Қазіргі таңда әлемді рухани емес, диуани секірік (өзімнің терминім) билеп тұр. Дәлелдеп көрелік.
«Кітап оқу» деген тіркес, ұғым жоқ десе де болады. Мұны жалпақ жұрт емес, сол саланың, яки тіл мамандарының өзі мойындап қойған әлдеқашан. Тек бірді-екілі болмаса. Әйтеуір, жастардың мүшәйраға қатысып, өлең жазуы ғана көңілге медеу. Алайда, көбінің сарыны мұң, махаббат. Ұлттың, ұлтшылдықтың лебі баяу, кемсін.
Енді секірік дегенімізге келейік. Көшеде, далада, аспанда, қалада дейміз бе, жас та, жасамыс та құлағына ілген әлгі наушник (құлаққап) серік, көрік болып тұр. Тыңдайтыны – секірік. Кәдімгі даңғырлақ музыка. Мынау не? – деп сұрасаң, – «қазақша» деп қояды.
Қай телеарнаны аш – секірік. Жартылай жалаңаш қазақ қызы. Суға түскен, өмірден баз кешкен, жігіт қызды қуған, қыз жігітті қуған ерекше ғалам. Күні-түні бала-шаға көріп, көзайым ететін әдеттегі дүниеге айналды.
Тойға барсаң да сол. Шоу-думан «Жаманның сүйенгені топ пен дүрмек» (Абай) шуылдақпен бірге шулап, санамызды улап жатқан жай. Ән айтып, күй күмбірлеткен шағымыз көзден бұл-бұл ұшқан. Бала кездегі қазақ радиосынан берілген күй, ән қайда қалды?! Біздің буынның ұлттық мәйегін мәпелеген қайран Қазақ радиосы еді. Сосын көркем әдеби шығарма еді. Бәрі ертегі, көзден көмескі, санадан үріккен.
Жуырда күйші, жазушы Сержан Шәкірат күйшілер қоғамын құру жөнінде дабылды үндеу мақала жариялады. Көңілдегі тоттанған тұтқыр датты жалтыратқандай. Егер қолдаушы болса, екі қол, екі аяқты көтеріп-ақ кірісетін нәрсе. Әттең, дейміз тағы да!
Іле-шала «Қазақстан» арнасындағы «Айтуға оңайдан» тағы осы мәселе жылт етті. Әйгілі күйшілер Б.Ысқақов пен Ш.Әбілтай күйшілердің орталығын құру туралы мәселе көтерді. Бұл хабарда да біз айтқан түйткілдер ортаға салынды. Алматыдағы салт-дәстүр орталығында күйшілер отауы көтерілсе құба-құп деген бастамасы сол айтылған жерде қалмаса екен деп тіледік.
Осыдан бірер жыл бұрын Қарағандыда айтыскер ақын Қ.Мақсұтов республикалық «Шертпе күй» отауын құрды. Ол отау жұмысы жақсы-ақ басталды. Алайда, Тәттімбеттің мерейтойын өткізді, күй фестивалі дүбірледі. Бітті, аяғы осылай сиырқұйымшақтанды.
Былтыр күйші Қ.Садуақасов (атақты Дәулетбек күйшінің ұлы) облыстық деңгейге көтеріп, « Шертпе күйді» жалғап еді, бірер концерттен соң түрлі себеппен жұмысы тоқырап тұр.
«Баланы – жастан» деп жатамыз. Мектепте бастауыш, одан соң 5-6 сыныптарда ғана 1 сағат музыка сабағы бар (осылай аталады). Күй өнері деген тақырып жоқ. Жәй ақпарат ретінде айтылған. Күй, ұлттық ән жеке сабақ ретінде аптасына 2-3 рет берілсе ғой деп армандайсың.
Тағы телеарналардағы хабар беретін шақтағы қойылатын демеу саз. Тап бір қылмыскерді жазаға тартатын шақтағы берілетін қорқынышты, үрейлі даңғырлақ. Ойбай-ау – күй қайда, күй қайда?! Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, т.б. күйшілер, аруағыңыз кешірсін. Сіздердің рухи үндеріңіз тек арнау-
лы түрлі байқау, сынақтарда, арнайы оқу орындарында болмаса, ұрпағыңыз білмейді де, естімейді де...
Мемлекеттік мәні бар шаралардан күй де, күйші де шетқақпай. Дәстүрлі ән болса, болмаса да шетке сырылған. «Құрманғазы», «Отырар сазы», біздің облыстық Тәттімбет атындағы, т.б. оркестрлерді мемлекет шамасы келгенше ұстап отыр. Алда-жалда концерт бере қалса, көрермені жасамыс адамдар.
Алаштың дүние жүзі мықтыларымен таласа алатын алтын әуенді күйі өзінің ұрпағына, төл перзентіне жат болмағы кімге қажет!? Әрине, әлгі бізді аңдып жүргендер көп. Олар қол шапалақтап, қуана, бір көзін қысып қарап отыр. Тіпті, өзінің секірігін, даңғырлағын тыққыштайды. Қазақ байғұс талмай жұтып жатыр. Содан болар, әніміздің сөзі ғана қазақша, сүйегі батысша. Тіптен, алпыс екі тамырымызды жайлап, қанымызда жын болып ойнақ салуда. Театр жағдайы жөнінде сөз қозғасаң, тағы шығандап кетерміз. Ол бір «романның» арқауы.
Енді не істемек керек?! Күресейік, тіресейік, жығылайық, тұрайық. Шама келгенше, хат па, үндеу ме, жолдау ма – халыққа, төрде отырғандарға қарай бағыттайық. Дүние жүзі халықтарының арасындағы қазаққа ғана берілген рухани мұрамыз үшін жан салайық, жағаласайық.
Марқұм А.Сейдімбек «Күй – күмбез» кітабында: «Күйші орындайтын шығармасының тарихын, авторын айтып тартқан.Тыңдаушыға сонда ғана етене етесің», – деп кестелеп еді ғой.
Өз дүниеміз өзімізге жат болып бара жатқан заманда бірлесе қимылдамасақ, ертеңгі рухани келешегіміз қалай болар екен? Өз басым білетін дүниемді барған жерде тартып, орындап жүрмін. Бабалар аманатына адал болайын дегенім болар, біраз шертпе күй де шығарыппын.
Төкпедегі Алпыс екі баулы Ақжелең, шертпедегі Қосбасарлар ұрпақ құлағына бүгін там-тұмдап жетпесе ертеңімізге бұлдыр.
Күйімізді, әнімізді беретін радио желісі, арнайы телеарна, мектепте, орта, жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытсақ, сосын қоңыраудың орнын күймен алмастырсақ – сегіз ұлымен қауышқан Ерназар болар едік-ау, шіркін!
Күй өнеріне деген енжарлықты оятатын аузы дуалы ағалар! Бастамаға – қостама жасаңыздар. Бармақ тістеп қалмайық ертең. Әйтпесе:
Өзі түгіл өзгеге пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге, –
деген Абай дана сөзінің кері болары хақ.
Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ, сазгер
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ботақара кенті