Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай бас қалада бұрын-соңды болып көрмеген ауқымда әскери парад өтетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Астананың іргесінде қос тіккен жауынгерлер осы салтанатты шеруге күн құрғатпай қызу дайындалуда. Сарбаздар салтанатты шараға әзірленіп, жер-жердегі бөлімдерден әскери техникаларды жеткізіп, олардың ақауларын жөндеп, бояп-сырлап жатыр.
Қорғаныс министрлігі саланың қуатын өзімізге де, өзгелерге де паш ететін ауқымды шараға әзірлік барысын журналистерге таныстыру үшін 68665 әскери бөліміне медиа-сапар ұйымдастырған болатын. Бір топ журналист әскери полигон аумағына аяқ басқан уақытта ат шаптырым жерде 120 шатыр тігулі тұрғанын көрді. Лагерьдің шет жағында тағы 12 шатырда шаруашылыққа қажетті заттар, азық-түліктер сақталады екен.
Жауынгерлерге арналған әр шатырға 40 сарбаздан орналасқан. Сарбаздар мен курсанттар сәуір айының басынан бері мекендеп жатқан шатырларға бас сұғып көрдік. Олардың әрқайсысының ішінде 40 төсек, пеш, шаш қысқартатын, киімдерін жөндейтін бұрыш, дәрі-дәрмек салынған қораптар қойылған. Қатардағы жауынгер Берікбол Саржанов есімді жауынгердің айтуынша, кесте бойынша әр шатырларда бір жауынгер кезекшілік атқарады.
– Осы жерге келгенімізге жиырма күнге жуық уақыт болды. Жауынгерлер ең басты керектердің бәрімен жабдықталған. Кесте бойынша әр жауынгер 6 сағаттан кезекшілік атқарады. Жылы, ыңғайлы, азық-түлік жеткілікті. Бұл жерде басы артық нәрсенің қажеті де жоқ, – дейді ол.
Полковник М.Қарағұловтың айтуынша, жауынгерлер күн сайын түске дейін – 3 сағат, түстен кейін 3 сағат жаттығады. Бұл олардың саптық жаттығуларды ойдағыдай меңгеруіне, бабында болуына жеткілікті.
Лагерьдің шетінде арнайы медициналық пункт те бар. Білікті әскери дәрігерлердің айтуынша, дәрі-дәрмек жеткілікті. Қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетуге сақадай-сай.
Қазақстан Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың тиісті Жарлығына сәйкес, әскери парадқа жұмылдырыған жауынгерлер жаттығуды жоспар бойынша жүргізуде. Сәуір айының алғашқы күнінде парадтық есептоптар мен механикалық колонналар жергілікті бригадаға келіп жеткен. 5 мыңнан астам адамның қатарында офицерлер, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметкерлер, мерзімді әскери қызмет жауынгерлері, әскери оқу орындарының курсанттары бар.
Лагерьдегі күн тәртібініне сәйкес, сарбаздар таңғы 6:30-да ұйқыдан тұрады. Тазалану, киіну, таңғы ас, жаттығуға дайындық уақыты, тиісті қаруларын алу сағат 8:30-ға дейін аяқталады. Үш сағат жаттығудан кейін түскі ас уақыты келеді. Бір жерге шоғырланған мыңдаған адамды бір мезгілде тамақтандыру қиынға соққандықтан, түскі ас уақыты сәл ұзаққа созылады. Сағат 15:45-тен кешкі 19:30-ға дейінгі аралықта жаттығу жұмыстары қайта жалғасады. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының әскери даярлық жөніндегі орынбасары, генерал-майор Талғат Қойбақов сарбаздардың жаттығу барысын өзі тікелей қадағалап, тиісінше бағалайды. Генерал-майордың айтуынша, есептоптар қазірдің өзінде біршама жақсы нәтижеге қол жеткізген.
– Бұл жаттығуға Қарулы Күштердің ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі, әскери оқу орындары да атсалысады. Бұған дейінгі парадтарға С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің ұландары ғана қатысса, бұл жолы еліміздегі басқа да оқу орындарының оқушылары, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің шәкірттері қатысады. Парадты әскери автокөліктерге мінген ардагерлеріміз бастап шығады, – дейді Т.Қойбақов.
Саптағы жауынгерлердің арасында нәзік жандылардан жасақталған роталарды да байқаған едік. Оларға жасалатын жағдай ер-азаматтардан мүлде ерекшеленбейді деуге болады. Жалғыз жеңілдік – палаткада емес, казармада тұратындығы. Себебі, олар бірінші кезекте әскери қызметкер, содан кейін ғана қыздар деген қағида қалыптасқан.
Жалпы, әскери парадты ұйымдастырудағы басты мақсат – халыққа Қарулы Күштердің қалай дамығанын, ел Тәуелсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етуге әзір екендігін көрсету. Шеруге Қарулы Күштердің таңдаулы әскери қызметшілері, бөлімшелері іріктелген. Әскерилер халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, төл әскеріміздің қуатын, техникалық тұрғыда жабдықталуын, еліміз бен халқымыздың егемендігі мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін көрсете білуге тиіс. Астананың іргесінде парадқа қызу әзірленіп жатқан жауынгерлер осы жауапты міндетті лайықты атқарып шығуға тиіс.
Бір топ журналистің Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған медиа-сапар барысында көзбен көріп, көңілге түйгендері осы болды.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»