Ертіс бойының шебер аналары тіккен алып Қыдыр ата бейнесі Дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Инсталляцияның биіктігі – 5 метр 58,5 сантиметр.
Павлодар қаласында өткен «Қыдыр ата – береке мен бірліктің нышаны» атты ауқымды іс-шарада биіктігі 5,5 метрлік «Алып Қыдыр ата» инсталляциясы таныстырылды. Ерекше композиция береке мен молшылықтың, бірлік пен ізгіліктің белгісі ретінде жиналған жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Таныстыру рәсіміне Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов қатысып, алып нысанның Дүниежүзілік рекордтар кітабына («World Book of Records») енгенін мәлімдеді.
Жаңа рекордқа мұрындық болған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Жүгінісова Қыдыр ата бейнесін заманауи нұсқада дәріптеу арқылы жас ұрпаққа ұлттық дүниетанымды сіңіру, халықты бірлік пен берекеге шақыру сияқты міндеттер атқарылып отырғанын, сондай-ақ мұндай жобалардың маңызы тереңде екенін атап өтті.
Іс-шара аясындағы әсерлі сәттердің тағы бірі – әке мен балаға арналған ұлттық ерлер шапандарын бір мезетте кигізу рәсімі болды. Қазақтың ұлттық қолөнер дәстүрін жалғастырып жүрген шебер аналардың қолынан шыққан шапандар 500 қатысушыға арнайы дайындалған. Бұл рәсім әке мен бала арасындағы рухани байланысты, отбасылық тәрбиенің маңызын, ұрпақтар сабақтастығын терең бейнелейді.
Павлодар облысы