• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2017

«Арбат» аялаған арман

214 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы Абылай хан даңғылы мен Фурманов көшесінің арасын байланыстырып жатқан жаяу жүргіншілерге арналған үлкен алаңды жұрт «Арбат» деп атап кетті. Жолыңыз түсіп сол маңнан өте қалсаңыз, талай дүниеге тәнті боласыз. Қылқалам шеберлерінің түрлі туындылары, жүрегіңізді тебірентер жанды музыка, сан тарау тағдырлар!..

Бүгінгі айтпағымыз «Ар­бат» жайлы емес, он сегіз жыл­дан бері осы «Арбат» алаңында отырып сурет салатын кәсіби суретшілер – ерлі-зайыпты Бақыт пен Гауһар Нұрбековтер туралы болмақшы. 

Бақыт пен Гауһар Қазақ мемлекеттік көркемсурет ака­­де­миясын бірге бітірді. Өнер табыстырған жандардың көр­кем дүниеге деген ыстық ма­­­хаббаты мөлдір сезімге ұла­сып, екі жас оқу бітірісімен отау құрды. «Арбат» алаңы өне­рінен нәсібін айырып отыр­­ған жандардың екінші үйіне ай­налғалы қашан.

Кезінде шығармашылық иелерін қолдау мақсатында алматылық суретшілердің «Ар­батта» тұрып сурет салуы­на, туындыларын сатуына мүмкіндік жасалған еді. Сол үрдісті қазіргі қала басшылығы да жалғастырып отыр. Туын­ды­ла­рын сатқаны үшін сурет­шілер салық төлемейді, қыл­қалам шебер­лерінің өнер ортасы іспетті бұл алаңқай.

Адамды ә дегеннен баурап алатын суреттеріне қызығып тұрып «Ар­баттың» «тұрғыны» Гау­харды әңгімеге тарттық.

«Құдайға тәубе, табысы­мыз жаман емес. Сурет өнері көп елдерде өте жоғары баға­ланады. Елімізде де су­­рет­ші­лерге айтарлықтай кө­ңіл бөлінеді, дегенмен, қыл­қалам иелерінің бәріне бір­дей қолдау көрсетіле бер­­мей­ді. Жеке көрмеңді өткізу үшін қыруар қаржы қа­жет. Күн­делікті бала-ша­ғамыздың шай-пұлын тауып отырған біз­дер үшін бұл қиын шаруа. Сон­дықтан туындыларымызды осында әкеліп саудалауға мәж­­бүрміз», дейді Гауһар Нұр­бекова.

Жұмыс барысы көз алдын­да өрбіп, өзінің бейнесін әп-сәтте айнытпай салып бе­ре­тіндіктен болар, жаз бен күз айларында әрі-бері өткен х­а­лықтың портрет салдыруға қы­­зығушылығы ба­сым көрі­неді.

– Студенттік күнімде ұл­тым­ның атын ұранға айналдыратын әлемге әйгілі суретші болсам деген арманым бар еді. Ол арманымнан алыстап қал­сам да, өзім сүйген киелі өнердің шетінде жүрмін. Ұлым да сурет салады. Мен жете алмаған шыңға сол жетсе екен деп ті­леймін, – дейді ол. Гауһар Нұр­­бекованың бұл сөзінен бір нәзік үміттің сәулесін көр­дік. Бір ғана Бақыт пен Гау­һар емес, осында салған суретін саудалап тұрған өнер иелерімен әңгімелескенімізде, олардың көпшілігі жоғары білімді кәсіби суретшілер екенін білдік. Өнер иелерінің арманын «Арбат» аялап тұр деп айтуға болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар