• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Сәуір, 2017

«Құс жолының» қиқулы тарихы - 3

330 рет
көрсетілді

(Түркілердің бастапқы өркениет ошағы хақында)

(Жалғасы. Басы 77-79 нөмірлерде)

Дравид түркілерінің адамзат дамуына қосқан ең зор үле­сі Месопотамия қос өзені бой­ын­да­ғы шумерлермен бір кезде, яки б.з.б. 3 мыңыншы жылдықтың ба­сында өз төл жазуларын ойлап табуы, ал артықшылығы – шу­мерлер алғашқыда буындық жа­­зуды қолданса, дравид тү­ркі­лері бірден-ақ дыбыстық-әріп­тік жүйені қолдануы. Олар­дың пальма жапырақтарына жа­­зы­лған «потхи» жазулары ұзақ жылдар қозғаусыз жатып, 1979 жылы ғана сырын ашты. Алғашқы дравид түркілерінің жа­зуы – ұзақ жылдар Үнді будда­шы­­ларының қолданысында бол­ған. Өкінішке қарай, осы мә­ліметтерге мұрындық болған «Лин­гвистически энциклопеди­чес­кий словарь» (М., 1990.) дра­вид түркі жазуларының VI ға­сыр­дағы Көк түркілері жазула­ры­мен таңбалық ұқсастығы не айы­рымы туралы жұмған ауыз аш­пай­ды. Қосымша ізденістер қажет екені түсінікті. Ең бас­тысы – Элам, Хараппа мәдени күлдіктерінен б.з.б. 3 мыңыншы жылдарға жататын бастапқы тү­рік жазуының әліппесінің та­бы­луы және оның қайсыбір будда секталары абыздарының қол­данысында болуы. Үндінің «Ганджур» энциклопедиясының ғұндардың әліппесі «хоно әр­пі» деуі (Сартқожаұлы Қ. «Бай­ыр­ғы түрік жазуының гене­зи­сі», Астана, 2007. 51 б.), Л.Гу­ми­левтің 245 және 250 жылдары Кам­боджаға елші болып барып қайт­қан Кань Тан, сол өңірде Фунан деген бектік барын ауызға ала келіп: «Оларда кітап бар, мұ­рағатта сақтайды. Олардың жазуы хун жазуына ұқсайды» (Гумилев Л. Хунну. Хунны в Китае. М., 2003. 103 с.) деулері біртіндеп шын­дықпен ұласар аужай танытады. Дравид түркі жазуының ху-нуларға ауысып, ху-ну жазуының түркілерге берілу жолдары мен мүмкіндіктері көрер көзге «мен мұндалап» тұр.

Бірде Элам патшалығының, екіншіде Шығыс Эфиопия би­леу­шілері төңірегіне біріккен қи­ыр оңтүстіктегі түркітілді эт­­нос­тың саяси-әлеуметтік та­ри­­хы өте ұзақ, арнайы ізде­ніс­тер­­­дің нысанасы. Үнді өзенін жа­­­ға­лаған хараппалықтар сол­түс­тікте Пенджабқа дейін жетіп, ол өлкенің шығыс аймағында 30 қа­ла тұрғызған. Гималай тау­ла­ры­ның асу-асуын меңгеріп, сол жерлерден үй салатын құ­рылыс материалдары – ағаш та­с­ыған. Оңтүстікке жылжи отырып, Кат­хия­вар түбегін игеріп, 40 қала тұр­ғызған. Бомбей шы­ғ­а­на­ғын­дағ­ы Лотхал порты да осы дравид түркілерінің қолтумасы. Келе тұра олар Шри-Ланка өлкесін де игерген. Бұл қауымның жекелеген топтары мезгіл-мезгіл лек-легімен Гималай арқылы Шығыс Түркістан, одан Алтай, Сібір асып ке­тіп отырған. Тағы бір бөліктері Памир, Орта Азияның қос өзені арқылы жол салып, аспандағы «Құс жолын» жағалап отырып, Орал тауларына шығандаған.

Дравид түркілері б.з.б. 1500 жылдары ғана зор жаугершілікке кезігіп, етек-жеңдерін жиюға мәж­бүр болды. Орал таулары, Кама, Ақ Еділ бойларынан дүрліге ау­ған Ригведа арийлерімен қанды шайқасқа малтықты. Бұл сүргін адамзат көзі көрмеген дойыр жа­байылықпен ерекшеленді. Оны жіп­ке тізіп сараптап көрсең, Шы­­ң­­­ғыс хан жауыздығы далада қа­лады. Кейінгі еуроцентристер шын­дыққа көзді жұмып, ұялмай-қы­зармай, Үндістанға өркениет, әсі­ресе, ізгі көне діни жоралар ұшы­ғын арийлер әкелді деп жау­ыр­ды жаба тоқиды. Арийлер жа­ң­а топыраққа көп құдайды дә­ріптеген тайпалық құдайлар жо­расымен келді, ал тайпалық құдайлар элам-дравидтіктердің өздерінде де жеткілікті еді. Ал сәулет өнері, жазу-сызу болса, шарықтап тұрған. Арийлердің дөрекі қара күштен басқа элам-дравидтерге үйреткені шамалы. Қалай дегенмен де, неше ға­сыр­ларға созылған алапат жау­гер­­шілік салдарынан түркі­лер те­ріс­тік және орталық Үндістан­ды арийлерге қалдыруға мәжбүр бол­ғандарымен, Үнді өзені бойы, оң­түстік өлкелер мен су жолы қа­рым-қатынас тамыры теңіз жа­ға­лау­ларын бермеді.

Арийлер келіп жайғасқан Ганг өзені алқабында Анга, Магадха, Вриджи, Каши, Кошала, Панчала, Ватса, Куру құлиеленушілік мем­­лекеттері пайда болды. Осы бектіктердің күшімен ари­й­­лер жер­гілікті халыққа өз құ­дай­ла­рын күшпен таңуға ден қой­ғанда, оған қарсылық ре­тін­­де будда діни үрдісі пайда бол­ды. Арийлер жергілікті ха­лық­қа сіңіп жұтылып кетпеу үшін, ха­лық­тарды бір-бірімен жа­қын­дас­тырмай, оқшаулап ұстау мақ­сатымен касталарға бөліну жү­йе­сін өмірге енгізді. Ол қазірге де­йін үнді халықтарының басын бі­рікт­ірмейтін сорға айналып отыр.

Орал тауларынан ауып келген арийлер зорлық-зомбылығына әс­кери күшпен қарсы тұрған да, олардың рухани қысымдарына қар­с­ылық көрсеткен де дравид түр­­кілері. Олар келімсек арий­лерге есе жібере қойған жоқ. Үндістандағы ең іргелі мем­ле­кеттік құрылым Дели Сұлтан­ды­­ғы дравид түркілерінің тарихи ота­нында құрылды. Бұл мемлекет 1206-1526 жылдар аралығында жа­сады. Оның алғашқы билеу­ші­­лері Шығыс Ауғанстанда Са­бук­тегін құрған Ғазнеуи хан­дығының өкілдері еді. Ұзамай сұлтандық тізгіні қыпшақтың елбөрі руынан шыққан Шамс-ад-Дин Мұзаффар Елтұтмыштың қолына көшті. Оның ұшса –қанаты, қонса құйрығы 40-қа жуық қыпшақ әмірлері тақты ті­реп тұрды. Әлемнің әйгілі та­рих­­шыларының бірі, белгілі «Тахабат-и-Насри» еңбегінің авто­ры Джузжани оның қол ас­тында қади міндетін атқарып, еңбек­терін жазды. Елтұтмыш шек­сіз әділеттілігімен, кез кел­ген алдына жүгіне алатын қа­ра­пайымдығымен ерек­ше­лен­ді. Елтұтмыштан кейін сұл­тан­­дық­ты қызы Разия-қатун би­леді (Қыдырбаев А.Ш. За пределами великой степи. Алматы, 1997. 61 – 79 с.). Бұл әулет – «Шам­сия әулеті» атанып, үздік-соз­ды­ғымен 1320 жылдарға дейін ел тізгінін қолда ұстады. Олардан кейін билік басына «Тұғылық әулеті» келді.

Үндістан жерінде орта­азия­лық түркілер құрған сұлтандық не себепті өзінің кіндік ордасына Дели қаласын таңдады? Асылы, жер­гілікті дравид түркілеріне арқа таңуды көздегендері болса керек. Әрине, біз қазір сұлтандық бас­шылығы мен жергілікті түркі өкіл­дері арасындағы қарым-қа­тынас қандай дәрежеде болғанын ашып айта алмаймыз. Тек, Разия-қатун тұсында жергілікті эфиоп нәсілінен Мәлік Жамал-ад-Дин Якут Хабашидің сұлтандықтың беклербегі дәрежесіне дейін кө­те­­рілгені туралы мәлімет сақ­тал­ған. Сондай-ақ, жергілікті мұсылмандар жетекшісі Нұри-түрік дегеннің сұлтандыққа қар­сы көтеріліс ұйымдастырғаны ту­ралы да дерек бар. Қалай дегенмен де, барлық мемлекеттердегі сияқты билік пен қара халық арасы май ішкендей мамыра-жай болмаған.

Әнес САРАЙ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар