Алдағы уақытта Францияның тізгінін кім ұстауы мүмкін? Бұл мәселе қазақстандықтарды да белгілі бір деңгейде қызықтыратыны сөзсіз. Өйткені, Франция − Қазақстанның сенімді серіктесі. Екі ел арасындағы түрлі салалар бойынша ынтымақтастық өз деңгейінде жолға қойылған. Әсіресе, екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың жөні бөлек. Нақтылай айтсақ, Франция Қазақстанның сауда әріптестері арасындағы алғашқы бестіктің ішінде. Міне, бұл жайт Францияны алдағы бес жылда кім басқаратыны біз үшін маңызды екенін көрсетеді.
Бастапқыда Францияда президенттіктен үміткер ретінде 50-ге жуық тұлға тіркелген болатын. Бүгінде олардың арасынан аттөбеліндей аз ғана топ суырылып шығып, өзара бақталасып, саяси науқанды қыздырып отыр. Олар: «Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен, бұрынғы экономика министрі Эммануэль Макрон, экс-премьер-министр, республикашыл Франсуа Фийон, Социалистік партия өкілі Бенуа Амон және «Бас имейтін Франция» қозғалысының басшысы Жан-Люк Меланшон.
Алғашқыда сарапшылардың басым бөлігі президенттік сайлаудың екінші турына Франсуа Фийон мен Марин Ле Пен өтеді, нәтижесінде 70 пайызға жуық көрсеткішпен Франсуа Фийон жеңіске жетеді деген болжам айтқан. Бірақ, науқан барысында Франсуа Фийонға қарағанда Эммануэль Макронның салмағы арта түсіп, әлгі болжам өзінің маңызын жоғалтып алғандай.
Саяси науқан барысында жүргізілген әлеуметтік сұрау салу нәтижелері басты тартыс Эммануэль Макрон мен Марин Ле Пен арасында өтетінін меңзейтіндей. Өйткені, наурыз айының соңғы аптасы мен бүгінге дейінгі аралықтағы әлеуметтік сауалдамалар нәтижелері аталған екеудің көш бастап келе жатқанын көрсетіп тұр. Мәселен, биылғы 25 наурыздағы сауалдама бойынша бірінші орынға Эммануэль Макрон (26%), екінші орынға Марин Ле Пен (25%), үшінші орынға Франсуа Фийон (17%), төртінші орынға Жан-Люк Меланшон (14%), бесінші орынға Бенуа Амон (11,5%) жайғасқан болатын. Бұл жерде көңіл аударар жайт, дәл осы көрсеткіш бүгінге дейін бәлендей өзгере қойған жоқ – Эммануэль Макрон (24%), Марин Ле Пен (23%), Франсуа Фийон (19,5%), Жан-Люк Меланшон (18%) және Бенуа Амон (8%) бұған дейінгі орындарын сақтап тұр. Демек, бұл көрсеткіштер басты саяси сайыс кімдердің арасында өтетінін айғақтайтындай.
Соңғы күндері Франция мазасыз күндерді басынан кешіруде. Дәлірегі, президенттіктен үміткер тұлғаларға қарсы шерулер ұйымдастырылуда. Мұндай жағымсыз көріністердің орын алуына президентке кандидаттардың ашық әрі батыл жеткізген кейбір мәлімдемелері себеп болды. Әсіресе, «Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі Марин Ле Пеннің сөздері талайларды әрі-сәрі күйге түсірді.
Тарата айтар болсақ, жақында Парижде жұртшылық алдында сөз сөйлеген Марин Ле Пен елдің шекарасын шегендеуге уәде берді. Ал Франция шекарасының шегенделуі елді бүгінгі бағытынан бас тартуға итермелейтіні сөзсіз. Елге ағылған босқындар нөпірін азайтып, еуроинтеграцияға қарсы саясат ұстанатын «Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі билікке келсе, жергілікті тұрғындар мен босқындардың құқығы шектелуі мүмкін, деп дабыл қағып жатқандардың қатары қалың. Соңғы күндері Парижде орын алған шеруді тап осы топтағылар ұйымдастырды. Ереуіл ә дегенде бейбіт түрде басталған еді. Бірақ, жиылған жұртшылық тәртіп сақшыларына пиротехникалық заттар мен от тұтанатын бөтелкелер лақтырған, соның салдарынан полицейлер лажсыздан көзден жас ағызатын газ қолданған.
Жалпы, Франция билігі Марин Ле Пеннің президенттік сайлауда жеңіске жетуін құптап отырған жоқ. Өйткені, оның сайлауалды бағдарламасы бүгінгі Францияның даму бағытына кереғар келеді. Марин Ле Пен Францияға Еуроодақтан шығу қажеттігін, елдің өз валютасы болғаны жөн екенін айтуда. Сондай-ақ, ол Ресеймен оңтайлы қарым-қатынас орнатуды жақтайды. Ал бұл пікірлердің Франция билігіне ұнай қоймасы анық.
Қазіргі таңда ұлтшылдар лидерінің рейтингі жоғары. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, олар соңғы 30 жылдан бері мұндай жетістікке маңайлай алмаған. Демек, бұл жағдай француз ұлтына тікелей қатысты мәселелердің қордаланып қалғанын, олардың оңтайлы шешілуін қалайтындар қатарының мол екенін білдіреді.
Сонымен, 23 сәуір күні Францияда президенттік сайлау өтеді. Егер сол күні кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздан артық дауыс жинай алмаса, 7 мамырға сайлаудың екінші кезеңі жоспарланған.