Адам болған соң оның бәрі тоқ болуға ұмтылатыны сөзсіз. Бірақ байлық пен кедейшілік, күшті мен әлсіз, арам мен адалдық, қуаныш пен қасірет, ақ пен қара жарысқан мына заманда адамның алаңсыз күй кеше алуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Өйткені, соның салдарынан адамдарда түрлі психологиялық көңіл күй пайда болады. Оған нақты мысал, қазіргі жастарымыздың арасында бойкүйездік, күйгелектік, ашушаңдық, менмендік, уайымшылдық пен қатыгездік белең алып барады. Ал анығында, мұның бәрі адамның өмір сүру барысында кездесетін келеңсіздіктерден пайда болатын психологиялық дерт көрінеді.
Мұндай психологиялық жағдай тектен-текке пайда болмайды. Әрине, адамды күйзеліске түсіретін күнделікті күйбең тіршіліктің тауқыметі аз емес қой. Дегенмен, ең басты себеп адамдар арасындағы қарым-қатынас. Себебі, қоғамда небір қиыншылықты бастан кешіп, шыныққан тәжірибелі адамдардың өзіне аяқтан шалу мен көреалмаушылық қақпаны құрылып жатқанда, өмірге енді араласып, оң мен солын әлі танымаған жастарды сүріндіру деген қиын емес.
Қолында билігі барлардың ойланбай айтқан бір ауыз сөзінен, зерделенбеген теріс шешімінен, өзім білемін деп өзеуреген қатыгез әрекетінен талай жандар қиын жағдайға тап болатыны бар. Сол қиын жағдайлардан жазықсыз жанның жаны күйіп, көкірегі шерге толады. Ал мұндай жағдайға ұшыраған жастар күйзеліске түседі. Сөйтіп, депрессияға, яғни, күйзеліске тап болған жан ауру біткенге есік ашады.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында ұлт денсаулығы жөнінде аз айтқан жоқ. Ал ұлт денсаулығы осы қоғамдық ортаға тікелей байланысты болып қала бермек. Егер әр мекемедегі ұжым арасындағы саламатты қарым-қатынас, адамдардың бір-біріне деген ниеті, көзқарасы дұрыс болмаса, ол ахуал міндетті түрде кез келген жанға теріс әсер етуі әбден мүмкін. Осыдан келіп жастар бойында жалғызсырау, жабығу, торығу, ақыры, түбегейлі құлдырау үдерісі басталады. Міне, осы жағдайды латын тілінде «депрессия» дейді. Оның салдары адамның өмірге қызығушылығын төмендетеді, көңіл күйді бұзады, жағымсыз ойларға жетелейді, белсенділігін, бар қабілет-қарымын жоғалтады.
Мұндай жаман дерт біздің ел үшін керек пе? Әрине, жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан күйзеліске ұшырайтын адамдар саны жағынан алғанда алдыңғы қатарда тұр екен.
Осындай қамығу, күйзелу салдарының соңы адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтіні айтпаса да түсінікті. Демек, суицид жағынан да көш басында неліктен, не себепті тұрғанымызды ескеріп қойған артық болмайды. Өйткені, халқының саны 18 миллионға жуықтаған еліміз үшін барлық тұрғынның 10 пайызынан астамы жан күйзелісіне ұшырауының өзі біраз жайтты аңғартады.
Күйзеліске түскен адамның күйі кететіні анық. Және оның өзге ауруларды қоздыратыны тағы анық. Жүрек жұмысы бұзылып, қан қысымы көтеріледі, ағзаның қорғаныш жүйесі нашарлап, демікпе, бүйрек, т.б. ауруларға да соқтыруы ғажап емес. Сондықтан, дәрігерлер депрессияның бірнеше түрі болатындығын айтады. Жазықсыз жаны жараланған жандар жан ауруынан тез құтылып кетсе жақсы. Өйткені, соңғы кездері жүйке ауруына ұшырағандар саны да өсіп бара жатқан көрінеді. Сол себепті, бұған алаңдаушылық білдірген кейбір шет елдерде оны әлеуметтік, ұлттық деңгейдегі мәселе ретінде қарап, мемлекеттік тұрғыда шешімін табудың жолын қарастыра бастаған.
Қазақстан да мұндай саламатты жолдан қағыс қалмауы тиіс. Ең бастысы, қызметтік, яғни қоғамдық ортада, кез келген ұжымда, үйде, түзде адамдардың бір-біріне деген ілтипатын арттырып қана қоймай, өзгенің жанын жаралайтындай жағдайдың жасалмауына барынша қолдау білдіру қажет. Сонда ғана әр адам көңілді жүріп, Қазақстаннан артық атамекен жоқтығын мақтан ететін болады.
Ал өзгенің жан-дүниесіне жүрдім-бардым қарайтын адамдарға бәрібір. Жоғарыда айтылған нақыл сөздің мәні де сонда. Ендеше, күйзеліске түсірмеудің де, ол дертті емдеудің де кілті қоғамның өзінде.
Александр Тасболатов,
«Егемен Қазақстан»