Қызметтен тәрбиеленетін ел басқару – әркімнің-ақ қолынан келеді, өнерпаз болу – Алладан. Ол – Алланың елін, жұртын жалпақ жалғанға таныту үшін жаратқан тұлғасы. Тұлғаларды сақтау, қолдау керек!
Мұстафа Кемал Ататүрік
Таңғажайып ел – Бутан Королдігінде әлемдегі жалғыз министрлік – Бақыт министрлігі бар. «Сонда қалай, осындайда министрлік бола ма екен?» деп миығынан күліп, мысқылдайтындар да болуы ғажап емес. Оларға айтар уәжіміз: мәдениетті басқаруға болғанда, бақытқа бағдаршам болып, болысуға неге болмайды? Күндердің күнінде еңселі елімізде сондай бір бекзат министрлік құрыла қалса, иә болмаса, бүгінде биліктің биік баспалдағында жүрген жақсы мен жайсаң бір ақыл жақсы, екеу болса бекем боладыға бекінсе, құдайға шүкір, қай мықтыға да сүйеу болар, өмірде көпті көріп, көкірегіне көпті түйген қазына қарттар баршылық қазақта. Солардың бірі – бүгінде тоқсан бес жасқа толған, мерейтойын бүтін ел болып тойлап жатқан айғақты (деректі) киноның атасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ораз Әбішев десек, 1916 жылы бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданының Қайнар ауылында өмірге келген ол тегін кісі емес, тектілер тұқымынан. Әкесі Әбіш заманында Абыралы, Қу аудандарында болыс болған, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қарқаралы уездік сотында жауапты қызметтер істеген, кейінірек Семей қаласында адвокат болған, заңға ғана бағынған, тек әділдікке табынған, мықтылардан ықпаған, ерлік туын жықпаған, елге сыйлы, халыққа аса қадірлі азамат болыпты. Анасы Зағипа музыкалық аспаптарды еркін игерген, әнші әрі халықтың салт-дәстүрі мен тарихына жетік зерделі жан екен. Әншілігіне қоса алымды актер болған туған ағасы Нұрмұхамбет Әбішев Сергей Эйзенштейіннің әйгілі «Иван Грозный» фильміне де түсіпті. Осындай өнерлі ортадан түлеп ұшқан Ораз еңбек жолын қазақ музыка театрында әнші болып бастап, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев сынды сахна саңлақтарымен иықтаса жүріп, «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан» т.б. операларда бірқатар бейнелерді мінсіз мүсіндегені жайында өнер тарихын зерттеуші, белгілі ғалым Нәзира Рахыманқызы жеріне жеткізе жазды. Бүкілодақтық кинематографистер институтының (ВГИК) режиссерлік факультетінде оқи жүріп «Райхан» фильмінің режиссері Моисей Левиннің ассистенті болған, «Мосфильм», «Ленфильм» сынды киностудияларда шеберлік мектебінен өткен Ораз Әбішев 1940 жылдан бастап деректі фильмге біржола бет бұрды.
Алыс жылға созылған тынымсыз еңбектің жемісі «Тастағы таңбалар», «Көгілдір арал», «Абсент», «Тарихпен сұхбат», «Сынақ», «Жетісу жұлдыздары», «Қалыбайдың бағы», «Жыраулар», «Аталар жолымен», т.б. тамаша деректі фильмдер десек, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаев, Талғат Бигелдинов тәрізді тарландар бейнесін сомдаған Ораз аға Әбішев еңбегіне Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Сіз түсірген шығармаларда әлемдік маңызы бар проблемалар терең философиялық пайымдаулармен өріліп отырады. 70-тен астам фильмдеріңіз бен 300-ден астам киножурналдарыңыз – осы саладағы өнімді еңбегіңіздің нақты нәтижесі. Олар келешек ұрпақтың өз өткенін танып-білуіне, ұлттық рухты шыңдауға қызмет ететін құнды қазынамыз болып қала бермек» деп аса жоғары баға берген болатын.
Кино өнерінің үлкен мектебінен өткен кірпияз талант Олжас Сүлейменов былай деп жазды: «Ораз Әбішевтің «Тастағы таңбалар» фильмін алғаш көргеннен кейін алған әсерім әлі күнге дейін есімде қалыпты. Бұл – ұлттық сананы жаңғыртқан талантты шығармамен кездесу бақытынан туған қуаныш болатын. Қазақ қоғамына үлкен серпіліс ала келген осы бір тамаша деректі шығармамен кездесу бақытынан туған қуаныш болатын. Қазақ қоғамына үлкен серпіліс ала келген осы бір тамаша деректі шығармамен рухани үндес «Ашық алақан сыры» және «Тарихпен тілдесу» фильмдерінің бірінен кейін бірі экранға шыққанын да ұмытқан жоқпын. Бұл айтулы оқиға өткен ғасырдың 60-жылдарының соңы мен 70-жылдардың басында болған еді. Сол кезеңнің қырағы «қатал» цензурасына жалтақтамай, ата-бабамыздың тарихы, өнері мен мәдениетін ежелгі ғасырлар қойнауынан аршып алып, халқына қайта ұсынған режиссердің тарапынан болған нағыз азаматтық және батыл қадам еді. Бұл – өз ұлтының тағдыры мен болашағына алаңдаушылық білдіріп, бейберекет қарамайтын үлкен жүректі тұлғаның ғана қолынан келетіні белгілі».
Қазақстанның айғақты киноөнерінің негізін салушы Ораз Әбішевтің табиғи таланты мен табанды да табысты еңбектері жайлы құрдасы Кәукен Кенжетаевтан бастап, шәкірті Сергей Әзімовке дейін талай талант тебірене қалам тербеді. «Егер қазақ көркемсуретті киносында бас тұлға, бірегей режиссер Шәкен Айманов десек, қазақ деректі киносының тұңғыш режиссері, негізін қалаушысы Ораз Әбішев деуіміз керек. Екеуінің есімі қатар, қоса аталуға тиіс. Солай болды да». Бұл кино өнерінің білгір зерттеушісі Камал Смайловтың көзі тірісінде жазғаны. Сырт көз сыншылар да Ораз Әбішев жайлы талай мәрте тамсана жазды. Мысалы, «Әрбір ұлттың маңдайында шоқ жұлдыз болып жанған өзінің біртума азаматтары болады. Қазақ халқының маңдайындағы сондай шоқ жұлдыздың бірі – менің досым, әріптесім, қадірлі Ораз Әбішев болса керек» дейді, әлемге әйгілі кинорежиссер, КСРО және Өзбекстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Мәлік Каюмов.
Өмірде есімі өзі жұмыс істеген саламен біте қайнасып, сол саланың символына айналып кеткен аса ірі тұлғалар болады. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі – Ораз Әбішев ағамыз. Деректі кино десек Ораз ағаны, Ораз аға десек деректі киноны еске аламыз. Себебі, екеуі бірінен-бірін айыруға болмайтын егіз ұғым. Ораз Әбішевтің өнері ұлттық идея мен рухқа, намысқа негізделген. Ол кісінің жасаған дүниелері қазақ халқының деректі шежіресі, яғни қазіргі заман үшін өте бағалы және бағасы ғасырлар өткен сайын арта түсетіні күмәнсіз. Өйткені, «біздің ата-бабаларымыз ХХ ғасырда қалай өмір сүрді, немен тыныстады, нені армандады» деп сұрайтын келер ұрпаққа Ораз Әбішевтің шығармалары адастырмай, анық жауап береді.
Азаматтығы, адамгершілігі жоқ адамнан таза өнер тууы да қиын. Өйткені, өнер деген адамның жанынан, жүрегінен шығады. Өнері мен өмірі біте қайнасып кеткен Ораз Әбішев шығармаларының саф алтындай салмақты, таза болуының негізгі төркінін ол кісінің табиғат берген жанының жомарттығынан, жүрегінің кеңдігінен іздеу керек. Менің есіме шөл даланы гүлдендірген «Арман аралы» деген фильмі түсіп отыр. Қарап отырсаңыз, бұл шығарма қазіргі күн үшін де өте пайдалы деген ойдамын. Ол жастарды тазалыққа, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Қазір кез келген телеарнаның түймесін басып қалсаңыз, қатыгездікті, жауыздықты, атыс-шабысты насихаттайтын дүниелер әлі күнге дейін тыйылмай келе жатқанына куә боласыз. Батыстың өзі бүгінгі таңда ондай фильмдерінен бас тартып отырған болса, біреудің қаңсығы бізге таңсық болып отыр. Олай болса, оның орнына жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін Ораз Әбішевтің деректі фильмдерін неге көрсетпеске? Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз білім адамның дұшпаны, оның басына қайғы келтіреді», – дейді. Біз әзірге жастарға білім беріп, ұлттық рухты сіңіре алмай жатырмыз. Дәл қазір келер ұрпақтың бойына өз халқын, оның өнері мен мәдениетін, туған жерін сүю сезімін ұялататын Ораз Әбішевтің фильмдерін кеңінен насихаттаудың уақыты келді.
Ораз аға жан-жағына аспандағы ай мен күндей үнсіз сәуле шашып тұрған адам. Менің білуімше, ол кісі ешкімді ренжітіп көрмеген. Осындайда Тұрмағамбет ақынның бір өлеңі еске түседі:
«Орынсыз аға-ініңді өкпелетсең,
Өкінбес олар саған өртке кетсең.
Қалады қалайда артыңда атың,
Емпеңдеп елдің атын ерттеп-өтсең», – дейді.
Ораз аға елдің атын емпеңдеп ерттеп өткен қазақтың ұлы, халқының құлы болған, жаны таңғы шықтай таза, кішіпейіл, адамгершілігін жоғалтпаған адам. Ораз Әбішевтің қарттыққа мойынсынбай, ширақ жүруінің құпиясы қайсы, сыры неде? Сол көп құпияның бірі әрі бірегейі – оның өмірге, өнерге деген құштарлығында. 95-ке келсе де Тәуелсіздік жайлы фильм түсіремін деп құлшынуы да содан. Ақсары жүзіндегі қызғылт шырай мен ойлы, мұңлы жанарынан нұрлы шуақ шашқан құштарлық оты, мейірімді сөзі, қайырымды ісі – қазына қарттың қуат көзі.
Ораз аға Әбішевке Марсель Прустың: «Құдайдың алдына барғанда не айтасыз?» деген сұрағын қойғанымда, іркілместен:
– Ата-бабамның арманы болған Тәуелсіздігімізді мәңгілік ете гөр деп тілеймін, – деді.
Сөз басында айтылған таңғажайып ел – Бутан Корольдігіндегі әлемдегі жалғыз министрлік – Бақыт министрлігінің Қазақ еліндегі іргетасы, абыз ата, аңыз адам – Ораз Әбішев айтқан осы ағалық ақ тілек емес пе? Иә, Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Бақыт пен Тәуелсіздік егіз ұғым. Сол егіз ұғымның батагөй тілекшілерінің бірі – Ораз Әбішевке мерейтой құтты, денсаулық мықты болсын, айғақ киноның абыройлы атасы дейміз.
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы.