• RUB:
    6.11
  • USD:
    472.03
  • EUR:
    540.29
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 16:35

Мемлекеттік Туды пайдалану ережесі өзгерді: нені білу керек?

Үкімет мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік Туды ғимараттарға, тұрғын үй нысандары мен балкондарға 45 градус бұрышпен орналастыруға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаулыда мемлекеттік Туды пайдалану кезінде сақталуы тиіс талаптар да нақтыланған. Мәселен жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы керек. Ережеде бұған дейін міндетті саналған түнгі жарықтандыру талабы алынып тасталды.

Сондай-ақ мемлекеттік Туды жеке және қызметтік автокөліктердің ішінде пайдалануға рұқсат етіледі. Алайда Ту жерге, еденге немесе суға тимеуі тиіс. Егер Ту тік ілінсе, ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет. Жыртылған, өңі кеткен, ластанған немесе бүлінген Туды пайдалануға жол берілмейді.

Мемлекеттік рәміздер асқақтаған күн

Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты Туды ілу мүмкін болмаса, оны ғимарат маңындағы арнайы ту тұғырына орналастыруға болады. Сонымен қатар мемлекеттік Тудың кез келген үлгісі ұлттық стандарт талаптарына сәйкес болуы міндетті.

Қазақстан туы Солтүстік Американың ең биік шыңында желбіреді

Құжатта мемлекеттік Туды қолдануға қатысты бірқатар тыйымдар да сақталған. Атап айтқанда, оны жарнамалық немесе коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайды. Сондай-ақ Туды киім-кешекке, төсек-орын жабдықтарына, пердеге, дастарқанға, кілемше мен басқа да тұрмыстық бұйымдарға қолдануға тыйым салынады. Алайда мемлекеттік рәміздің бейнесі спортшылардың жарыс киімі мен спорттық жабдықтарда бұрынғысынша пайдаланыла береді.

Премьер-министр қол қойған қаулы 13 шілдеден бастап күшіне енеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісу облысында Елтаңбаны қоқыстан алып шығып үйіне іліп қойған блогер айыппұл арқалаған болатын. Тексеру нәтижесінде оған мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланғаны үшін 50 АЕК көлемінде, яғни 216 250 теңге айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар