Президент архивінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары» атты анықтамалық жарық көрді. Үш жылдан аса уақыт бойы дайындалған еңбекте елдің тәуелсіздік жылдарынан бастап бүгінгі институционалдық реформаларға дейінгі мемлекеттік басқару құрылымының эволюциясы қамтылған.
Құжаттық хроника 800 беттен, үш тараудан тұрады. Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина басылым архившілер мен ғалымдардың бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Құжаттық тұрғыдан тексерілген, шынайы ақпарат көзі бола алатын анықтамалық басылымды дайындау жұмысы бірнеше жылға созылды. Мұнда тек 1991 жылдан бергі мемлекеттік мекемелердің тарихы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару институттарының эволюциясы, саяси шешімдер қабылдау тетігі мен алгоритмінің көрінісі берілген. Басылымның елде баламасы әлі жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Бұл – Президент архивінде қызмет ететін архивші-практиктер мен ғалымдардың шығармашылық одағының, түрлі мемлекеттік орган өкілдерінің еңбегінің нәтижесі», деді Ә.Мұстафина.
Анықтамалық – Президент архиві дайындаған серияның төртінші басылымы. Бұған дейін 2004, 2007, 2012 жылдары үш нұсқасы жарық көрді. Жаңа басылым барлық алдыңғы буындарды біріктіріп, 1991–2024 жылдар аралығындағы кезеңді қамтиды.
«Басылымның ерекше құндылығы – Президент архивінің қорлары. Мемлекеттік органдардың құрылуы, қызметі, құрылымы, өкілеттіктері, сондай-ақ қайта ұйымдастырылуы немесе жойылуы туралы қысқаша, бірақ тарихи дерегі нақты, ведомстволардың бағыныстылығы мен ішкі құрылымындағы өзгерістері толық берілді. Мұндай жинақты көпшілікке жүйелі түрде үлкен тиражбен қазақ, орыс тілінде бірінші рет жинап отырмыз», деді Президент архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов.
Кітап таныстырылымына мемлекеттік органдар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Соның ішінде Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Әлібек Ахмедьяр, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов бар. Олар басылымға жоғары баға берді.
Саяси ғылымдар докторы, профессор Жомарт Симтиков анықтамалықтың атқарушы билік органдары тарихына ғылыми бағытталған навигатор рөлін атқаратынын айтты.
«Бұл жинақ ғылыми мәнге ие, себебі ол мемлекеттік басқару тарихына қатысты жүйеленген құжаттар массивін ғылыми айналымға енгізеді, әкімшілік реформалардың тарихын зерттеуді дамытады, саяси тарих, құқықтану, архивтану саласында эмпирикалық база бола алады,» деді сарапшы.
Былтыр Президент архиві алты құжат жинағын, «Жаңа архив» журналының төрт санын оқырман назарына ұсынды. Тәуелсіздік жылдары Архив ел тарихындағы маңызды оқиғаларға арналған шамамен 90 құжаттық басылымды дайындаған. Олардың қатарында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардан бастап елдің қазіргі даму кезеңіне дейінгі деректер бар.