Өткен күнде белгі жоқ жейді. Олай болса, осыдан жарты ғасыр бұрынғы басыңнан өткен кейбір дүниелер неге ұмытылмайды? Иә, ол кезде күш-қуатымыз тау қопарардай көрінеін, арман-мүддеміз асқақ, биік болатын. Жас болатынбыз. Сондықтан да шығар.
Шалғайда жатқан елді мекенге анда-санда бас тіреген облыстық, республикалық деңгейдегі журналист, жазарман қауымға қызыға қарайтынбыз. Айтқан әңгімелерін ұйып тыңдап, сөз саптасына, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына көңіл бөлетінбіз. Еліктейтінбіз, солар сияқты баспасөз бетінен жиі көрінгіміз келіп, хабар-ошар жазатынбыз. Сөйтіп, бірте-бірте жергілікті газеттердің штаттан тыс тілшісіне айналып, оның тұрақты авторларының қатарына қосылдық.
Біздің ақпарат кеңістігінен көрінуіміз осылай басталған.
Баспасөз саласына пәленбай жыл өмірін арнап, ыстық-суығына көніп, бұл кәсіптің жақсылық-жамандығын, ауыртпалығын бөлісе білген, от-көрігінде пісіп-шыңдалған кәсіпқой журналистердің қайсысынан болса да тағылым алып, игі шарапатын көргеніміз шын. Дей тұрсақ та, бұлардың ішінен екі адамды Әсекең – жазушы-журналист, майдангер Әскен Нәбиев – пен белгілі журналист Орекең – Орақ Смағұлов – ағаларымды ерекше атап өткім келеді.
Ақмола облысының сонау теріскейіндегі Ақсу руднигінде қоныс тепкен «Советская» деп аталатын көшеде негізінен Керейдің Күрсары тармағынан өрбитін бір-бірімен аталас, туыс-жекжаттар орналасқандықтан қазақтар оны «Бәйсүгір» ауылы дейтін. Әсекеңнің әкесінің, ағаларының үй-іштерімен көрші тұрдық. Сондықтан болар, жазушы ағамыз Ақсуға бірде редакция тапсырмасымен, кейде жеке шаруасымен келе қалса: «Ғазиз ағайға сәлем берейін», деп біздің үйге үнемі кіріп шығатын.
Әрине, мәселе ағайыншыл, туысшылдықта ғана емес. Менің газетке шыққан бірлі-жарым хабар-ошарымды байқап: «Редакциямен байланысыңды үзбе, жазып тұр, көмек керек болса айт, ұялма», деп қолдап, қолпаштап, ақыл-кеңесін беріп жататын. Бірде ол газет тарату науқанымен келгенде жанындағы жолдасын: «Социалистік Қазақстан» газетінен. Орақбай Смағұлов» – деп таныстырды.
Еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстанның» Ақмола облысындағы арнаулы өкілі ретінде осы жауапты қызметті мінсіз атқарған ағамыздың әртүрлі тақырыпқа жазған сүбелі материалдарынан оқушылар құлағдар еді. Оның орынды, дәлелді жазған кейбір сын мақалалары өлкелік, облыстық партия комитеттерінің бюро мәжілістерінде талқыланып, тиісті қорытынды жасалып, жұртшылықты елең еткізіп жататын.
Міне, осындай майталман газет қызметкерінің біздің жақта іссапарда жүргенде онымен бірнеше кездесудің реті түскен. Мұның өзі мен сияқты журналист боламын, газетке барамын деп талпынып жүрген адам үшін үлкен мектеп болғанын жасыра алмаймын.
Орекеңнің керек-ау деген кісілермен кездесіп, қалай әңгіме-сұхбат құрғанына куә болдық. Тиісті құжаттар мен деректерді мүмкіндігінше молырақ жинап, мұны қалай пайдалануға болатындығын сұрыптап, қалай анықтайтындығын байқадық. Толып жатқан әртүрлі ақпаратқа дұрыс бағасын бере білуі, сосын мұның бәрін қорытып, қалай бір жүйеге түсіретіндігін кейін газеттен оқыдық. Журналист ағамыздың қимыл-әрекетіне үңіліп, қажетті деген көп нәрсені көңілге түйдік, сабақ алдық.
Осыған орай кәсіпқой жазарман мен жергілікті тілшінің ара қатынасы туралы бір мысал келтірудің реті келіп тұр.
Ақсу руднигі комсомол ұйымының секретарьлығына қатарынан екі дүркін сайланбастан бұрын бес жыл кен карьерінде электрші болып істегендіктен кәсіпорындағы жұмыс барысынан хабарым бар болатын. Қоғамдық тілші ретінде өндіріс ошағында қол жеткен табыстарды, еңбек озаттарының өнегелі істерімен қатар орын алған кемшіліктерді де газетке жазып тұратынмын.
Бірде техника қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақталмағандығынан және басшы инженер-техник қызметкерлерінің оралымсыздығынан карьерде техногендік апатқа жол берілді, техникалық құрал-жабдықтар кен орнындағы забойда су астында қалды, шаруашылық көп шығынға батты. Өндірісте қалыптасқан осындай төтенше жағдай туралы Орекеңмен ақылдасып едім, Ақмоладан әдейі келді. Болған жағдайды көзімен көрді, мамандармен, басшылармен кездесті. Мәселенің мәнісіне үңілді. Сөйтіп, менің «Жауапкершілік қайда?» деген материалымның «Социалистік Қазақстан» газетінде (31.08.1963) жарық көруіне мұрындық болды.
Жолымбет өнеркәсіп-өндірістік партия комитетінің секретары С. Красностановтың редакцияға жіберген жауабында: А.Кәкенов жазған сын мақаланы арнайы талқыладық, автор «кен карьерінің жұмысында елеулі кемшіліктер орын алып отырғандығын дұрыс көрсеткен. Тексеруде газетте көрсетілген фактілер анықталды», деп жазды. Секретарь жолдас мұндай берекесіздікке жол берген басшылардың аты-жөнін түстеп, әкімшілік жазаға ұшырағандығын айта келіп, «орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау үшін нақты шаралар белгіленді», – деп хабарлады («Социалистік Қазақстан», 28.11.1963).
* * *
Тың игеру науқанын қарқынды жүргізейік деген желеумен еліміздің батыс өңірлерінен Сарыарқа жеріне адам көші эшелон-эшелонмен толассыз ағылды. Ауыл шаруашылық кешенінің, өнеркәсіп өндірісінің, құрылыс учаскелерінің, басқару аппараттарының тұтқалы орындарына орталық жіберген кадрлар жайғасып, жергілікті мамандар қызметінен ығыстырылып, шеттетіліп жатты. Мұндай империялық саясаттың ел ішіндегі әлеуметтік жағдайдың шиеленісе түсуіне әсер еткендігі сөзсіз.
Айталық, сол кезде пәтер бөлу мәселесі ушығып, әділетсіздік белең ала бастайды. Жаңадан ашылған кәсіпорындар мен мекемелерге ауылдан келген қазақтар жұмысқа орналасады, қаладан үй аламыз деп үміттенеді. Бірақ жайлы қонысқа қолы жетпеген олар бала-шағаларын шұбыртып, қымбатқа пәтер жалдайды немесе қала шетіндегі лашықтарда тұрып, күн кешеді. Қалада жаңа үйлер салынып жатса да оларға мұндай жақсылықтың ауылы көріне қоймайды.
Міне, осыған байланысты Орақбай аға Смағұлов енді Ақмоладағы кезек бойынша үй беру мен бөлудің нақты жағдайын жан-жақты зерттеп, «Ақмоладағы талапай» деген фельетон жазады. «Социалистік Қазақстанның» сыны қоғамда тосыннан жарылған бомба сияқты әсер етеді. Жұрт бір-бірінен естіп, фельетон шыққан газет нөмірін дүңгіршектен іздеп жүріп сатып алады. Мұны естіп-сезген әртүрлі мекемелер мен ұйымдар материалды қолма-қол аудартып, оның мазмұны Қазақстанның солтүстік бес облысына жайғасқан өлке аумағына тез тарайды.
Фельетон партия, совет ұйымдарының жиналыстарында арнайы талқыға түсіп, кезекпен үй бөлу тәртібін бұзған лауазымды шенеуніктерге сөгіс жарияланып, орынсыз зардап шеккен жазықсыз жандардың бірсыпырасы өздеріне тиісті пәтерлерін иемденеді. Осыған орай қоғамдағы ең өткір әлеуметтік мәселеге жанашырлық білдіріп, оны баспасөзде жариялап, ақиқат туын асқақтата білген журналист Орақбай Смағұловтың өзі де, оны байтақ елге хабарлаған «Социалистік Қазақстан» газетінің де абырой-беделі ел ішінде аспандай түскені сөзсіз.
Оны айтасыз, бұл фельетонның жаңғырығы шет елге жеткен. Олай дейтініміз, Рейтер мен Би-би-си агенттігі осы материал жөнінде ақпар таратып, хабардың редакциялық аңдатпасында оның авторы «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, белгілі қазақ журналисі» деп жазған. Орекең мұны білмейді. Солай бола тұрса да бір күні мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жергілікті басқармасына шақырылады.
– Смағұлов жолдас, фельетонды бізге қарсы шет елдердің Рейтер мен Би-би-си сияқты агенттіктеріне неге бердіңіз? Қандай мақсатпен? Бұған кім көмектесті? Мұны өз еркіңізбен істедіңіз бе, әлде біреу мәжүбірледі ме? Кім-кімдермен байланыс жасадыңыз?..
Орекеңнің өңі түгіл, түсіне енбейтін сұрақтар. Журналист ағамыз бұдан бейхабар болса, не айтушы еді?
Кейін бұған тергеушінің өзінің де көзі жеткен.
* * *
Қазақстанның құрметті журналисі Орақбай Смағұлов ағамыз барлық ғұмырын қазақ баспасөзіне арнады. 1950 жылдың 1 ақпанында «Социалистік Қазақстан» газетінің табалдырығын имене аттаған ол осы қара шаңырақта тапжылмастан табаны күректей жиырма бес жыл істеді. Еңбек жолын әдеби қызметкірліктен бастап меншікті тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды, редколлегия мүшесі болды. Содан соң 1975 жылдан зейнетке шыққанға дейін «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында бөлім басқарды. Зейнеткер бола жүріп, ҚазМУ-де біраз уақыт дәріс берді.
Қазір Орақбай ағамыз арамызда жоқ. Солай болса да, қазақ баспасөзін өркендетуге елеулі үлес қосқан майталман журналистің асыл бейнесін кейінгі ұрпағы ұмытпайды, әрдайым есінде сақтайды деп ойлаймыз.
Амантай КӘКЕН.
Астана.