Осының алдында бұл театр «Достар сертін» сахналағаны белгілі. «Ер Төстік» − еліміздің мюзикл тарихындағы екінші қойылым. Халқымыздың ең әдемі қиял-ғажайып ертегілерінің бірі көрерменге мюзикл түрінде ұсынылды. Ертегі кейіпкерлерінің есімі көбіміздің жадымызда бала кезден жаттаулы болса, Ер Төстік пен Шалқұйрық, Кенжекей мен Бекторы, Темір хан мен мыстан, тағысын тағы бейнелерді енді сахнадан ұшырастырдық.
Әлемдегі алғашқы мюзиклдер тұсауы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары кесілген болса, содан бері дүние жүзінің ең таңдаулы театрларында жүздеген мюзиклдер қойылды, әлі де қойылу үстінде. Оның ішінде ең табысты мюзиклдердің қатарында америкалық ақын Томас С.Эллиоттың шығармасына негізделіп жазылған «Мысықтарды» атауға болады. Ол АҚШ-та және Ұлыбританияда бірнеше миллионнан аса көрермен жинаған атақты мюзикл. Жиырма жылға жуық уақыт әлемнің сахналарынан түспеген мюзикл шынында да өте керемет. Мұны не үшін айтып отырмыз дегенге келсек, мюзикл жасағанда сол елдің, мемлекеттің талғамы, менталитеті ескерілетінін мамандар айтады.
«Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Ер Төстіктің» премьерасына халық көп жиналды. Жаңалыққа жаны құмар жұртшылықты актерлердің ән айта жүріп билегені, билей жүріп бір-бірімен жауаптасатыны, арасында неше түрлі қимыл-әрекет жасағаны, үстеріне киген әдемі костюмдері, бір сәтте ауысып отыратын керемет декорациялар қызықтырғаны сөзсіз. Мюзикл ертегі желісінде түсірілгенімен, оны сол қалпында қайталамайды. Сценарист пен қоюшы режиссердің авторлық шешімдері сәтті жүзеге асқан. Бірақ, техникалық кемшіліктер де жоқ емес екенін айту парыз. Микрофоннан шығатын бір ғана жарықшақ дауыстың өзі әп-әдемі композицияны бұзып жіберуге толығымен жететіні онша ескерілмеген.
Мюзиклде кәдімгі Адам ата, Хауа ана заманынан бергі адамзатты толғандырған мәселелер философиялық тұрғыда қойылып, әрбір кейіпкер мен іс-әрекет символға айналған. Мифологиялық, діни, философиялық қабаттар арқылы танымды байыту көзделген. Либреттоның авторы жас сценарист Әннас Бағдат былай дейді: «Либреттоны жазу барысында ертегінің барлық нұсқасын оқып шықтым. Түркілік дүниетанымымызды бейнелейтін ұғымдардың культтық этимологиясын іздеп тауып, таныстым. Әрине, оның бәрі ұзақ әңгіме. Негізгісі мынау – халықтың арманынан жаралған бас қаһарманның «сегіз қырлы, бір сырлы» екендігі. Ертегіде оның бейнесін достары толықтырады. Ал, мюзиклде «достары» бас қаһарманның бір-бір қасиетіне айналды. Мысалы, Шалқұйрық – ақыл, Таусоғар – ұят, Саққұлақ – адалдық, Желаяқ – сабыр, Көлтауысар – құт, Епті – қарекет және Қырағы – сенім. Осындай қасиеттерді бойына жинаған Төстікке дүниеде ең қымбат нәрсе – ар. Музыка тасасында жұтылып кетпеу үшін актерлердің «ар» сөзін бірнеше рет айтуы тиіс болды».
Мюзиклдің қоюшы режиссері – Есләм Нұртазин, музыка авторы – Болатбек Нұрқасымов. Ал актерлер – жаңадан ашылған «Astana Musical» театры үшін арнайы таңдалып алынған жас мамандар. Айта кетейік, «Ер Төстік» мюзиклі ЭКСПО қарсаңында да көрермендерге тарту етіледі.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА