Семей қаласына арнайы жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдай бойынша комитеті төрағасының орынбасары Марат Кульдиков пен Шығыс Қазақстан облысы бойынша ТЖ департаментінің басшысы Нұрлан Мадьяров тасқын суға байланысты жағдайларды бақылап көрді.
Сапар барысында Марат Кульдиков №2 «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару» отрядының тыңғылықты дайындығын тексерді. Және Семей қаласындағы Шығыс өңірлік аэромобильдік құтқару тобының 7-ші бөлімінің де шұғыл жағдайлар орын алған кездегі даярлықтары да назардан тыс қалмады. Ертістегі су ағыны, сеңдер қозғалысы бақылауға алынған. Бүгінде Семей қаласы бойынша 81 991 текшеметр ағын су сорып алынған.
Еріген қар суы қаланың бірнеше көшелерін, атап айтқанда, Туристік, 108 және 112, Рубцовская, 57 а, Огородный 60 мекенжайларында орналасқан жер үйлерді алып кеткен. Бұл жерлерде суды сорып алу жұмыстары жүрді. Және Семейдің Шығыс кентіндегі Жомартбаев 56 мекенжайында су жинақтап, сору жұмыстары жүріп жатыр.
Ертісте қалың мұздың қабаты сөгілді. Бірақ, әзірше өзеннің суы көтерілген жоқ. Сеңнің тоқтап қалуы Затон аумағының 1-шағын ауданында байқалады. Қазіргі міндет – осы сеңдерді өзен ағысымен жылжытып жіберу. Сол үшін су деңгейінің мониторингі күн сайын зерттелуде. Семей қалалық ТЖ басқармасының мамандары айтқандай, бүгінде су деңгейі 202 см құрап отыр. Жағдай әзірше бірқалыпты.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ