• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

Ауданда оңды істер бар

444 рет
көрсетілді

«ГИД-РЕЙНДЖЕР» ОЛ КІМ? ...Өр Алтайдың төрінде Өрел деген ауыл бар. Алтайдың биік таулары етегінен ойып тұрып орын алған, жері ойқы-шойқы, кесек тастар жиі кездесетін, бірақ табиғаты тамылжыған, биік таудан сарқырап төмен қарай ағатын асау өзені бар шалғай­да­ғы ауылда өткен жылдың үшін­ші тоқсанында еліміздегі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарла­ма­­сымен әсем бір мектеп пайда­ла­н­у­ға берілді. Бұл мектепті са­па­лы етіп салып берген аудан­дық мәслихаттың депутаты, Үл­кен Нарындағы «Нарын» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бастығы Ниғмет Шауһиннің ұжымы. Қазір атылмыш білім ор­да­сында 264 шәкірт білім алып жатыр. Бізді аудан әкімі Арман Бекбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бралинов, аудандық әкімдіктің мә­дениет, тілдерді дамыту бөлі­мі­нің меңгерушісі Қайыржан Сәдуов және мектеп директоры Әмина Жұмағұлова қарсы алды. Көркі көз тартатын жаңа мек­теп іші кірсе шыққысыз, еден­дері жарқырап жатыр, бөл­мелер кең әрі жарық. Мұнда төрт мульти­ме­диалық кабинет, химия, физика, математикаға арналған арнайы зал, асхана, кино көрсететін бөл­ме­лер бар. Мектепте 43 ұстаз жұмыс істесе, тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасар Роза Ауған­баева, Татьяна Қилыбаева, Мария Пономарева, тағы басқалар тәжі­ри­бе­лі, білімді мамандар. – Облыс әкімі Б. Сапарбаев­тың тапсырмасы бойынша 1-4-ші сыныпта оқитын 67 оқушы күніне 20 грамм бал, бір стақан сүт пен тағамды тегін ішеді. Ба­лалардың сабаққа деген ынта­сы жоғары болатыны сондықтан. Оның үстіне демеушілер көме­гі­мен тағы 147 шәкірт тегін та­мақ­танады. Өрел ауылдық ок­ругі­нің әкімі Еркін Көбешов те қолдан келген көмегін аямайды. Біздің ауыл туризмі дамыған өңірде болғандықтан, мектепте «Гид-рейнджер»  деген үйірме бірнеше жылдан бері жұмыс жасайды. Оған өзім жетекшілік етемін, – деді мектеп директоры Әмина Қазиәкпарқызы. «Гид-рейнджер» деген сөзді естігенде елең ете қалдық. Аме­р­и­калық атыс-шабысқа толы фильмдерде рейнджерлер жайлы жиі айтылушы еді. Атақты әртіс Чак Норрис рейнджер ретінде түс­кен фильмдерді балалар қы­зыға көретін. Халықтың қамын ойлайтын, табиғат байлығына қол сұғушыларға қарсы аяусыз күрес жүргізетін рейнджерлер бізге де келген екен. – Қазір гид-рейнджер үйір­ме­сінде 20 бала дәріс алып жүр. Олардың мақсаты біздің өлкеге кел­ген туристерге жан-жақты кө­мек көрсету, тіпті бірге еріп жүріп түкпір-түкпірді аралату. Облыс әкімі 2 миллион теңге берген, оған алпинизмге қажет зат­тар­ды сатып алдық, шатыр, дүрбі, басқа да керек-жарақты пайдала­нып журміз. Гид-рейнджерлер үйір­месіне жазы­ла­мын деушілер көп. Биыл бірнеше оқушымыз шетелдерден келген қонақтарға қызмет көрсетпек, – деді тағы да Әмина Жұмағұлова. – Бұл мектептің атақ-даңқы елімізді былай қойып, Рессейге де жақсы таныс, – деп әңгімеге аудан әкімі Арман Ілиясұлы ара­лас­ты. – Осыдан төрт жыл бұрын Санкт-Петербург қаласын­да ІІІ халықаралық жас экологтардың конференциясы өтті. Сол кездегі Ка­тонқарағай ұлттық табиғи паркі­нің директоры Ерен Жұмағұлов бірнеше оқушыны Рессейге жіберді. Шәкірттеріміз айды аспанға шы­ғарып, бас жүлдені, 5 мың АҚШ долларын иеленіп қайтқан­да абыройға бөлендік. «Жас эколог­тар­дың» бірінші форумында да мектеп түлектері алдарына жан салмады. 2009 жылы бақтар шеруінде Шалқар Әбуов жеңімпаз атанды. Қысқасы, мектептің өзін­дік қолтаңбасы бар. Өткен жылы мектеп бітірген 28 шәкірттің 26-сы бірдей грант бойынша жоғары оқу орындарына түсті. Ауданы­мыз ұлттық тестілеуде облыста бі­рін­ші орын алды, – деп аудан әкімі А. Бекбосынов біраз жайлардан мағлұмат бере кетті. Мектеп орманшылығында үш тұқым бағы бар. Оны оқушы­лар­дың өзі күтіп баптайды. Тұқым бағына жас маман Роллан Ахметов жетекшілік етеді. «Жасыл дәрі­хана» емдік шөптермен айна­лы­сатын үйірмеде 30 бала бар. Елемесова, Зарипова, Мұстафин, Асыл­беков деген шәкірттер де жас эко­лог ретінде қоғамдық жұ­мыс­тар­дың бел ортасында жүр. Біз кетер кезде гид-рейнджерлер үйірмесінде жаттығатын оқушы­лар­мен тілдесіп үлгердік, «Таби­ға­ты ғажап өр Ал­тайдың төрін­дегі Мұзтау, Берел қорығы, басқа да мәдени жәді­гер­лерді басқа мем­лекеттерге таныта беру арма­ны­мыз», деді олар. ТЫНЫСЫ КЕҢ «НҰР БҰЛАҚ» Шіркін, Катонқарағайдың табиғаты керемет қой. Асқар таулар мен биік шыңдар әлі ақ көрпесіне оранып жатыр. Тіпті шілденің шіліңгірінде Мұзтаудың қасат қары ерімейді-ау. Оның үстіне бұл өңірдің табиғи-климат жағдайы ерекше. Жер бедері жан-жануарлар, құстарға бай. Рахман қайнары, ағынды да асау Бұқтыр­ма ешкімді енжар қалдырмайды. Сондықтан болар, ауданда туризмді дамыту бағдарламасы қа­был­данған, ол орындалып жатыр. Мысал керек пе, жеткілікті. – Жақында «Өскемен – Зырян – Үлкен – Нарын – Катонқарағай» күре жолының Өрелден атақты «Рахман қайнары» шипажайына дейінгі жолын күн талабына сай салу үшін жобалау жұмыстары жүргізі­ле­тін болды. Оның құны – 106 миллион теңге. Егер Рахман қайнарына дейін асфальт жол төселсе, шетелдерден туристер бері қарай ағылары сөзсіз. Катонқарағай ауылында «Баян» туристік емдеу-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Топқайың ауылына жақын жерде «Нұр бұлақ» туристік сауықтыру кешені іске қосылды. Мұнда пантымен емдеу, фитоемдеу, сылап-сипау, атпен, жаяу серуендеу қызметі көрсетіледі. Аудан аумағында 9 пантымен емдеу орындары қызмет істеп тұр.  «Нұр бұлақ» жақын жерде, барайық, көрейік, – деді аудандық мәслихат­тың хат­шысы Дүйсен Бралинов. Өткен жылдың 1 маусымында шымкенттік жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің оңтүстік өңі­рі бойынша тілшісі Мархабат Байғұт су тасқыны кезінде облыс­тың үш ауданында болып, біраз жайлармен танысқан, бас басы­лым­да үш бет мақала жариялан­ған. Қонақ келсе төрден орын беретін ағайындарымыз сол жолы Үлкен Нарын ауылында жаңадан ашылған дәмханаға Мархабат ағамыздың есімін берген еді. Дәмхана қазір халыққа қызмет ете бастапты. «Нұр бұлақ» бір жылдың ішінде көркейе түскен. «Нұр бұлақ» кәсіпкерлердің қаржысына тұрғызылған. Ақтау­лық Нұржан Жұмағұлов, алма­ты­лық Тельман Жаментинов деген азаматтар халқына қызмет көрсету мақсатында Топқайың ауылында шипажай салды. Қаз-қатар тұрған жиырмаға тарта үй тұруға қолайлы-ақ. Ашық, жа­бық бассейн, жаңадан салынған мейрамхана, атпен серуендейтін, фитомен емдеу, пантымен сылап-сипау кімді бей-жай қал­дырсын, демалушылар келе бас­тапты. Бір шетте Алтайдың екі қоңыр аюы темір торда қа­маулы тұр, сірә демалушы­лардың көңі­лін аулайтын болса керек. Алда­ғы уақытта бұл жерден зообақ ашу ойда бар, дейді үйлестіруші Армангүл Нұрқасова. «Нұр бұлаққа» қызығушы­лық танытатындар қатары кө­бею­де. Оның себебі, шипажай күре жолдың бойында, алыс емес. Ал биік тауларда орна­лас­қан шипажайға жету оңай шаруа емес екені белгілі. – Жоғарыда аты аталған екі азамат «Ақсу» серіктестігінің ма­рал­дарын, жерін сатып алды. Тіпті пантыдан дәрі-дәрмек жасайтын «Ақсу-Дэен» фирмасы да сол жі­гіт­тердің еншісінде. Іскер азамат­тар­дың пайда табуды емес, халқы­на қызмет көрсетуді көздегені белгілі. Себебі, жақын­да екі жақты келісім-шартқа қол қойып, Ақсу ауылында көшелер­ді асфальттап, көпір салып беретін болды. Ардагерлер саябағына қаржы салып, балабақшаның жо­ба­сын жасады. Мектептерге қа­жетті жабдықтар­ды да әперетін болды, – деп аудан әкімі Арман Бекбосынов жақсы жаңалықпен таныстыра кеті. – Демалушыларға күніне төрт рет ыстық тамақ беріледі. Бағасы келісім бойынша. Жол­да­маны Өс­ке­меннен де сатып алуға болады, – деді Армангүл Нұрқасова. Атап өтерлік жәйт, көрші Белқарағай ауылында өндірістік базасы жұмыс істеп тұр екен. Оны Айдын Матиков деген азамат басқарады. Ағаштан түйін түйетін Бекен Болысаев, Ержан Жарасбаев деген азаматтар балқара­ғай, са­мыр­сыннан бөшке, үстел, орын­дық, төсек, сандық сияқты оюмен әшекейленген заттарды жасап, сатуда. Бұл да кәсіптің бір түрі. «Нұр бұлақ» шипажайының қазіргі жағдайы осындай. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы. ___________________________ Суреттерде: «Гид-рейнд­жер­лер» үйірмесінде жат­ты­ғатын шәкірттері; «Нұр бұ­лақ» шипажайы.