• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:50

Көмір саласы кешенді дамуға бет алды

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көмір энергетикасын дамыту мен көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі қаралды.

Отырысты ашқан Үкімет басшысы алдымен Президент тапсырмасына сәйкес Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.

«Қазір сарапшылар мен қоғам қайрат­керлерінің қатысуымен Конституцияның барлық новелласы бойынша ақпарат­тық-түсіндіру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр», деді О.Бектенов.

Осы ретте бүгінгі қарқынды баяулатып алмау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Премьер-министр бірқатар министрліктер мен уәкілетті мемлекеттік органдарға жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруды, барлық мемлекеттік органға түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды.

Күн тәртібіндегі негізгі тақырыпқа көшкен Премьер-министр еліміздің көмірмен қуат өндірудегі әлеуетіне тоқталып, саладағы артықшылықтарды тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайда көмір энергетикасын дамытудың маңыздылығына тоқталып, көмірмен қуат өндіру ісі бойынша Ұлттық жоба қабылдауды тапсырды. Жоба аясында 5 жыл ішінде жаңа станса салу және қолданыстағы 11 стансаны жаңғырту есебінен 8 ГВт қосымша энергия қуатын алу көзделіп отыр. Көмір өнеркәсібі және көмір стансаларында электр энергиясын өндіру отандық отын-энер­гетикалық кешеннің негізгі салалары саналады. Олар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы ел экономикасында көмірмен қуат өндіру ісінің маңызын әрдайым атап өтіп, саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар бағыттарды айқындап берді. Көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреміз. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз, оны тиімді пайдалануымыз керек», деді Премьер-министр.

Олжас Бектеновтің сөзінше, көмір әлем елдерінде, соның ішінде ең көп энер­гия пайдаланатын өндірістермен қатар, цифрлық платформалар үшін де ма­ңыз­ды қуат көздерінің бірі болып қала бере­ді. Сонымен қатар кейінгі уақытта қор­шаған ортаға әсері барынша аз «Таза көмір» технологиясы белсенді дамып келеді.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Бұл бағытта Қытай, АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея  және басқа елдердің қалыптасқан тәжірибелері бар. Кейінгі жылдары көмірқышқыл газы мен қоспа­ларды 90%-ға дейін ұстап қалып, зиян­ды қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін  жаңа технологиялар қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Премьер-министр қолданыстағы көмір стансаларын жаңғырту, ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін азайтып, тиімділігін арттыру мақсатында белсенді қолдану қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ елімізде тұтыну көлемінің өсуі мен цифрлық активтердің қарқынды дамуын ескере отырып, энергия нысандарын жоспарлы әрі уақтылы іске қосу керек.

«Мемлекет басшысы жаңа Жылу стансаларының құрылысын жеделдету қажет­тігін атап өтті. Қазақстанда тұтыну көле­мінің өсуі мен цифрлық активтердің қар­қынды дамуын ескере отырып, энергия нысандарын жоспарлы әрі уақтылы іске қосу керек. Осы мақсатта наурыз айын­да көмір генерациясы бойынша Ұлт­­тық жоба қабылданды. Энергетика ми­нистрлігі «Самұрық-Энерго» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Ұлттық жобаның орындалуын ерекше бақылауға алсын. Әрбір жаңа стансаның іргетасын қалаудан бастап  іске қосуға дейінгі барлық жұмыстың нақты жоспары болуға тиіс», деді Үкімет басшысы.

Энергетика министрі Ерлан Ақкен­женов Президенттің тапсырмасы аясында 2026 жылғы 20 наурызда «Көмір генера­циясын дамыту» ұлттық жобасы бекітілгенін мәлімдеді. Жоба жиын­тық қуаты 7,8 ГВт болатын жаңа өнді­рістерді іске қосу, қолданыстағы стансаларды жаңғырту, заманауи тазарту жүйе­лерін енгізу, көмір өндіру мен логис­тиканы дамыту, кадр әлеуетін күшей­ту және тұрақты инвес­тиция тартуды қамтиды. Еліміз әлемде көмір қоры бо­йынша 10-орында (33,6 млрд тонна). Бұл қазіргі қарқынмен 300 жылдан ас­там уақытқа жетеді. Негізгі кен орын­дары Қарағанды, Екібастұз және басқа бассейндерде орналасқан. Биыл көмір өндіру көлемі 128,9 млн тоннаға жету­ге тиіс. Былтыр 115,9 млн тонна өнді­ріліп, оның 85,9 млн тоннасы ішкі нарыққа, 30 млн тоннасы Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзияға экспортталған. Салада 40 жер қойнауын пайдаланушы 41 келісімшартпен жұмыс істейді, 32 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ал инвестиция көлемі былтырғы 305 млрд теңгеден биыл 553,5 млрд теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ жыл соңына дейін 10 учаскеге аукцион өткізу жоспарланып отыр.

Елімізде көмір генерациясының жаңа қуат көздері салынады. «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Қайрат Мақ­сұтов­тың айтуынша, 4 ірі жоба іске асы­рыл­ады. Барлық жобалар энергия тапшы­лығын азайтуға бағытталған. Жаңа стансаларда цифрлық мониторинг енгізіліп, «таза көмір» техноло­гиялары (SCR, сүзгіл ер, күкірт тазарту) қолданылып, экологиялық талаптар сақталады.

Үкімет отырысында «Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының орынбасары Асылбек Жұматаев 2026–2032 жылдарға арналған кешенді даму жоспарын таныстырды. Компания – еліміздегі ең ірі көмір өндіруші, қоры 2,4 млрд тонна, жылдық қуаты 42 млн тонна (ел өндірісінің 38%-ы), 6,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы құны 360 млрд теңгені құрайтын жос­пар аясында 114 млрд теңгеге заманауи технологиялар енгізу, 132 млрд теңгеге жабдықтарды жаңарту, 114 млрд теңгеге өндірісті жаңғырту мен цифрлық трансфор­мация қарастырылған.

Ал «Qarmet» компаниясы энер­гетикалық қуат көздерін арттырып, көмір химиясын дамытып жатыр. Компанияның басқарушы директоры Ербол Исмаиловтың айтуынша, қазір ЖЭО-2 мен бу-ауа стансасының жиынтық қуаты шамамен 400 МВт болса, болат өндірісін 5 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарымен қажеттілік 630 МВт-қа өсіп, тапшылық туындайды. Осыған байланысты ЖЭО-2 базасында 300 МВт болатын екі жаңа энергия блогін салу көзделген. Сонымен қатар ЖЭО-да қазандық салу, газ құбырларын ауыстыру, түтін құбырларын жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Компания көмір химиясын дамыту аясында 422 млн долларға №8-9 кокс батареяларын, 166 долларға кокс газын тазарту жүйесін іске асыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, жылына 35 мың тоннаға дейін шикі бензол, 15-тен астам өнім өндіру көзделген.

Павлодар, Қарағанды, Абай облыстарында да энергетикалық қуатты арттыру мен көмір саласын дамыту бағытында ірі жобалар жолға қойылған. Жаңа нысандар салынып, қолданыстағы стансалар жаңғыртылып, өңірлердің энергия тапшылығын азайту көзделген. Жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып, мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Энергетика және Экология министрліктері бір ай ішінде энергия көздерін талдап, «таза көмір» технологиясын енгізудің жол картасын әзірлеуге тиіс. Қолданыстағы стансаларда заманауи тазарту жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу, олардың тиімділігін арттыру әрі халықаралық тәжірибені бейімдеу қажет. Сондай-ақ 1 шілдеге дейін көмір химиясын дамытуға арналған мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру тетіктерін әзірлеу, цифрлық технологиялар арқылы өндіріс тиімділігі мен еңбек қауіпсіздігін арттыру жоспарын бекіту тапсырылды.