• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Сәуір, 2017

Төрт қақпалы Түркістан

461 рет
көрсетілді

Әнін жазған Шәміл Әбілтай

Сөзін жазған Төреғали Тәшенов

Уа, тыңда,

Төрт қақпалы Түркістан!

Қос қақпалы Қожа Ахмет!

Ғасырлардың сынағына шыдаған,

Қабырғасын Қызыр-Баба сылаған

Қасиетті Көк Күмбез,

Тұрсың ба,

Уа, дін-аман!

Алыстан Хақ дем берген,

Арыстан Баб тең көрген,

Тақуалар жол берген,

Мүсәпірге қол берген,

Халайықты меңгерген,

Машайықты жөн көрген,

Әзіреті Сұлтан ҚОЖА АХМЕТ,

Зиярат етіп келген – мен...

Шырқау асып шығып кеткен Санадан

Үкі құс боп жеткен сен бе дана жан?!.

Бауырына Бұхараны балаған,

Серігіне Самарқанды санаған

Сендей кентті таба алам ба даладан –

Асық еткен жеріме гүл Жаһанды,

Нәсіп еткен төріме Алла Тағалам!

Уа, тыңда,

Бай өлке ұлыс – байтағым!

Жатсынып жоқ қайтарым,

Сақсынып бар айтарым:

Қаншама жыл ғаріп болып саф ділге,

Арып-талып жеткен кезде ақ күнге,

Қарсы қойып қауымыңды хақ дінге,

Ұрпағымды ұйытпасын жат кірме.

Далам үшін жолын кесіп Тауымның,

Күлше салман керсеніне кәуірдің.

Тілің менен жырың және діліңе

Қоса тұт деп түзу дінін Тәңірдің,

Төрт тараптан түгел қостым түркі ұлын

Тоғысында ғасырлар мен дәуірдің.

Уа, тыңда,

Төрт қақпалы Түркістан!

Қос қақпалы Қожа Ахмет!

Дұғаң сенің жатыр жалғап жер-көкті.

Аямаған өз басыңнан құрметті,

Әз-Көреген Әмір Темір дүр текті.

Құдығыңның суын алтын тілләмен,

Дінмұхамед Қонаев боп тербетті.

Атыңды атап, Алашымды әлемге,

Назарбаев Нұрсұлтан кеп өрлетті.

Көк байрағым көкте биік желбіреп,

Қазағыма Тәуелсіздік төрлетті.

Беу, Түркістан, Әзірет Сұлтан,

Көк күмбезің Күн астында көрнекті!