• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

Қауіпсіздік қырлары

331 рет
көрсетілді

Қауіпсіздік кеңесі хатшылары кездесуінде жан-жақты пысықталды Кеше Астанада қазақстандық тараптың төрағалығымен Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіп­сіздік кеңесі хатшыларының алтыншы кездесуі болып өтті. Атал­ған басқосуда Ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды. Кездесуге қазақстандық тараптан Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіп­сіз­дік кеңесінің хатшысы М.­Тә­жин, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі Мэн Цзяньчжу, Қырғыз Рес­пуб­ли­касы Қорғаныс кеңесінің хат­шысы – вице-премьер Ш.Атаханов, Ресей Федерациясы Қауіп­сіз­дік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары В.Булавин, Тә­жікстан Республикасы Қауіп­сіз­дік кеңесінің хатшысы А.Азимов және Өзбекстан Республи­ка­сы­ның Президенті жанындағы Ұлт­тық қауіпсіздік кеңесінің хат­шы­сы М.Атаев қатысты. Сондай-ақ кездесуде ШЫҰ Бас хатшысы М.Иманалиев пен Аймақтық ан­титеррорлық құрылымның ат­қа­рушы комитетінің директоры Д.Жұманбеков болды. Отырыста Ұйымның 10 жыл­дығына арналған ШЫҰ-ға мүше елдер Кеңесі басшыларының оты­рысына әзірлену, қауіпсіздік сала­сындағы түйткілдер, соның ішінде есірткі мен қарудың заң­сыз ай­налымына тосқауыл қою, терроризм, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күресте бірлесе әрекет ету жайы кеңінен сөз болды. Аймақтық антитеррорлық құ­ры­лым Атқарушы комитетінің ди­ректоры Д.Жұманбековтің сөзі­нен белгілі болғандай, қару-жарақ қой­­­масы мен содырлардың ба­засы бойынша 350 оқиға анық­талыпты. Бұдан басқа 320 қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар, отты қарудың 1200 данасы және 1400 кило болатын жарылғыш зат­тар тәркіленіпті. Тағы бір белгілі болғаны, іс-шаралар нәти­жесінде 70-ке тарта адам террор­лық әрекет жасаудан алшақтатыл­ған. Сонымен қатар, іздеуде жүрген 71 адам анықталып, тиісті жеріне жеткізілген. Директор осы ретте Алматы қаласында жүргі­зіл­ген мигрант операциясы нәти­жесінде Өзбекстан бас прокура­турасы іздеу салған террористік және діни экстремизммен айна­лыс­ты деген 29 күдікті елдеріне қайтарыл­ғанын атап көрсетті. Бұдан басқа ШЫҰ шеңберіндегі елдерде іздеуде жүрген 26 адам тұтқындалып, тіисті орындарға жеткізілген. Отырыста  жоғарыда аталған қыл­мыс­тармен қатар, аймақтағы тұрақтылық пен бейбіт өмірді қамтамасыз етуде нақты кепіл болып табылатын   транс­ұлттық қылмыс түрлерімен және ШЫҰ шеңберіндегі заңсыз миграциямен күресті одан әрі жандандыру барысы қуатталды. Өкінішке қарай, Ауғанстан әлі күнге аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп келеді. Тараптар осы мә­селеде тек әскери құралдармен ауғандық шиеленісті шешу мүм­кін еместігін атай келіп, Ауғанс­танда бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық мәселелерді бір­жақ­ты етіп алған дұрыс деген тоқтам жасады. Ұйым террорға қарсы оқу-жаттығумен де айна­лысып келеді. Былтыр Ресейде «Саратов: антитеррор-2010» оқу-жаттығулары өткізілсе, елімізде ол «Бейбіткерлік миссия­сы-2010» деген атаумен жүзеге асты. ШЫҰ шеңберіндегі есірткі мен психо­троптық заттардың және оның прекурсорларының заң­сыз айна­лымына тосқауыл қоюды белсенділендіре түсу тетіктері жан-жақты пысықталды. Әсіресе, тиісті заңнамалық база­ны жетілдіруге қатысты ойлар ортаға салынды. Кездесуде Астанада 2011 жыл­дың 15 маусымында өткізілуі жоспарланған ШЫҰ-ға мүше мемле­кеттер кеңесінің басшы­ларының бекітуіне ұсынылатын ШЫҰ-ға мүше елдердің 2011-2016 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стратегиясы  мен оны жүзеге асыру бағдарламаларын әзірлеу жайы сөз болды. Бұл мәселелер бойынша Қазақстан Ішкі істер министрі Қ.Қасымов пен ШЫҰ Бас хатшысы М.Иманалиев баяндама жасады. Кездесу соңынан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының алтыншы кездесуінің қорытын­дысы бойынша хаттамаға қол қойылды. Артынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.