1 миллионға жуық халқы бар өңір орталығы – Шымкентте саябақтар аз. Орталықтағы парктерге күші жетіп, етігін қонышынан басқандар жасыл желек атаулыны көктей солдырып, алды тойхана, соңы мейрамхана, көңіл көтерер орындар салып тастаған. Кезінде қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров салғызған дендробақтан басқа аптаптан қорғары жоқ шаһарда жұрт жанын қоярға жер таппай сенделіп кетер еді.
Оңтүстікте пысық, иненің көзінен өтетін жігіттерді «Ташкен көрген» деп мақтап жатады. Ал мұсылман елдерінің ішінен Түркия – Еуропаға ашылған терезе іспеттес, халықаралық туризмнің баға жетпес орталығы. Ұзақ жыл Түркияда Қазақстанның елшісі болып қызмет жасаған Жансейіт Түймебаев ондағы өмірді жақсы біледі. Жері тау-тасты Түркияда шатқал, қолат, асулар саябаққа айналдырылған, туризм арқылы табыс табуға да аса қолайлы.
Ал саябағы аз Шымкентте өріс қуалаған малдан басқаға пайдасы аз шатқалдар өте көп. Осының бәрін тізімге алғызған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев шатқалдарды халықтың демалыс аймағына айналдырудың іс-шарасын қыс ортасында-ақ бастап кеткен.
Халыққа керек дүниеден сол халық сайлаған қалаулылар сырт қалмақ емес. Облыс әкімінің жақсы идеясын бірінші болып қолдап, бүгінге дейін өзі мойнына алған шатқалға төрт мыңнан аса көшет еккен облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев кәсіпкерлерді тізе қосып бірге қимылдауға шақырған еді.
Жақында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бағдарлама аясында жүзеге асырылатын 16 шатқалға жауаптыларды бекітіп, басшыларына алғыс хат пен сертификат тапсырды.
Жауапкершілікке алынған шатқалдардың жалпы көлемі 226 гектарды құрайды. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысады. Үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының құрылысын жүргізу жоспарланған.
− Ертең алдымызда шіліңгір шілде, яғни жаздың аптап ыстығы келе жатыр. Әсіресе, жаз мезгілінде облыс орталығындағы экологиялық ахуал тіпті қиындай түседі. Адам басына шаққандағы демалыс аумағы бүгінде небәрі 3 шаршы метрді құрап отыр. Сондықтан, «Шатқал» бағдарламасын тездетіп іске асыруымыз қажет. Көктемнің керемет шағын пайдаланып, ағаш отырғызу ісін тездетуіміз керек. Осындай игі бастамаға қолдау білдіріп, жауапкершілік алып отырған азаматтар мен мекеме басшыларына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сонымен қатар, 104 көшеде ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта «Шатқал» бағдарламасы аясында 47 шатқал іске асқанда жалпы орманды алқап көлемі 16 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Облыс орталығының әрбір тұрғынына кемінде шамамен 16 шаршы метрлік жасыл желек қажет. Бұл қажеттілікке аталған бағдарлама толық іске асқанда қол жеткізілмек.
Кездесуде «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаевқа 8 гектар, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевке 8 гектар, облыстық мәслихат депутаттарына 17 гектар, кәсіпкер Рәшкүл Оспаналиеваға 10 гектар, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшевқа 10 гектар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 10 гектар, Қ.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің ректоры Уәлихан Сейділдәұлына 10 гектарлық шатқалдардың картасы мен сертификаты берілді.
Шатқалдар ел игілігіне тапсырылғаннан кейін әрқайсысына Шығыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің атауы берілмек. Саябақ ішінде ғұламалардың өсиет, нақыл сөздері тасқа қашалып жазылады. Мұның өзі болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие мектебі болатындығы сөзсіз.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы