықталып жасалмақ. Жет­кіншектер осында емделе жа­тып, сабақтарын жалғастырмақ. Ау­ру­хананың әкімшілік бөлігінде конференц-зал, мұрағат, тренаж­дық зал салу жоспарланған. Бұл – Семей атом полигонының жабыл­ғанына 20 жыл толуына орай осы өңір жеткіншектеріне үлкен қамқорлық. Енді аталған араб елі Семей қаласында салынып жатқан үш мың орындық жаңа мешіт құры­лы­сына да көмектеспек көрінеді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.