Дауылпаз ақын, жерлесіміз Қасым Аманжоловтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты газет, журналдар бетінде көптеген мақалалар, естеліктер шығуда. Осы орайда біз де ақынның бұдан көп жылдар бұрын жазылған бір өлеңінің тарихын оқырман қауымға ұсынып отырмыз. Өлең орыс тілінде жазылған. Сондықтан да болуы керек, ол кезінде өлең жинақтарына кірмеген. Ақын өлеңді соғыс уақытында (1944 ж.), жауынгерлік газеттің редакциясында қызмет істеп жүрген кезінде жазыпты.
Қасым Аманжолов Орал пединститутын бітірген. Ленинградтың орман шаруашылығы институтында оқыған. Тіпті орыс ақындарының өлең, поэмаларын қазақшаға аударған. Мысалы оның ішінде Пушкиннің «Полтава», Лермонтовтың «Маскарад», Маяковскийдің «Бар дауыспен», Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмалары сияқты іргелі туындылары бар. Ақын бұл аудармаларды жасау үшін сөз жоқ, орыс тілін жетік білуі керек. Сондықтан оның орыс тілінде өлең жазуы күдік тудырмауы тиіс деп ойлаймын.
Енді негізгі тақырыбымызға көшейік. Бұл оқиға бұдан 50 жылдай бұрын болған еді. Ол кезде мен Алматыда ҚазГУ-дің аспирантымын. Мамандығым тарихшы, осы факультеттің Қазақ ССР тарихы кафедрасында оқып жүргем. Кафедраны белгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов басқаратын. Менің зерттеп жүрген ғылыми тақырыбым «Қазақстан еңбекшілерінің Ұлы Отан соғысы жылдары азат етілген аудандарға берген көмегі» туралы.
Бір күні мені Ерекең шақырып алып: «Ғылыми тақырыбыңа байланысты сен архивтерде көп жұмыс жасауың керек. Ал іздейтін архив материалдарың негізінен Москвада, Ленинградта. Тіпті Орел облысына да бару керек болар. Өйткені өзің білесің, соғыс уақытында Қазақстан Орел облысын қалпына келтіруге тікелей қатысқан ғой. Мен саған университеттен бір жарым айға командировка алып берейін, (ол кезде аспиранттарға командировка беру шектеулі кез) тез жиналып жүріп кет», – деді.
Сонымен, мен 1962 жылдың маусым айында Москвадан бір-ақ шықтым. Москва, Ленинград қалаларының архивтерінен өзіме керекті көп материалдар таптым. Жоғарыда айтылғандай, Ерекеңнің ескертуіне байланысты көп кешікпей Орел қаласына келдім. Соғыстың біткеніне біраз уақыт өткеніне қарамастан, бұл қала соғыс зардабынан әлі арыла қойған жоқ екен. Маған керек материалдар облыстық архивте. Архив қаланың бір шетіндегі ескі шіркеуге орналасыпты. Сонымен осындағы материалдарды бірнеше күн ақтара отырып, бір күні «Брянский рабочий» газетінің бір бумасын (ол кезде Брянск қаласы Орел облысына қараған және аудан орталығы болатын) қолыма түсірдім. Сол газеттің 1944 жылғы жаз айларының бірінде шыққан санынан қазақ халқының Орел облысына жасаған көмектері туралы жазылған материалдар кездесті. 1944 жылы Брянск қаласына Қарағанды облысынан делегация келгені, олардың орелдықтарға 9 вагон сыйлық әкелгені хабарланыпты.
Ал газеттің келесі нөмірінде Қасым Аманжоловтың орыс тілінде басылған өлеңіне кез болдым. Өлеңнің басына «Приветствую тебя, Брянск!» деп жазылған. Өлеңге берілген түсініктемеде Қазақстаннан (оның ішінде Қарағандыдан) келген делегация мүшелерінің Брянск қаласының завод, фабрикаларында, жақын селоларында кездесулер өткізгені, сондай-ақ бұл делегацияның қалаға жақын орналасқан Қызыл армия бөлімшесінде болғаны туралы жазылған. Сол кездесуде осы бөлімшеден шығатын «За родину» әскери газетінің редакциясында қызмет істейтін Қасым Аманжоловтың болғаны, ал Қасым ағамыз қазақ халқының достық көмегін мадақтап, толғана өлең жазғаны айтылған. Сөйтіп, мен осындай олжаға кездестім және оны толық көшіріп алдым.
Алматыға келгеннен кейін өлеңді жарыққа шығару әрекетіне кірістім. Ең бірінші, сол кезде қазақ тілінде шығатын газет-журналдар редакциясына апардым. Бірақ сол редакцияларда отырған бірде-бір редактор, не бөлім басшылары ақынның бұл өлеңін басуға келісім берген жоқ. Тіпті өзіме: «Қасым не жазбады дейсің, қайдағы бір табылған өлеңді әкелесің» деп дау салды. (Өкінішке қарай, сол кездегі редакторлардың аты-жөндерін ұмытып қалыппын, әрине іздестірсе олар да табылады ғой). Сөйтіп жүргенде «Қазақ әдебиеті» газетінің бір қызметкері: «Осында Қасымның жолдасы, тіпті соғыста бірген болған қандыкөйлек жолдасы Сырбай Мәуленов ақын қызмет істейді, сен соған бар. Мына өлеңді сол кісіге көрсет», деді. Содан мен Сырбай ағаға бардым. Ол кісі өлеңмен танысып, маған былай деді: «Сен былай істе. Осы өлеңді «Казахстанская правда» газетіне апар, тіпті өлеңнің өзі орыс тілінде жазылған екен. Ол газеттің мәдениет бөлімінде менің бір жолдасым қызмет істейді. Мен оған телефон соғып қояйын».
Сырағаң айтқан ақылмен «Казахстанская правда» газетінде істейтін орыс журналисіне бардым. Ол бір ақкөңіл азамат екен. Қасым Аманжоловты жақсы білетінін айтып, бұл өлеңді қалайда газет бетіне шығаруға көмектесетініне уәде берді. Сөйтіп, өлең тұңғыш рет «Певец победы, бурии огня» деген атпен сол газеттің 1963 жылғы 9 мамыр күнгі санында жарыққа шықты. Екінші рет жеңіске 40 жыл толуына байланысты менің түсініктемелеріммен «Простор» журналының екінші санында басылып шықты. Ендігі жерде өлеңнің осы уақытқа дейін қазақ газет-журналдарына басылмағанын, не қазақша аударылмағанын ескеріп және Қасым ағамыздың туғанына 100 жыл толуына байланысты қалың оқырманға таныстыру мақсатында «Егеменге» ұсынып отырмын:
В те дни, когда крылатыми мечтами,
Бродил я по горам и небесам,
Полный таинственными чудесами,
Не раз мне снились
Брянские леса.
В будущем потоке жизни бурной
Померкли в памяти моей те сны.
И вдруг разгневанный, как туча хмурый,
И я стою на берегу Десны.
На том же берегу где Брянск курчавый
Склонился над немолчною рекой.
Где тучи так державно-величаво,
Плывут к лесам на отдых и покой.
Да, это Брянск прославленный лесами,
Во сне завлекший некогда меня.
Мне о себе рассказывают сами
Леса и воды, камни и поля...
Брянск, раненый со славой ветерана,
Хранит как прежде, гордый облик свой.
Как будто чувствуя неловкость, своей руки
Смущенно прекрывает он листвой.
Как много ран! Но раны заживают,
Тяжелых пыток памятны следы.
Здесь каждый камень злобой пылает,
О мести шепчут нежные сады.
Как буря, нарастает гнев порою,
На берег волны рвутся из Десны.
И тучи злобно-яростый играют,
Суровят лик красавицы – весны.
Мне кажется, что тронутся, волнуясь,
В тревоге партизанские леса.
Всю Брянщину свободную, родную,
Поднимут громовые голоса.
Промчится буря. Разойдутся тучи,
Спешит на запад гневный ураган.
Шумит, ликует снова Брянск кипучий,
Звенят девичий смех и птичий гам.
Прими, Брянск, вольный скромный дар поэта,
Певца победы, бури и огня.
Идет к тебе с подарками с приветом,
Казахская Республика моя.
Қасым ағамыздың 100 жылдық торқалы тойына біздің тартуымыз осы болсын.
Әзірхан ЖҰМАСҰЛТАНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Қарағанды.