• RUB:
    6.11
  • USD:
    472.03
  • EUR:
    540.29
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 16:18

Көлік вице-министрі Астана-1 теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстарын тексерді

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана-1 теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, нысанды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде нысанның дайындық көрсеткіші 41 пайыз, деп жазады Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс сапары барысында мердігер ұйымның, жобалаушының және техникалық қадағалау өкілдерінің құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі барысы, құрылыс кестесінің сақталуы және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есептері тыңдалды.

Нысанның жалпы ауданы – 8 409 шаршы метр. Қазіргі уақытта ғимарат қаңқасы мен шатырын орнату жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді, электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін монтаждау жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, перрон мен конкорстық өткелдің құрылысы, вокзал аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша вице-министр мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын қажетті қарқынмен жүргізуді, жұмыс сапасына бақылауды күшейтуді және реконструкциялау жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Еске сала кетейік, Астана-1 теміржол вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жаңартылған вокзал жолаушылардың барлық санаттары үшін жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділікке қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес болады.

Соңғы жаңалықтар