Жергілікті жерлер мәселелерінің шешімі сол өңірден шыққан депутаттардың белсенділігіне байланысты. Мұндай белсенділік ең алдымен депутаттық сауалдарда көрініс тауып, олар Үкіметте, басқа да мемлекеттік органдарда талқыланып жатады. Сондай сауалдардың бірін Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Б.Жылқышиев бастаған, О.Рахменбердиев пен Қ.Айтаханов құрамында бар бір топ депутат Премьер-Министрдің атына жолдаған еді.
Депутаттық сауалда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт және Шардара аудандары туралы айтылады. Аталған аудандардағы елді мекендерде темір жол жүйелері жүргізілмеген. Соған байланысты бұл аудандар халқы қысқы отынды уақтылы ала алмайды екен. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, екі аудан халқын газбен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешіліп, ол қазіргі күнде жүзеге асуда. Оған қажетті жобалық-сметалық құжаттар толық дайын болып, құрылыс тиісті орган тарапынан бекітіліп те қойылыпты. Алайда ендігі мәселе – сол құрылыс жұмыстарына қаржы бөлгізу. Осыған орай сенаторлар нысандар құрылысына 2011 жылы Республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаржы бөлуге ықпал етуді сұраған. Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарына газ құбырларын жүргізу жобаларын қаржыландыруға қатысты депутаттық сауалға Үкімет басшысы төмендегіше жауап беріпті.
Кәрім Мәсімовтің сөзінен белгілі болғандай, Мұнай және газ министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданын газдандыру жобалары бойынша құжаттардың толық пакетін және салалық сараптаманың оң қорытындысын 2011 жылғы 8 ақпандағы №11-02-459 хатпен, кейіннен 2011 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарастыру үшін Қаржы министрлігіне тапсырған. Алайда 2011 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде Республикалық бюджет комиссиясы отырысында қолдау таппаған. Есесіне аталған облыстың Қазығұрт ауданын газдандыру бойынша инвестициялық жоба қазіргі кезде қарастырылып жатқаны айтылған. Жауапта Мұнай және газ министрлігінің салалық сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін аталған жоба Қаржы министрлігіне ұсынылатын, 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларды қалыптастыру кезінде қаралатыны да көлденең тартылыпты. Қалай болған күнде аталған облысқа қарасты Шардара мен Қазығұрт аудандарында табиғи отынның жоқтығы және мұнда халықтың тығыз шоғырлануы газ құбырларын тартудың қажеттігін дәлелдеуді қажет етпесе керек.
Депутаттардың көтеріп отырғаны да осы мәселе. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобалар құрамына еніп жатса, құба құп болар еді. Бұл аталған екі ауданның өркендеуіне, тұрғындар жағдайының жақсаруына мүмкіндік туғызар еді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.