Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таныстырған заң жобасын сенаторлар бірауыздан мақұлдады. Себебі, халықаралық бағыттарда жүк тасымалдаумен айналысатын қазақстандық тасымалдаушылар үшін тиімділігі жоғары бұл құжат Сербия аумағын транзиттік мақсатта пайдалана отырып, Болгария мен Грекия және Хорватияға кедергісіз өтуді қамтамасыз етеді.
«Аталған келісімді ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді. Өткен жылы Қазақстан мен Сербия арасындағы автомобильмен жүк тасымалдау көлемі 15 пайызға ұлғайып, 5 400 тоннаны құрады. Сондай-ақ, бұл келісіммен екі ел арасындағы автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін ұлттық норма орнатылып, тасымал түрлері мен бланкілерді алмасу бойынша квота белгілеу тәртібі де реттелген. Бұдан былай екіжақты және транзиттік тасымалдар рұқсатсыз негізде жүзеге асырылатын болады», – дедi Ж.Қасымбек.
Сенат отырысында, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мәдениет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы екiншi оқылымда талқыланып, қабылданды. Мәжіліс мақұлдаған бұл құжатқа енгiзiлген өзгерiстерде ауылдық жерлердегi мәдениет ошақтарының негiзсiз жабылуына жол бермеу тетiгi қарастырылған.
«Бұл заң жобасы мәдениет және тарихи-мәдени мұра саласында орын алып отырған бiрқатар проблемаларды шешуге бағытталған. Бiрiншi − 2015 жылы мәдениет саласындағы бiлiм беру ұйымдары Мәдениет және спорт министрлiгiнiң қарамағына берiлген болатын. Бiрақ, бұл заңда мамандарды даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырмасын бөлу және орналастыру, мәдениет саласындағы бiлiм беру ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi осы министрлiктiң құзыретiне беру сияқты бiрқатар мәселелер ескерiлмей қалған. Біз заң жобасындағы осындай кемшіліктерді жоюға тырыстық», – дедi негізгі баяндама жасаған Мәжiлiс депутаты Майра Айсина.
Депутаттың айтуынша, аталған құжаттың осал тұстары салдарынан 2013-2015 жылдары елімізде 40 мәдениет ошағы, оның iшiнде 2 театр, 1 музей және 37 кiтапхана жабылған.
«Біз бұл мәселені шешу үшiн мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерiн уәкiлеттi органмен мiндеттi түрде келiсудi көздедiк. Мұндай қадам мәдениет ошақтарының негiзсiз жабылуын болғызбаумен қатар, министрлiктiң тұтас Қазақстан бойынша мәдениет ұйымдарына қатысты болып жатқан жағдайларға нақты мониторинг жүргiзуiне, жағдайды толық байқауына және тиiсiнше шара қабылдауына мүмкiндiк бередi», – деді М.Айсина.
Сенаторлар талқысына, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды. Екі оқылымда қаралып, қабылданған заңның негізгі мақсаты – мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру арқылы судағы, автомобиль, темір жол және қаладағы рельсті көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Құжатпен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ұлттық заңнама ережелерін Кемелерден болатын ластануды болдырмау жөніндегі, теңізде адам өмірін қорғау жөніндегі халықаралық конвенциялардың және Кемелер мен порт құралдарын қорғау жөніндегі халықаралық кодекстің теңіз ортасын кемелерден болатын ластанудан қорғауды арттыру, теңізде кемелер мен порт құралдарын қорғауды күшейту, сондай-ақ теңіздегі тасымалдаулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы талаптарына сәйкес келтіру; өздігінен жүрмейтін шағын көлемді кемелерді тіркеуден шығару рәсімін оңайлату арқылы шағын көлемді кемелерді есепке алу мен тіркеудің мемлекеттік жүйесін жетілдіру; көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға қалалық рельсті көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуді және ондағы қызметті бақылау функциясын бекіту; өз өнімін тасымалдау үшін кірме жолдарды пайдаланатын субъектілердің қызметін ұйымдастырудың тиімді тетігін және Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйымдастыру үшін құқықтық негіз жасау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
Құжаттың мақсаты − азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ, оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келтіру. Заң әуе кеңістігін және авиация қызметін пайдалану саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейтуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауаптылықты арттыруға бағытталған.
Құжатпен сегіз заңға, оның ішінде Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, шетелдік тасымалдаушыларды аккредиттеу, коммерциялық емес ұйымдарды тарту және әуе кемелерін пайдаланушылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетушілердің, авиациялық оқу орталықтарының қызметін қадағалау бөлігінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланады және толықтырылады. Әуежайлардағы бәсекелестікті дамытуға және әуе кемелеріне жер үстінде қызмет көрсетушілердің қызметін реттеуге бағытталған ережелер қарастырылған. Азаматтық-әскери ынтымақтастық пен әуе кеңістігін тиімді пайдалануды үйлестіру қағидаттары бекітіледі.
Сондай-ақ, авиация қызметкерлерін медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру көзделеді, авиациялық медициналық орталықтарды сертификаттаудың жаңа түрі ұсынылады. Шағын авиацияны дамытуға, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды есепке алуға, арнаулы ұшуға рұқсат алуға, әуе кемелерін пайдаланушыларға жалға беруде әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты ережелер енгізіледі.
Құжатпен акционерлік қоғам сипатындағы авиакомпаниялардың жарғылық капиталына шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қатысу үлесін 49 пайызға дейін шектеу ережесі белгіленген.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»