Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рхани жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласы бүкіл байтағымызға жан-жақты талқыланып, небір ойлар қозғалып, парасатты пікірлер білдіріліп жатыр.
Тіпті дүниежүзілік деңгейде де бұл қасиеті қат-қабат құжат ұлттық жаңғырудың үлгісі, Қазақстанға ғана тән өзіндік жолдың өнегесі ретінде жоғары бағалана бастады.
Жақында ғана Ордабасы тауының биігінде біршама уақыт ой кешіп жүрудің сәті түсті. Облысқа келгелі көкейімізде еді. Ордабасы бағзыдан-ақ Бірлік биігі атанған. Сақ, түркі дәуірлерінің бедерлері бәдізделіп қалған. Өкінішке қарай, қорғандар қиратылып, қорымдар тоналған. Басқыншылар бүлдірген. Отаршылдар ойрандаған. Бәлкім, бірталай «Алтын адамдарымыз» қараулардың қанжығасында кете барды.
Бұл тауда Ақтабан шұбырындының үшінші жылында, 1726 жылғы сәуірде үш данагөйіміз Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің әрекеттері арқасында Бірлік жиыны өтіп, азаттық жолындағы рух туы көтеріліп, алаш бостандығы аттаныс басталған.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Ордабасыда,, Тәуелсіздіктің үшінші жылында, көк желекті көктемде өз бастамасымен ұйымдастырылған ұлы жиында «Береке басы - бірлік» баяндамасын жасаған. Тұтасу тойы аталған үш елдің президенттері, жиырмашақты мемлекеттің делегациялары, Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларынан, аудандары мен ауылдарынан арман-аңсарларын аялай жеткен жұрт-жиынтығы жүз елу мыңға жуық адам қатысқан Бірлік басқосуы Тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан қадамын нықтай түскен еді.
Мемлекет басшысы Ордабасы биігіндегі баяндамасында: «Бізді бұл киелі төрге арманды тілек, елім деген перзенттік жүрек алып келіп отыр. Біздің де айлағанымыз-бірлік. Біздің де аңсарымыз-еліміздің көсегесінің көгергені, дәулетті де сәулетті өмір сүргені. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би заманындағы басты мақсат – бұл қазақтың бірлігі болса, бүгінгі мақсат та дәл сол. Жалғыз-ақ айырмасы - қасиетті бабаларымыз баын қосып берген қазақ халқы енді бүкіл Қазақстан халқының бірлігіне ұйытқы болуға тиіс. Береке басы-бірлік. Бірлігіміз берік болса, болашағымыз баянды болары сөзсіз», деген болатын.
«Береке басы – бірлік» баяндамасында Елбасы «Ордабасыға оралу-Отаншылдық рухымыздың жаңғыруы», дейді. Байқап қарасақ, Көшбасшымыз рух жаңғыруы хақында осы Ордабасы да сөз қозғап, ой салытты. Бірлік биігіндегі, өзі Тәуелсіздік туын желбірете көтерген Тутөбе түбіндегі текті сөздер мен толғамды ойлары кейінгі көптеген кітаптарында, мақалаларында үнемі үйлесімді үндесіп, жарасымды жалғасып, кеңейіп, тереңдеп, биіктеп байыпталады.
Ордабасыдағы орасан зор, ұлттық ұлы жиынның жалғасы ретінде Ұлытауда да ұлағатты басқосу өткізген Президент тағы да ұлтшілік және ұлтаралық татулық, ата-бабалар аманат еткен ынтымақ туралы толғанып, рух пен елдік және ерлік жөнінде тебіренді.
Арада он жыл өткенде елімізде «Мәдени мұра» мұраттары жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысы: «Мәдениет-ұлт келбетінің, оның жанының, ақыл-ойы мен бекзаттығының көрінісі. Өркениетті халық өзз тарихының даму барысын, мәдениетінің ілгерлегенін, елінің даңқын шығарып, ақыл-ойдың, өнердің әлемдік жетістіктерінің алтын қорына зор үлес қосқан ұлы адамдарын мақтаныш етеді. Ұлт осы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері арқылы танылады», деді.
Бұрынырақтағы «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Қазақстан жолы» сияқты бірқатар кітаптарында негізінен экономикалық саясаттың мәселелері мәністеле тұраб бәрібір ұлттық рух пен намыс ұлықталады. «Өмір өткелдері» сұхбат кітабында рухани терең тебіреністерге толы. Бірер жыл бұрынғы Ұлытауда өткен сыр-сұхбатында да, былтырғы күз айларында жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттарында» да қазіргі күндері Қазақ елі тұтастай дерлік ден қойып, қызу талқылап жатқан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының нағыз негіздері тұнып тұр.
Жалпы айтайын дегеніміз – Елбасымыздың еңбектеріндегі жасампаздық жалғастығына, жүрек дүрсіліндей жүйелікке қайран қаласың. «Ел болу үшін, ең алдыменен, ұлттық рух, ұлттық қасиеттерді мемлекеттік саясат ретінде ұстанамыз және оны әркез мақтан етеміз», дейді «Ұлы Дала ұлағаттары» туындысында.
Елім, жерім, Отаным, Қазақстаным деп жан-жүрегімен шын ұғынып,шынайы сезінетін, ұлтын қасиет тұтатын әрбір жан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» туындысымен тыныстауда десек, асыра айтқандық емес. Президентіміз жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаһандық бәсекеге қабілеттілікке, озық отыз елдің қатарына қосылуға апаратынын айқындады. Үшінші жаңғыру үдерістерінің мақсаттары мен міндеттерін көрегендікпен нақтылаған Көшбасшымыз енді,міне, рухани жаңғырудың Жолдауын жариялап, сәулесі бар саналарды дүр сілкіндіріп, серпіліс тудырып отыр.
«Жаңғыру атаулы бұрыңғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заман сырынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың алғы шарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деп жазылған мақалада.
Президент XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы талдамасының алдында жер жүзіндегі өзгерістерге, түсінікті-түсініксіз күрделі құбылыстарға шол жасайды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, нық түйістіру мүлде мүмкін еместігін екшейді.
Текті жұрттардың тарихи тамырларынан бастау алатын рухани коды туралы айта келіп, Елбасымыз: «Жаңа тұрпатты, жаңғырудың ең басты шарты-сол ұлттық кодыңды сақтай білу.
Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойындағы жақсы жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі күні тартып, тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық»,-дейді.
Тәуелсіздік алғалы бері көп жағдайларда саясаткерлердің зиялылардың ардагерлердің арасында идеология туралы небір пікірлердің айтылып та жазылып та жүргені белгілі. «Бізде идеология жасалмады», «Идеологиямыз нашар» «Идеология жоқ» деуге дейін баратындар, бұрыңғы қасаң қағидаларды қайталай «қайғыратындар» аз емес. Мемлекет басшысы мұндай көзқарастардың да негізсіздігін дәлелдеп, өткір жауап береді.
«Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады. Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры с түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы-коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді», дейді Президентіміз.
Мемлекет басшысы меңзегендей, бүгінде радикалды идеологиялар ғасырының келмеске кеткенін, алайда олардың қауіпті қалдықтары мен сырқатты сарқыншақтары саналарды сарсылтып келе жатқанын ұмытпай, ұлағатты ұмтылыстар мен сергек серпілістерге басымдық беруіміз керек. Енді Елбасымыз ерекшелегендей, аса айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар қажет. Ең бастысы, олар елдің, қоғамның, адамдардың мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Осыларды ой-саналарға орнықтырууды берік ұстанатын Ұлт Көшбасшысы реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайтынына, барлық іс-әрекеттер мен тыныс- тіршіліктің негізгі арқауы етудің маңыздылығына ерекше екпін түсіреді.
Прагматизм хақында парасатты ойларын оймыштай ортаға салған Елбасы былай деді: «Прагматизм-өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».
Көргенділік, тектілік, жоғары жауапкершілік, сондай-ақ обал, сауап, ұят сынды киелі ұғымдар, қанағатшылдық пен қарапайымдылық қасиеттер сана сапасына тікелей қатысты. Осынау ұлағатты ұғымдар мен қымбат қасиеттерді біздің асыл ата- бабаларымыз ғасырлар бойы берік ұстанып, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып отырған. Біреулер әдейілеп, әзәзілденіп, арасына сына қағып, сызат түсіруге тырысатын дін мен дәстүріміздің таңғаларлықтай үйлесетіні де біздің ұлттық кодымыздың о бастағы негіздерінің мықтылығында. Өкінішке қарай, көп нәрселерден айырылдық немесеажырап қала жаздадық. Талай-талай тектілік тұрпаттарымызды бұрыңлатып, күңгірттендіріп алдық.
Ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстік Қазақстан өңірінде өзіндік өрелі де өрісті өзгешеліктер аз емес. Елбасымыз: «Оңтүстікте бақ-береке, бірлік пен ынтымақ болса, бүкіл байтағымызда бақ-береке, бірлік пен ынтымақ болады», деген. Келеген сайын жылы жақтағы жақсылықтарды жіті байқап, жылы пікірлерін білдіреді, әсіресе жұрттың ұмтылысын, ерекше еңбексүйгіштігін сүйсіне айтады. Сонымен қатар, кейбір кемшіліктерді де әзілге сүйеп сынап көрсетеді.
Оңтүстікте, облыс орталығында, барлық аудандар мен ауылдарда тойханалар, салтанат сарайлары, мейрамханалар өте көп. Бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ, мемлекет басшысының мақаласында нақ-нақ аталғандай, ысырапшылдық, астамшылық, орынсыз сән-салтанат, даңғазалық, кердеңдік сияқты толып жатқан еселдер дертке айналғаны да рас. Тіпті тоғышарлықтың топастануға тұтасып, баттасып бара жатқан жағдайлары да жоқ емес.
Ия, қатты-қатты ойланатын, ойланып қана қоймай қоғам болып, әрбіріміз және баршамыз болып қолға алатын, дауасын тауып, тезірек емдейтін дерттер аз емес. Ең алдымен ұлттық санамыз сапалы жақтарын ұлы мұра ретінде қастерлеуіміз керек.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтымыздың қасиет пен өсиетті қадірлейтінін, халқымыздың қай алсақ та, олардан тек үлгі мен өнеге, ақыл мен парасат, адамгершілік пен иман, достық пен бауырмалдық айқын көрініп, анық танылатынын бұған дейінгі бірнеше еңбектерінде ерекшелеп көрсеткен. Міне, сол ұлттық ұлы мұраларды ұлықтай отырып, бүгінгі әлемнің озық жаңалықтарын жатырқамай меңгеріп, ауруларымызды жасырмай, кеселдерден жедел арылуға тиіспіз. Арылу үшін ұлттық салт-дәстүрлеріміздің, тіліміз бен музыкамыздың, әдебиетіміздің, яғни ұлттық рухымыздың жаңғыруына сөз жүзінде емес, іс жүзінде жетуіміз қажет. Біздің өңірдегі басқосуларда, талқылауға арналған түрлі жиындарда, кездесулерде тек сөздарлыққа салына бермей, нақтылы істермен, бастамалармен өнеге өрістету туралы айтылуда. Тойлардың өзінде түбегейлі өзгертуге, жаңғыртуға болады. Ол үшін тың бастамалар да, сондай-ақ заңдық негіздер де керек.
Мәселен, осы өте көп сөз етілетін той-томалақтар жөнінде өзгелерден үйренуге болады. Әрине, қазақ тойларының таңғажайып жақтарыы, ұлттық салт-дәстүрлерге негізделген қайталанбас қасиеттері аз емес. Алайда, ысырапшылдық, астамшылық, даңғазалық секілдерден арылуда алысқа бармай-ақ намыстанбай-ақ, өзбектерден өнеге алу керек. Заңдық жағдамттар бойынша да адам шақыруды шектеу, уақытылы бастап, түнгі сағат он бірден кейін тойларды тежеу туралы өзбек, тәжік бауырлардан тікелей көшіріп алмасақ та, арнайы заң қабылдауды ойластырған абзал-ау.
Мақаланың бірінші тарауындағы «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде де Елбасымыз ұлтымыздың ұлағаттылығын мәністейді. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу біздің қанымызда бар қасиет екенін ерекше көрсетеді. Тәуелсіздік жылдарында «Болашақтан» бастап, бәсекеге қабілеттілік мақсатында мерейлі істер атқарылғанын аңғартады. Білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс екенін алға тартып, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететініне баса назар аударады. Мақалада айтылғандай, әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгіілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау – үлкен үрдіс.
Білім беру саласыында Оңтүстік Қазақстан облысында қол жеткен табыстар баршылық. Өкінішке қарай, қордаланып қалған кемшіліктер көбірек. Президентіміздің тапсырмасына, рухани жаңғыру туралы туындысында межеленген міндеттерге сәйкес соны серпілістер жасауымыз керек.
Елбасы өз еңбегінің бесінші бөлімінде XX ғасырдағы алапат аласапырандағы ойрандар мен төңкерілістерге, сырттан таңылған сорақылықтарға тоқталады. «Өткен XX ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды», дейді Президентіміз. Сөйтіп, ұлттық дамуымыздың өзімізге тән жолы, біржола күйретілгенін, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылғанын, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалып, оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келе жатқанын, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздағанын, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналғанын жаны ауыра жазған.
Әрине, өткен ғасырдың бірқатар игіліктері болғанын да бағалап, бағамдай келе индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын жаңғырулар қатарына жатқызады. «Бірақ, бұл - ұлттық емес, аумақтың жаңғыруы еді», дейді Елбасшымыз. Бізге революциялық емес, эволюциялық даму жолдары тән екенін талдап, революциялардың әлі де өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылғанынан сақтандырады.
Сананың ашықтығы хақында ашық айтады. Халықаралық тәжірибелер тағылымына тоқталады. «Өзіндікі ғана таңсық, өзгенікі-қаңсық» деп кері тастай, өзгелердің табыстарынан үйрену, озық жетістіктерді қабылдай білу өрлеудің кілті екенін қолға ұстатқандай көрсеткен.
Екінші тараудағы алты міндеттің аса айқын қойылуы айрықша. Не істеу керектігін нақтылауы бөлекше. Күтілетін нәтижелерді де талдап берген. Осы мақалаға орай, Мемлекет басшысы еліміздің көрнекті жазушылары Бексұлтан Нұржекеевті, Дулат Исабековті, Смағұл Елубаевты қабылдап, емін-еркін сұхбат құрды. Бірталай мәселелер ашық қозғалды. Латын әліпбиіне көшу жөнінде зиялылар зиятты пікірлер, ұтырлы ұсыныстар білдірді. Шынында да қазақ тілінің қолданылуында, грамматикалық, емлелік ережелерінде, дыбыстық жазылу және айтылу заңдылықтарында көптеген кемшіліктер бар. Олар кезінде кириллицага көшуге байланысты жосықсыз,жөнсіз жіберіліп, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы тілдік тектілік дәстүрлерін бұзумен келеді. Етіміз өліп, бетіміз шыдап, тіліміз әбден үйреніп кеткендіктен, сырттай қарағанда бәрі дұрыс секілді сезіледі. Бірақ, талай жағдаяттарды жөндеп, ұлттық тілдің заңдылықтарын қазақы қалпына келтіріп, кириллицалық әліпби салған әлектерден батыл арылып, артық-ауыс қаріптерді азайтып, жазылу мен айтылудағы ағаттықтарды латын әліпбиіне көшу арқылы тезете білсек, кәнеки. Бұл мақсатқа жету үшін тіл мен әдебиет салаларының ғалымдары, ұстаздар қауымы, әрине, ақын-жазушылар, журналистер шынайы белсенділік, білімділік пен біліктілік көрсетіп, аянбай тер төгуге тиіс.
Ономастика жөнінде де Оңтүстікте өзіндік өзекті мәселелер жоқ дей алмаймыз. Бұл мәселеде асығуға да, кешігуге де болмайды. Небір үлкен, кең, ұзын көшелер әлде-кімдерге беріліп кеткен, ал албырт шағы да, кемелденген кезеңі де, өмірінің соңы да осында өткен хандардың ханы Абылай атамызға жарытымды көше бұйырмаған.
«Туған жер» бағдарламасы бойынша біз тиісті жобалар жасауға кірістік. Өткен жылы облысымызға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ірі-ірі бизнесмендер, бұрынғы және қазіргі басшылар, ғалымдар, ақын-жазушылар өнер қайраткерлері, тағы басқалар бар – барлығы екі жүздей түлектерімізді жинап, «Туған жерді түлету-перзенттік парыз» атты айтулы жиын өткізгенбіз. Сол басқосудың тәжірибесін Елбасы мақаласына сәйкес дамытып, жетілдіріп, жаңғыртамыз. Қазақстанымыздың қасиетті, киелі жерлері туралы айтқанда, Отырар, Түркістан, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт, Қаратау, Созақ, тағы басқалары қай-қандай патриоттық да көз алдынан тізіліп өте бастайтыны түсінікті.
Елбасының біздің облыстағы Түркістанды ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар қатарында арнайы атап жазды. Биыл «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шаралары жан-жақты қанат жайған. ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асыруда. Бұл құрметке алғаш Астана қаласы одан кейін Түркияның Ескішаһар, татарстанның Қазан, Түркіменстанның Мары, Әзірбайжанның Шеки қалалары ие болғаны белгілі. «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасын неғұрлым мәнді де мазмұнды, тағылымы мол сапада атқару мақсатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және біздің облыстың басшылығы, тиісті мекемелері мен ұйымдары, бүкіл жұртшылығы жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Мерекенің ашылу салтанаты Түркі дүниесінің текті төрі Түркістанда Әз Наурыз мерекесімен бірге өтті. Оған 15 мемлекеттеді 25-ке жуық түркітілдес ұлттардан 300-ге жуық мейман, байтағымыздың барлық өңірлерінен өкілдер қатысты. Елбасымыздың бастамалары осылайша өзінің өрісті жемісін беруде.
Түркияны түлеткен, батыл реформаларды жүзелеген Ататүрік «Бізге ештеңенің де керегі жоқ, бізге тек ұмтылыс керек», деген екен. Жұртының селқостанған, саналардың сүлесоқтанған жағдаяттарын байқап, арыл керектігін аңдап. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бізге бәрінен де бірлік пен ынтымақ керек», дейді. Себебі қазақ үшін, қазақстандықтар үшін Мәңгілік Елдің мәңгілік стратегиясы – бірлік пен ынтымақ. Ата-бабалар аманаты да осы. Татулық тұғыры тұрақтылықты сақтап, жаңа жағдайда жаңғырмасақ, өзгермесек, санадағы сарқыншақ қоқыстардан құтылмасақ, Елбасы мақаласында айтылғандай, тарихтың шаңына көшіліп қалуымыз мүмкін.
Ия, бүкіл еліміз ерекше жағдайда. Жаңғыруға деген ұмтылыс та, құлшыныс та оянуда. Сана сапасы серпілісте. Сол серпілістің күшейе түспегі, жеңістері мен жемістері жүйелі болмағы, ұзағынан сүйіндірмегі лязім. Баршамыз сөз бен істің бірлігіне, нақтылы нәтижелерге ұмтылайық.
Жансейіт Түймебаев,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі