Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстан елшілігінің хабарламасына қарағанда, аталған елдің өкілдері 4-ші Астана экономикалық форумына жоғары деңгейде қатысатын болады. Бұл мәселе Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шарифтің САК индустрия және сауда министрі Абдалла бен Ахмедпен кездесу барысында талқыланған. Абдалла бен Ахмед Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін және форумның корольдік үшін маңыздылығын ескере келе ел басшылығының үлкен делегация жіберу жөнінде ұйғарым жасағандығын мәлімдеген. Алдын-ала жасалған келісім бойынша елдің бірқатар мемлекеттік органдары мен даму қоры және ірі бизнес құрылымдарының басшылары енген делегацияны индустрия және сауда министрі Абдалла бен Ахмедтің өзі бастап келмек.
Кездесу барысында министр екі ел арасындағы сауда экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жағдайына қанағаттанғандық білдірді. Сонымен қатар, ол екі елдің үлкен әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында көп салалы қарым-қатынастар арнасын одан әрі тереңдете түсудің қажеттігін атап көрсетті. Астана экономикалық форумы міне, осы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жақсы диалог алаңы бола алар еді.
Қазақстан елшілігінің хабарлауынша, Астанада өтетін форум аясында Сауд Арабиясы индустрия және сауда министрі мен Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникациялар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың бірінші басшыларының кездесулері жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Абдалла бен Ахмед Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжановамен де кездесіп, еліміздің Бүкіләлемдік сауда ұйымына өту мәселесін талқыламақ. Доктор Абдалла бен Ахмед Қазақстанның осы мәселе жөніндегі талпыныстарына корольдік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін мәлімдеген.
Осылайша, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері арасында көшбасшы атанған ел Қазақстанмен қарым-қатынасқа түсуге үлкен ықылас танытып, Астана экономикалық форумының аясында өтетін іс-шараларға зор мән беруде.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.