• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Күрес 20 Сәуір, 2017

Жақсылық аға жастарға сенеді

280 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Халық Арена» спорт кешенінде грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров жасөспірім балуандарға шеберлік-сабақ өткізді.

Аты аңызға айналған аға­ларымен кілем үстінде жолығу жас өрендерді өзгеше қуанышқа бө­леді. Себебі, ағаларының даңқты жолы кілемге шыққан кез келген балуанға үлгі-өнеге. Екі сағат бойы 200-ден аса жас спортшыға грек-рим күресінің әдіс-тәсілдері мен ерекшеліктері жайлы ерінбей әңгімелеген Жақсылық аға, өзі де кілемге шығып әдістерді сауатты жасаудың қыр-сырына қанық­тырды.

«Мұндай шеберлік-сабақтар­дың жиі өтіп тұруы, әсіресе, жас­өспірім балуандар үшін өте ма­ңызды. Олар көзімен көргенін көңілге тоқып, биік шыңдарды бағындыруға қанаттанады. Тек қалалық жерлерде ғана емес, шалғай жатқан ауыл-аудандарға да барып осындай шаралар өткізіп, талай бұлақтың көзін ашуымыз керек. Болашақта қазақтың көк туын көкте желбірететін спортшылар осы жастардың ішінде отыр», дейді жасы 65-ке келсе де спорттық бабын жоғалтпаған даңқты балуан. Осыдан бірер апта бұрын грек-рим күресінен алғашқы шеберлік сағатын айтулы балуан Дәулет Тұрлыханов пен шетелдік мейман, Олимпиада чемпионы Командир Маджидов өткізген еді.

Игі шара Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт бас­қар­масы, сондай-ақ, Қазақстан күрес федерациясының қолдауы­мен қолға алынды. «Осы бастаманы дәстүрге айналдырып әр он күн сайын Азия, Әлем, Еуропа чем­пиондарын шақырып жас спорт­шыларға шеберлік сағаттары өткізіліп тұрады. Алдағы уақыт­та күреске қатысуға ынтасы бар өскіндер аталмыш спорт ке­шенінде ақысыз жаттығу жасап тәжірибелі жаттықтырушылардан тәлім алатын болады», дейді ұйым­дастырушылар.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар