Бүгінде айшылық жерлерге қолма-қол дауыс жалғастырған телефон байланысы қызметінің қай түрі болсын ешкімге таңсық емес. Ұшы-қиырсыз өлкеміздің қиян түкпіріндегі ауыл тұрғындары әп-сәтте қалаған мекендердегі туған-туысқандарымен, тамыр-таныстарымен тілдесіп жатады. Мұны былай қойғанда бұл байланыстың жылдан-жылға жетілдіріліп, жақсара түсуі сандық та, сапалық жағынан да танығысыз өзгерістерге өркен жайдырып келе жатқандығы және мәлім.Соның жарқын айғағы Қарағанды аймағынан айқын аңғарылып келеді. Жақында облыстық телекоммуникация дирекциясы таныстыруынан білгеніміздей, өз буындарында атқарылып отырған істер ауыз толтырып айтарлықтай екен. Осы орайда Ақтоғай, Шет аудандарындағы ауылдық елді мекендерде радиоқолжеткізу технологиясы бойынша телефондандырудың 3 кезеңді жобасын іске асырудың шығарылған қорытындысы біраз жайды алға тартады.
Алдымен Ақтоғай өңірінде барлық 36 шағын елді мекен толық телефондандырылғанына тоқталып өтуге болады.Аудан аумағында 15 автоматты телефон стансасы орнатылған, оның 6-уы сандық және 9-ы аналогтық саналады. Аудан орталығында биылғы жыл басында 660 нөмірлік WLL CDMA бір базалық станса жұмыс істеуге кірісті. 1 сәуірден бастап оған 475 абонент қосылды.
Ал онымен көршілес Шет ауданындағы 61 елді мекеннің бәрі телефон байланысы қызметімен қамтамасыз етілген. Аталған аймақтағы 19 автоматты телефон стансасының 13-і сандық, 6-уы аналогтық болып табылады. Жақында Ақсу-Аюлы кентінде 660 нөмірге есептелген WLL CDMA базалық станса орнатылып, оған 592 абонент жалғастырылды.
Жалпы алғанда «2008 жылдан WLL CDMA – 450 технологиясын қолдану арқылы телекоммуникацияның ауылдық байланысы жүйесін дамыту және модернизациялау» серпінді жобасын іске асыру аясында осы уақытқа шейін Қарағанды облысында құрамалы сыйымдылығы 11.163 нөмірлі, соның ішінде қалалық телекоммуникация жүйесінде 800, селода 10.363 нөмірлі 16 базалық станса орнатылды.
Мұндай істер алдағы уақытта жалғаса береді. Қарағанды облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Боранбай Аманов «Жоғарыда аталған жобаны іске асырудың биыл 3 кезеңдігін орындап шығу жоспарланып отыр. Дирекция жұмысын дамыту бағдарламасына сәйкес сымсыз радиоқолжеткізу технологиясын қолдану арқылы ауылдық телефон жүйелерін дамыту мен модернизациялау 2013 жылға дейін жалғастырылады. Атап айтқанда, Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Шет, Жаңаарқа аудандарында сонымен бірге Шахтинск, Саран және Жезқазған қалаларында WLL CDMA 450 12 базалық стансасын орнату жоспарланған. Ауылдық телекоммуникациялар жүйесі сыйымдылығын 7133 нөмірге ұлғайту көзделуде, – деп ортаға салғандай бұл бағыттағы жұмыс ауқымы кең.Жергілікті байланысшылардың тұтынушыларға уақыт талап-талғамына сай қызмет көрсету жолында іс-ізденістерді тереңдетіп, алға тартуы әрдайымғы мақсаты.
Айта кету керек, CDMA (Code Division Multiple Access) стандартының ерекшелігі сол, сандық болып табылады, 450 МГц диапазонындағы жиілік толқынын қолданады. CDMA 450 базалық стансаларының ауылдық жерлердегі көмкеру аймағы 25-35 шақырымды құрайды. Жалғыз станса 1000 абонентке қызмет ете алады.
Жобаның серпінді сипатты себебі, WLL CDMA-450 жобасы шығындық, орындалу , сондай-ақ пайдалану келешегі жағын ескергенде ауыл үшін анағұрлым тиімді саналады.
Ал еліміз бойынша жобаның іске асырылуы кезінен бастап 420-дан астам базалық станса орнатылды. Бүгінде CDMA-450 жүйесі Қазақстанның барлық аумағында орныққан және 4750 ауылдық елді мекенді қамтиды.
Телефон байланысы қызметіндегі жаңа үрдістердің ел іші ортасына қандай өзгерістер енгізіп жатуымен Ақтоғай, Шет аудандарындағы алыс ауылдарда болу арқылы танысқан бұқаралық ақпарат өкілдері тұрғылықты жұрттан бұл іске деген ризашылық пікірлерді жиі естіді. Солардың бірі қырдағы қыраттар етегіндегі қыстақта тұратын фермер әрі белгілі саятшы Тілеуқабыл Есенбековтің өзімізді былай қойғанда сырт жерлермен де еркін сөйлесе беруге мүмкіндік кеңдігіне алғысы шексіз. Оның пайдасы әсіресе, іскер адамдарға аса үлкен екенін айтады ол.
Қашанда үлгілі істерге бастамашы, өз жұмыс саласында тұтынушыларға барша жақсылықты сыйлауға құштар «Қазақтелекомның» аймақтағы бөлімшесіндегі істердің бұл бір парасы ғана. Ел тарихындағы айтулы мерекеге сүбелі үлес қосуды мұрат еткен қарағандылық байланысшылар Тәуелсіздіктің 20 жылдығына дейін әлі талай жетістіктермен қуанта бермек.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.