Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойына және Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Ан Арыс» баспасынан ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің озық туындылары топтастырылған «Алтын қалам» сериясы жарық көрді. Оқырманға екінші рет жол тартқан серияның бұл жолғы топтамасына Төлеген Айбергенов, Тахауи Ахтанов, Әлжаппар Әбішев, Тәкен Әлімқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Қалижан Бекхожин, Оралхан Бөкеев, Хамит Ерғалиев, Ілияс Есенберлин, Сәкен Жүнісов, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Бауыржан Момышұлы, Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Әбу Сәрсенбаев, Бердібек Соқпақбаев, Әбділда Тәжібаев, Сафуан Шаймерденов, Қуандық Шаңғытбаев сынды қарымды қаламгерлердің классикалық шығармалары енген.
«Алтын қалам» кітаптарын таныстыру рәсімін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, әдебиетіміздің төрінен орын алған бұл шығармалардың осындай сериямен қайта басылуы ұлт мәдениеті үшін үлкен қуаныш екенін айта келіп, болашақта бұл үрдіс жалғасын табатынын баян етті. Бұл көзайым кітаптардың лентасын қаламгерлердің қара шаңырағында отырған аяулы жарлары Зайда (Қалижан Бекхожин), София (Жұбан Молдағалиев), Нәсіп (Жұмекен Нәжімеденов) жеңгелеріміз қиып, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Ан Арыс» баспасына алғыстарын айтты.
Сонымен қатар, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушылар ассоциациясы «Алтын қалам» сериясы бойынша қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын насихаттап, Кітап палатасындағы мұрағат қорын үздік шығармалармен толықтырғаны үшін Жазушылар одағының басқармасы мен «Ан Арыс» баспасын арнайы дипломмен марапаттады. Бұған қоса, «Ан Арыс» баспасы осы серия үшін «Ұлы Жібек жолымен» деген атпен өткен VI халықаралық кітап және баспа өнімдері жәрмеңкесі аясында «Көркем әдебиет» номинациясы бойынша диплом еншіледі. Аталған екі дипломды Кітап палатасының президенті Жанат Сейдумановтың атынан осы мекеменің өкілі Қоңыр Мұқатайқызы табыс етті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
______________________
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.