Орал қаласында тасқын судан зардап шеккен әлеуметтік мекемелердің бірі – қариялар мен мүгедектер үйі. Мұндағы қосымша ғимараттарға су кіріп, ылғал тартқандықтан, адамдардың тұруына жарамай қалды. Сондықтан олар бас ғимаратқа ығыстырылып, қазір екі адамның орнына төрт адам сығылысып күй кешуде. Бұл көріністің өзі аталған әлеуметтік мекемеге шұғыл қосымша ғимарат тұрғызу қажеттігін көрсетеді.
Осындай күрделі жағдайда оларға алғаш қайырымдылық көмек жасаған К.Жақыпов басқаратын Орал қаласындағы «Құрылысгаз» ЖШС ұжымы. Шара соңында қариялар атынан Ғайса Сәрсенбиев өз ризашылығын былайша жеткізді:
– Сексеннен асып, селкілдеп қалған шағымызда бізге көп нәрсенің қажеті жоқ. Онсыз да біз мемлекет қамқорлығына бөленіп отырмыз. Дегенмен, ықылас, ниет қай кезде де артықтық етпейді. Кәримолла бауырымыз басқаратын кәсіпорын ұжымына шексіз ризамыз.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.