• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр 11 Сәуір, 2017

Оралдағы «Гамлет»

410 рет
көрсетілді

​Әйгілі Шекспирдің әлемді шарлаған «Гамлет» трагедиясы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасынан көрінді. Қойылымның режиссері – Жігер Мырзалиев.

Сонау ХVІІ ғасырдың басында жазылған бұл пьеса әлемнің жүздеген тіліне аударылып, талай сахнада қойылды. Біз жас режиссердің неліктен бұл классиканы таңдағанын сұрадық.

– Әр театрдың, әр режиссердің өз Гамлеті бар. Ғасырлар бойы жүріп келе жатқан бұл қойылым ешқашан тұғырдан түспейді. Өзім осы «Гамлет» шығармасын 14 жасымда мектеп кітапханасынан алып оқыған едім. Сол кезден-ақ жаныма жақын болып кетті. Пьеса оқиғасынан, онда жазылған жағдайлардан мен өз өміріме әлдебір ұқсастық тауып ала беретінмін. Көптен ойланып, қойсам деп жүрген дүниенің сәті бүгін түсті, – дейді Жігер Мырзалиев. 

Айта кету керек, көрермен қауым оралдық «Гамлетті» өте жылы қабылдады. Премьера екі күн қатар өтсе де аншлаг болды. Актерлардың сәтті ойыны, қоюшы суретші Қайыр Оразғалиевтің қиялынан туған қызыл-жасылды костюмдер оқиғаның мәнін одан әрі байытты.

– Театр әлеміне төрт ғасыр бойы Темірқазық болған «Гамлетті» театрымыз абыроймен алып шықты! Басты рөлдегі Жылқыбай Жұбатов Дат ханзадасын көрермен өз ортасынан шыққан адамдай қабылдады. Жас əртістің алысу-жұлысуға, жұдырықтасуға ептілігі де, айқас үстінде қанжар мен қаруды меңгеруі де сүйсінтті. Тәжірибелі актер Ербол Есендосов Клавди королді жылпос, арамдығын ішке бүккен зымиян қалыпта шебер сомдады. Гертруда королева рөліндегі Бақытгүл Жақыпова да солай, – дейді қойылымнан алған әсерімен

бөліскен көрермен Динара Қыдырбайқызы.

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры бұдан бұрын Шекспирдің «Гамлетінен» де көне шығарма – Еврипидтің «Троя арулары» трагедиясын сәтті сомдаған еді. Бұл қойылым халықаралық «Боспорские Агоны-2015» және «Стоби-2016» фестивалінде Гран-При, «Үздік режиссура», «Үздік әйел рөлі» аталымдарын жеңіп алған. Белгілі ақын, тәжірибелі актер Қуаныш Амандықов басқарып отырған театр ұжымы 2016 жылы ғана көрерменге 11 премьера ұсынды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ

Соңғы жаңалықтар