Cирияға зымыран шабуылы дегенде, АҚШ-тағы соңғы президенттік сайлау науқанын еске түсіретін екі нәрсе бар. Біріншісі – Трамптың ол сайлауды «АҚШ күш-қуатын сыртқы жанжалдарға емес, ішкі проблемаларды шешуге жұмсауы тиіс» деген ұранмен жүргізуі. Екіншісі – республикалық кандидат пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы түсініксіз сыйластық және осыған байланысты «Трамптың президент болуына Ресейдің де ықпалы бар» деген пікірдің пайда болуы.
Ал соңғы бірнеше күндегі жағдай қандай? АҚШ сыртқы саясатын өзгертеді, халықаралық мәселелерге көп килікпейді деген жаңа президент Мәскеу тікелей қолдап отырған Сирияның әскери базаларын бомбылады. Және қай кезде? Қытай басшысы Си Цзиньпин Трамппен алғаш рет кездесу үшін АҚШ-қа ресми сапармен келген күні.
7 сәуірдегі оқиға әлемдік қоғамдастық үшін күтпеген жағдай болды. Мұны саясаткерлердің, сарапшылардың пікірі анық көрсетеді. Ресми пікір негізінен екі түрлі болды. Батыс басшылары Трампты бірауыздан қолдады. «Өз халқын газға тұншықтырған Асадқа бұл лайықты жауап», деді олар.
Мәскеудің реакциясы сәл кештеу шықты. Владимир Путин АҚШ соққысын «агрессия» деп бағалады, бұл жағдай «Ресей-Америка қатынастарына айтарлықтай зардабын тигізетінін» айтты.
Иран Сыртқы істер министрі Жавад Зариф «Вашингтон химиялық қару қолданды деген жалған айыптау негізінде әскери күшке жүгінді», деп мәлімдеді.
Қытай бұл оқиғаға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Ал сарапшылар «Неге бұлай болды?», «Трамп жаһандық мәселелерге кіріспекші ме?», «Ахуал енді қалай өрбиді?» деген сұраққа жауап іздеді. Соның ішінде Обаманың кезінде АҚШ Сириядағы жағдайға араласпап еді, енді міне қайта оралды, ол үшін Асадтың химиялық шабуылын пайдаланды деген пікірлер көбірек айтылды.
Бүгінге дейін Трампты үздіксіз сынап келгендердің көбі оның бұл шешімін жоғары бағалады. «Трампты қанша жек көрсе де болады, бірақ бұл жолы оның дұрыс жасағанын мойындау керек. Тіпті, бұзылған сағаттың өзі тәулігіне екі рет дұрыс уақытты көрсетеді емес пе?», дейді The Guardian.
Сарапшыларды бұл оқиғадан кім не ұтады деген сұрақ та мазалап отыр. Ресейлік саясаттанушы Григорий Голосов бұл жөнінде былай дейді: «Асад АҚШ пен Ресей арасында Сирия бойынша келісім жоқ жерде ғана жаны қалатынын жақсы біледі. АҚШ Сирияға құрлықтан басып кірмейді, мұны да түсінеді. Ал әуеден жасалған шабуыл онша қауіпті емес. Асад ДНР-ЛНР сияқты қуыршақ емес, оның өз ойыны бар. Идлибке химиялық шабуыл АҚШ пен Сирия арасындағы «келісімді» мүлдем жоққа шығармаған шығар, бірақ қатты қиындатып жібергені анық. Асад дегеніне жетті. Ал Ресей не ұтты?».
Енді не болады дегенге келсек, бұл да күрделі сұрақ. «Саясаткер ретінде Трамптың алдағы әрекетін болжау мүмкін емес екен. Ол Асадқа көзқарасын айналасы бірнеше күн ішінде өзгерте салды. Ендеше, алда не болатынын болжау қиын», дейді ВВС-дің Таяу Шығыстағы шолушысы Джереми Боуэн.
Британдық Times газетінің хабарына қарағанда, Мәскеу Сирия президенті Башар Асадты қолдауын қоймаса, Лондон Ресейге санкцияларды күшейтуді талап етпек. Ал Ресей мен Иран Сирияға шабуылдар қайталанған жағдайда әскери күшпен жауап беретінін білдірді. Ресейдің Лондондағы елшілігі Батыс Мәскеуге ультиматум қоймағаны дұрыс, оның соңы нағыз соғысқа апарып соғады, деп мәлімдеді.
Осы аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Мәскеуге барады. Ол «Үлкен жетіліктің» атынан Ресейге Асадпен байланысты үзу, Сириядағы әскерін әкету жөнінде ультиматум апарады деген болжам бар. Сонымен қатар, бұл кездесуде Владимир Путинге «Үлкен жетілікке» қайта кіру туралы ұсыныс жасалуы мүмкін. Қырымды қосып алғаны үшін Ресей «Үлкен сегіздік» қатарынан шығарылған болатын. Бірақ Путин қайта оралғысы келеді деген пікір айтылып қалып жүр. Бірақ ол үшін Ресей Сириядан кетуі керек.
«Ресей ультиматумға көнбейді. Бірақ Сирияның көп нәрсеге кедергі болып отырғанын Мәскеу түсінеді», дейді Daily Telegraph.
Ал Сирияға шабуылдан кейін не өзгерді? Ресей Сириядағы операциялар кезінде авиациялық ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше оқиғаларды болдырмау туралы АҚШ-пен арадағы меморандумды тоқтатты.
Жерорта теңізінің Сирия жағалауына қанатты зымырандармен қаруланған «Адмирал Григорович» әскери кемесін жіберді.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон 10 сәуірге белгіленген Ресей сапарынан бас тартты. «Сириядағы оқиғалардан кейін ахуал күрт өзгерді. Маған қазір «Үлкен жетілік» кездесуі алдында АҚШ және өзге де елдермен байланысты жалғастыру маңызды», деді ол. Джонсон «орыстарға айқын әрі келісілген үндеуді» сол кездесуден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон жеткізетінін айтты. Оның бұл шешімі Мәскеу тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Ержан Әбдіраман, «Егемен Қазақстан»