• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

«Қазақтелекомның» Оксанасы...

337 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы Асхат Күзеков басқаратын «Қазақ­те­леком» акционерлік  қоғамының зәулім ғимаратына  табалдырық аттап кіргеннен-ақ, «Сәлеметсіз бе, кімге келдіңіз», деп күзет қызметін атқаратын жігіттер қарсы алып, ілтипат көрсетіп жатады. Кәдімгі қазақы сөзбен айтқанда, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына келгенде қазақ тілінің иісі аңқып тұрады деуге болады. Әр басқарма бас­шы­сы А.Күзеков сияқты туған тілімізге осылай жанашыр бола білсе, қандай ғанибет. Ал, енді осы қоғамның қа­былдау бөлме­сіне телефон шала қалсаңыз: – «Қазақтелеком», қабылдау бөлмесі. Сізді Оксана тыңдап тұр», – деген жауап естисіз. – Оксана дейсің бе? Сен орыс­тың қызы сияқтысың, қалай қазақ­ша жақсы сөйлейсің? – дей қалсаң: – Жоқ, мен орыс емеспін, ук­раин қызымын, – деп күле жауап береді. Мен де Оксанамен осылай қабылдау бөлмесіне телефон шаламын деп танысқанмын. Енді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай  Оксана ту­ралы мақала жазғанды жөн көріп, онымен хабарластым. – Кездесіп, сөйлесейік дейсіз бе? Жарайды, қазір, кешіріңіз, – деп тұрып қалды. Қабылдау бөл­месі болған соң, белгілі ғой, ты­ным­сыз телефон соғылып жатады. – Ой құдайым-ай, кешіріңіз, жарайды, сол сіз айтқан жерге жұмыстан соң келейін, – деді Оксана бізге. Бір байқағаным, әдеті болып кеткен бе, ылғи да қазақшалап «о, құдайым-ай» деген сөзді жиі айтады екен. – Енді ауылда үлкен кісілер ылғи да солай  деп жатады ғой. Бала кезден құлағымызға сіңіп кеткен сөз, сондықтан өзінен-өзі тілге оралып, ауызға түсе береді, – дейді Оксана. – Мен алыстағы ауылда туып-өстім, әке-шешем қа­зір де сонда, Шарбақты ауда­нындағы Галкин деген ауылда тұ­рып жатыр. Мен олардың жал­ғыз қызымын. Анасы Надежда ауылдағы мек­тепте мұғалім, математика пә­нінен сабақ берсе, әкесі Николай үйде мал, құс бар дегендей, өзі жеке шаруашылықпен айна­лысады екен. Оксана өскен ауыл дәл орманның шетінде, тіпті ор­манның ішінде тұр десе болады, жылда өрт шығып, жұртшы­лық­ты мазалайтын облыстағы Шалдай орман белдеулері, міне, осы Оксана  туған ауылды орап өтеді. Ауылдың балалары улап-шулап осы орман, қалың ағаш ішінде балалық  күндерін өткізеді. – Мен 1996 жылы ауылдағы мектептің  қазақ сыныбына оқуға бардым. Орыс сынып­та­ры да бол­ды, бірақ, мені ата-анам, өзім де қарсы болмай,  қазақша оқуға келісім бердім. Ол жылдары қазақ­ша  мектепке бару деген әлі бастала қоймаған еді ғой, бірақ біз­дің отбасымыздың таңдауы осы­лай болды. Ауылдағы мектепте білім берген ұстаздарым Балжан Ахатқызы, Дәурен Нұрпейісұлы, Алмагүл Әбденоваға ризамын. Олар білім берумен қатар, қазақ тілін үйреніп шығуыма үлкен үлестерін қосты. Бірге оқыған барлық сыныптастарым да маған түсіністікпен қарады. Сөйтіп, мен 2005 жылы осы  мектепті то­лықтай қазақша бітіріп шықтым,  – дейді Оксана. Содан облыс орталығындағы Инновациялық Еуразия универ­ситетінің студенті атанады. Университетке оқуға да қазақ бө­лі­міне түседі. Орман ішінде, ауыл­да, табиғатқа жақын өскен қыз анасы сияқты мұғалім болуды  армандап, биолог мамандығын таңдапты. Өмір деген осындай, өзің ойлағандай болмай, өз сый­ын ұсынады екен. Сол жоғары оқу орнында оқып жүргенде-ақ, Оксананың көзге түскені студент қыздың қазақ тілін жетік біліп, кәдімгі қазақтардай сөйлейтіні болыпты. Оған сонысы үшін де  курстастары да, оқытушылары да қатты қызығып, сүйсінеді екен. Өз тілдерінде сөйлегісі келмей,  «орысшалап» кететін дос-жаран­дары да көккөз қыздың қазақ тілінде сөйлеп жүргенін көріп,  өз тілдеріне құрметпен қарайтын дәрежеге жетіпті. Содан, Оксананы бәрі біліп, көпке  үлгі ете бастайды. Қазақ тілінде болатын байқау-жарыс­тарға, «Мемлекеттік тіл – елдің бірлігі» атты республикалық деңгейде өтетін конкурстарға шақырылады. – Ал, Асхат Сәйфіұлы  осын­дай жауапкершілігі мол қызметке шақырғанда, әрине, ойланбастан келдім. Расында да, бұл жерде екі тілді білетін, орыс-қазаққа бір­дей жауап беріп, сөйлей ала­тын, жаза алатын адамның бол­ғаны қажет екенін түсіндім. Әрі мен сияқты көккөз  қыздың қазақ тілінде қазақтардай ағып сөйлеп тұрғаны, өзге ұлт өкіл­деріне, тіпті, кейбір қазақ жас­тарының өздеріне де ой сала­тыны анық. Әріптестерімнің ара­сында қазір қазақ тілін кеш те болса үйренуге құлық танытып жүр­ген­дер аз емес. Мыса­лы, біздің байланыс қызметте­рі­міз қазір қа­зақша сөйлей бастады.Тілдерін сындырып  болса да қазір біздің «Қа­зақтелекомның» қыз­меттері орыс тілімен қатар, мемлекеттік тілге көшті. Қайда, қандай қызмет жасасам да мен қазақ тілін біліп, жазып, сөйлеп тұрғанда биікте тұрғандай сезінемін. Өйткені, мен өзім тұрып өмір сүріп жат­қан елдің тілін білемін. Бұл – бақыт қой, – дейді Оксана. – Жалпы, біздің Асхат аға Сәй­фіұлы басқаратын  ұжымда менен басқа да қазақша сөйлей­тін өзге ұлт өкілдері аз емес. Көпшілігі қазақ тілін үйрену курстарына қатысады. Мысалы, біздің Олег Ткаченко мен қарын­дасы Алена украиндар. Олар қазақша майын тамызып сөйле­генде таңқаласыз. Олегтің әйелі Әйгерім – қазақтың қызы, Арлан деген ұлдары бар. Олег Баян­ауылда өскен, әрине, ондай ғажап жерде өскен адамдар қалай қазақша білмесін. Керісінше, Әйгерімге Олег қазақша үйре­те­тін сияқты. Өзіңіз білесіз, ара­мызда қазақ тілінде, яғни өз ана тілінде сөйлегісі келмейтін қыз-жігіттер әлі аз емес. Өкінішті-ақ!  Бізді әке-шешеміз қазақтың жерінде туып-өскен соң, тағды­рымыз, бүкіл өміріміз енді осы жерде өтетінін білген соң, қа­зақша білсін деп қазақша  оқыт­ты. Біз одан кем болған жоқпыз, керісінше, өмір сүріп отырған қазақ мемлекетінің тілін білгенімізді мақтаныш етеміз, – дейді Оксана. Сөйтіп, Оксана екеуміздің шағын әңгімеміз осылай аяқ­талды. Қоштасарда мен одан газет бетіне шығатын сурет сұра­дым. Екеуміз газетке лайық қан­дай сурет бар деп қарай бас­тадық. Солардың арасында  бір жігітпен түскен  суреті бар екен. – Ал, мына жігіт кім? – дедім күліп. – Иә, ол қазақтың жігіті, менің болашақта тұрмысқа шы­ғайын деп жүрген адамым, аты – Асылан, – деді Оксана. – Екеу­міздің де ата-аналарымыз шет жағасын біледі, сондықтан отбасын құруға алдағы уақытта барлығы да тілектес болады деп ойлаймын. Біз де жастарға сәттілік, махаббат тіледік. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. -------------------------------- Суретте: Оксана Логвиненко.