– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясынан не күтесіздер?
Лео ШИК,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғамдық келісім жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы, сессия делегаты:
– Бұл жиыннан біздің күтеріміз көп. Бұл басқосудың бұрынғы басқосулардан мәні өзгерек боларына күмәніміз жоқ. Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана барша қазақстандықтарды рухани жаңғыруға бастайтын, тағылымды тарихымызды таразылауға, ел мен жерді қадірлеп, қастерлеуге шақыратын, ХХІ ғасырдағы рухани бет-бейнемізді айқындайтын бағдарламалық мақаласын жария етті. Алдағы алқалы жиында Президент әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге жол ашатын стратегиялық құжатты жүзеге асырудың нақты жолдарын нұсқап, Ассамблея мүшелеріне тың міндеттер жүктейді деп ойлаймын.
Равиль ЮНУСОВ,
Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар лигасы төрағасының орынбасары, татар этномәдени бірлестігінің мүшесі, сессия делегаты:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының әр басқосуының өзіндік орны бар. Сессияның әр жиыны өзгеше өтеді. Алқалы жиынды асыға, тағатсыздана күтетініміз содан болса керек. Биылғы басқосу, сөз жоқ, Елбасының жуықта баспасөз бетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын кең көлемде талқылауға арналады деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мән-маңызы неде деп ойлайсыздар?
Лео ШИК:
– Аталған мақалада Елбасы прагматизм мәселесіне ерекше екпін береді. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз», деді. Мен айтар едім, нағыз прагматик ол – біздің Президент. Ол кісінің ерекше қасиеті, болашақты болжай біледі. «Әуелі – экономика, содан кейін саясат», деді. Экономиканы көтерді, елдің әл-ауқатын жақсартты. Одан кейін саясатқа да кезек келіп, елдің бас құжаты – Конституцияға өзгерістер енгізіліп, Парламент пен Үкіметтің құзыреті кеңейтілді.
Енді, міне, рухани жаңғыру мәселесі халықтың назарына ұсынылып отыр. Рухани, ұлттық құндылықтарын қастерлеген елдің қай кезде де мерейі үстем. Елбасы Ұлы Даланың ұлы тарихын ұлықтауға, туған жерге ту тігуге шақырып отыр баршамызды. Президенттің: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды», деуінде үлкен мән жатыр. Расында, қиындықтар көп болды. Бір ғана соғыс жылдарын алып қараңыз. Қаншама ұлттар туған мекенінен ажырап, Қазақстанға күштеп жер аударылды.
Алайда, бауырмал қазақ халқы бөтенсің деп ешқайсысының кеудесінен итерген жоқ. Барымен бөлісті. Қамқорлығын көрсетті. Соның нәтижесінде олар аяқтарынан қаз тұрып, өсіп, өркендеді. Біз қазақ халқының бұл қамқорлығын ұмытуға тиісті емеспіз. Алғыс айтуға тиіспіз. Осыдан бір-екі жыл бұрын корей ұлты өкілдерінің бастамасымен қазақ жеріне депортацияланған ұлттар мен ұлыстар атынан «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш ашылды. Бұл – ұрпаққа үлгі боларлық дүние, қиын кезде пана, сая болған ұлтқа деген құрмет.
Равиль ЮНУСОВ:
– Президент мақаласы мен секілді жастардың ғана емес, бүкіл халықтың көңіліндегі дүниелерді дөп басқан секілді. Әсіресе, жастардың білім көкжиегін кеңейтуге қатысты айтқан сөздері замандастарымды бей-жай қалдырмайтыны анық. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деді Елбасы.
Расында да, біз, жастар білімді болмасақ, көп тіл білмесек, бәсекеге қабілетті бола алмаймыз.
Жазып алған Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН